Д.Назарбаева: басқа амал болмағандықтан, шетелден мамандарды әкеп жатырмыз

 

Астана. 02 сәуір. Baq.kz – Бүгін елордадағы жоғары оқу орындарының ректорлары және профессорлық-оқытушылық құрамымен өткен кездесу барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева бүгінде басқа амал болмағандықтан, шетелдік мамандарды шақырып жатқанымызды айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. 

«Біз білім беру жүйесіндегі өзгерістерді 5-10 жылға созбай, жылдам жасағымыз келеді. Өйткені қазір біздің экономикамызға сапалы мамандар өте қажет. Басқа амал болмағандықтан шетелден мамандарды алып келейін деп жатырмыз. Заңдарды өзгертіп, бірталай жеңілдіктер беріп жатырмыз. Ал енді ертең шетелден келген мамандардың орнына біздің балаларымыз барып, жұмыс істесін десек, осы білім саласындағы өзгерістерді тездету керекпіз. Бәріміз нақты жұмыс істеп, өз үлесімізді қосуымыз керек», — дейді Д.Назарбаева.

Оның айтуынша, қазіргі білім беру саласы көптеген өзгерістерді қажет етеді.

«Бірталай дүниелерді өзгерту керек. Халықаралық стандарттарды енгізу қажет деп жатырмыз. Өйткені халықаралық стандартпен бүгін оқу бітірген мамандар ертең нарықта, экономикада өте қажет болады. Ертең диплом алып, жұмыссыз отырған жақсы тәжірибе де, жақсы нәтиже де емес. Бір жағынан мемлекеттің қаражаты да бөлінуде, енді осы қаржы желге ұшпасын деген оймен өзгерістер енгізіп жатырмыз», — деп атап өтті вице-премьер.