Дəкемнің сəлемінің өзі бір төбе

Астана шаһарына іссапарға барғам. Жұрт алдына шығып сөйлейтін болғандықтан, киімді реттеп алайын деп мегаға кірдім. Кіргенім сол, алдымнан көрші ауылда тұратын Дəкен деген жігіт шыға келмесі бар ма?! Дəкемнің сəлемінің өзі бір төбе. Ықыласпен амандасады. Жолыққан сайын сол. Сəлемі сыр берген емес. Ашық-жарқын қалпынан танбай, сөзді Дəкем бастады:
-Жайша жүрсің ба, Абай?
-Е, ертең бір жұрттың алдына шығып сөйлейтін ем. Соның қамы. Киім алсам деп… Өзіңіз ше? Арқаға не жұмыспен келдіңіз?
-Мен де киім алуға келдім мегаға. Бүгін досымның тойы еді.
-Дəке, аз-кем уақытыңыз бар ма? Сұрасам деп жүрген бір əңгімем бар еді?
-Абайжан, саған уақыт табылады ғой. Не əңгіме еді ол?
-Ергеш нағашым сізге бір əңгіме айтып, сол сөз сіздің бір үлкен шешіміңізді өзгертуге себеп болған екен. Соны өз аузыңыздан естісем деп жүр ем. Айтып бересіз бе?
-Ммм… Айтып берейін. Ол расында да, менің өмірімді өзгертіп жіберген əңгіме еді. Сенің уақытың бар ма?
-Бар, аға.
-Онда тыңда,-деді Дəкем. Терең тыныстап алды да, əңгіме тиегін ағытты:
-Абайжан, үйдегі жеңгеңмен отау құрғаннан кейін қызды болдық. Алланың қалауы ғой, сол қыздан кейін көтермей жүрді. Арада он-он бес жыл өтсе де, екінші перзент нəсіп бола қоймады. Кейбіреулер «маған адамдардың сөзі əсер етпейді, мен адамдарды тыңдамаймын» деп жатады ғой. Абай інім, солай деген адам нағыз өтірікші. Маған да адамдардың сөзі əсер етті. Алғашқы жылдары жас болдық па, терең ойлай қоймағаннан ба, соңымнан ерер еркек кіндік перзенттің жоқтығын елеген жоқпын. Кейінірек құрдастар қылқылдап, ағалар ақыл айтып «Осылай жүре бересің ба? Ана қатынды қоя бер де, туатынын ал. Артыңнан ерер ұрпақ керек» деп мазалай бастады. Оған əке-шешемнің күрсінгені қосылып, менің ойым өзгерді. Ниетім ажырасып, екінші əйел алуға ауды. Ауғаны сол кірісіп іздей бастадым. Іздеген адам табады екен, Абайжан. Мен таптым. Үйленетін күнді де белгілеп, енді əйеліме əні-міні айтам деп жүргем. Тойдың қамын да реттеп дегендей. Қатты кірістім енді. Бір күні қызым екеуміз төменгі ауылдан жоғары өрлеп, үйге қарай бара жатқанбыз. Дүкеннен Ергеш нағашың шығып келе жатыр екен. Ол кісі үнемі ешекке мініп жүретін, білесің ғой. Бір аяғы жарымжан. Ешекке міну үшін біргі жақтан үзеңгісін басып тұруға жəрдемші керек. «Ай, Дəкен шырағым, бері кел. Үзеңгіні басып тұр, мен мына ешегіме мініп алайын» деп, мені шақырды. «Қызым, сен жүре бер. Мен артыңнан қуып жетіп алам. Мен ана кісіге көмектесіп жіберейін»,- деген ем, қызым жақтырмай:»Өзі-ақ мініп алады. Жүре берейікші»,- деді. Өзім ажырасам деп əр-сəрі күйде жүргем, қызыма ашуланып:»Ей, сен не деп тұрсың?! Ана кісіге көмектеспей қалай кете береміз. Бар өзің кете бер»,- дедім. Даусым қаттырақ шықты. Қызым өкпелеп, аяғын жылдам басып жүріп кетті. Ерекеңе бардым. Үзеңгіге аяғымды сап тұрып, ол кісі ешегіне мінді. Мініп тұрып:»Ай, балам-ай, ана қызға бекер ұрыстың-ау. Сен қасыңда қандай байлықтың кетіп бара жатқанын білмей тұрсың ғой. Əттеген-ай. Мен Алладан өмір бойы бір перзент сұрадым. Нəсіп болмады. Кемпіріміз екеуміз əлі күнге бір перзентке зармыз. Егер Алла Тағала қолы жоқ, аяғы жоқ, бір көзі соқыр бір қыз берсе, бұл жалғанда менен асқан бақытты адам болмас еді. Ал саған сап-сау, алтындай қыз берді. Қадірін білмей тұрсың ғой. Бекер ұрыстың» деді де, ешегін тебініп жүріп кетті. Ерекеңнің сөзі төбемнен жай түскендей əсер етті. Тұрған орнымнан қозғалуға мұршам болмай, аяқ-қолым дірілдеп қаттым да қалдым. Япырай, адамның сөзі осыншалықты əсерлі болады екен-ау. Екінші қатын алам деген ойымның күлі көкке ұшты. Ішімнен нық шешімге келдім. «Екінші қатын алмаймын» дедім. Берсе берер, бермесе, осы бергеніне де шүкір деп анық тоқтамға келдім. Үйге келдім. Əйеліме ештеңе айтқан жоқпын.Ол ештеңені білген де жоқ. Арада екі-үш жыл өткенде, Алла ұлды да, қызды да берді. Аллаға шүкір қазір төрт-бес бала-шағам бар. Арада он шақты жыл өтті. Бір күні Ергеш ақсақал дүниеден өтті. Баяғы сөзі есіме түсіп, жаназасына қатысайық деп əйеліме:»Ергеш ақсақал өмірден өтіпті. Жүр жаназасына қатысып қайтайық. Сен қатын-қалашқа жəрдемдесерсің» деп ем, əйелім:»Ертең-ақ бара салмайсың ба?» демесі бар ма?! Қаным басыма шауып, ашуланып:»Əй, қатын, бері кел. Мен саған бүгін өмірден кімнің өткенін айтып берейін. Егер ол ақсақал, сол кісінің бір ауыз сөзі болмағанда, сен бүгін бұл жерде отырмас едің» деп, баяғы əңгімені бастан-аяқ айтып бердім. Əйелім егіліп жылады. Қосылып екеуміз де егілдік. Сəлден соң: «Қазір барайық. Жүрші»,- деді. Екеуміз барып, мен жаназасына қатыстым, əйелім кешке дейін қызмет қылды. Сен сұраған əңгіменің мəнісі осы»,- деп, Дəкем əңгімесін аяқтады. Қоштасқан соң да Дəкемнің артынан қарап ұзақ тұрдым….

АБАЙ ҚАЛШАБЕК