Дәния Еспаеваның штабы Сыр өңірінде «Қазақстан халқының рухани-мәдени саласын дамыту» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізді
Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы Студенттер сарайында ҚР Президенттігіне үміткер Дәния Еспаеваның республикалық штабы мен «Ақ жол» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жиын өткізді.
«Қазақстан халқының рухани-мәдени саласын дамыту» тақырыбындағы дөңгелек үстелге «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, ақын, «Қазақ үні» газеті президенті Қазыбек Иса мен партия төрағасы орынбасары Д.В. Васильев қатысып, сөз сөйледі.
Ашық пікір алаңы ретінде өткен жиынға ҚР Президенттігіне үміткер Д. Еспаеваның аймақтық штабы мүшелері, БАҚ өкілдері, Қызылорда облысының «Рухани жаңғыру орталығы» жетекшісі, Қорқыт ата атындағы ҚМУ тарихшылары мен оқытушылары өз баяндамаларын жасап, ой-пікірлерін білдірді.
Дөңгелек үстелде Руxани жаңғыру аясындағы «Ақ жол» партиясының атқарған істері, ұлттық мүддеміздің қорғалуы, мемлекеттік тілдің дамуы, мәдениетіміздің мәйекті мәселелері қозғалды. Білім саласындағы қордаланған мәселелер де өткір айтылды.
Әсіресе, мұғалімдер қауымы бастауыш сыныптарда жаңартылған бағдарламаның жалаң қылышы қазақ әдебиеті сабағының бір сағатын қиып кеткеніне қынжылыс білдірді.
Қазыбек Иса бастауыш сыныптардағы жаңартылған бағдарлама кесірінен бұрын аптасына төрт рет өтіп келген «Әдебиеттік оқу» сабағының қазір үш ретке түсіп қалған мәселесі партия фракциясында қаралатынын мәлімдеді.
Жиынға Қазақстандағы Президенттік сайлауды xалықаралық бақылаушылар тобы да қатысты.
Дәния Еспаеваның сайлауалды науқаны жалғасуда.
3 маусым 2019 жыл, «Ақ жол» партиясының Қызылорда облыстық филиалы