Д.Трамптың көксегені «қырғи қабақ соғыс па?»

Ақ үйдің Facebook парақшасында жарияланған бейнекөріністе АҚШ президенті Дональд Трамп: «Мен Америка мен оның азаматтарының құқын қорғау мақсатында және алдын ала бұрынырықта уәде берген міндеттемемді орындау барысында АҚШ ғаламдық климат жөніндегі Париж келісімінен шығатынын мәлімдеймін. Мұның еш зардабы болмайды, мүмкін біз басқа келісімшарт жасайтын болармыз. Оны алдағы уақытта кеңінен сарапқа салатынымыз ақиқат. Келісімінен бас тартуға себеп бар. Атап айтсам, егер Америка Париж келісімінің шартын орындап, онда қала беретін болса, 2025 жылға қарай елдің 2,7 миллион адамы жұмыс орнын жоғалтуы мүмкін. Париж келісімі Америка байлығын талан-таражға салады. Ол байлық басқа елдердің игілігіне жұмсалады. Сондықтан бұл жерде ең алдымен америкалықтардың мүддесі жоғары тұруы керек. Өмірдің шындығы мынада: Париж келісімінен шығу америкалықтардың мүддесіне сай келеді және қоршаған ортаға соншалықты зиянын тигізбейді. Сондықтан мен мемлекет басшысы ретінде алдағы уақытта кәсіпорындағы жұмысшыларды жұмыссыз қалдырғым келмейді. Мен Париж қаласынан президент болып сайланған жоқпын. Сондықтан АҚШ-тың мүддесіне сай келмейтін кез келген келісімнен шығуға дайынмын», — деп мәлімдеді. Аталған құжатқа келсек, жалпы осы уақытқа дейін Париж келісіміне Сирия мен Никарагуа ғана қол қоймаған болатын. Енді, міне, оған АҚШ келіп қосылды. Д.Трамп президенттік сайлауалды кампаниясы кезінде-ақ Париж келісімінен шығатынын мәлім еткен. Негізі ол ғаламдық жылыну тұжырымдамасының қолдаушысы бола алмайтынын да мәлімдеген. Соны ескерген болуы керек, міне, енді келіп ол сайлаушылар алдындағы берген уәдесін орындап, келісімнен шығатынын жария етті. Париж келісімі 2015 жылдың 12 желтоқсанында қабылданғаны белгілі. Онда әлемнің 195 елінің қатысушысы планетада орташа температураны 2100 жылға дейін +2 градусқа арттырмау жөнінде мақұлдасқан. Ғаламдық жылыну — жер бетіндегі орташа температураның артуы. Соңғы 100 жылда оның температурасы шамамен 0, 6 ºС-қа артты. Ауаны ластау, өнеркәсіп санының артуы, ормандарды кесу, жанартаулардың атқылауы және Күндегі өзгерістер, адамның әртүрлі әрекеттері ғаламдық жылынудың басты себептері болып отыр.
Бұдан басқа АҚШ кезінде КСРО президенті М.Горбачев пен АҚШ президенті Р.Рейган қол қойған орта қашықтыққа ұшатын баллистикалық зымырандардың санын азайту бойынша келісімнен де шығатындығын мәлім етті. Трамп Ресей жағы аталған келісімшартта көрсетілген ережені бұзып отыр деген сылтаумен ендігі жерде сырттан төнетін қауіп-қатерге сонау ғарыш кеңістігінен соққы беруге дайындаламыз деп жария етті. Ақ үй билігі бұл райынан қайтпаса, қазіргі күні қару-жарақ қуаты жөнінен АҚШ-тан бір де кем емес Ресей мен Қытайдың да қол қусырып қарап отырмасы белгілі. Шын мәнінде АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғаныстық ұлттық жүйесін (ЗҚҚ ҰЖ) Құру мəселесіне қатысты пікірталастар әлі де толастаған жоқ. Қазіргі əлемдік саясат жəне көптеген елдердің ішкі саяси өміріндегі өзекті тақырыптар қатарына Шығыс еуропалық елдерге АҚШ-тың ұлттық зымыранға қарсы қорғаныс элементтерінің орналастыру мəселесі кіреді. Бұл өзекті мəселенің басты геосаяси мəні — АҚШ-тың Зымыранға Қарсы Қорғаныстың Ұлттық Жүйесінің (ЗҚҚ ҰЖ) шеңберін кеңейтіп, яғни тек өз территориясында ғана емес, сонымен қатар Шығыс жəне Орталық Еуропа елдері ауқымында да орналастыруды кеңейту арқылы оны жаһандық жүйеге айналдыру болып табылады. Өйткені ЗҚҚ ҰЖ — құрлықаралық баллистикалық зымыранды алдын ала анықтап, жоюға арналған АҚШ-тың стратегиялық қорғаныс күшінің бөлігі. Сонымен бірге АҚШ-тың зымыранды ядролық соққы жөнінде ескеретін жəне ғарыштық кеңістікте бақылау туралы бағдарламасы да стратегиялық қорғаныс күшінің құрамына кіреді. Қазіргі кезде жоғарыда аталған бағдарламалардан басқа, Зымыранға қарсы жүйенің жəне жер серігіне қарсы қолданылатын қарулардың бөлек элементтерін жасау мен сынаққа алу іске асып жатыр. Жоғарыдағы ЗҚҚ жөніндегі келісімшарт Батыс Еуропаға үлкен қорғаныс қызметін атқарып келген-ді. Келісімшарт Еуропаны стратегиялық тұрақтылық жүйесіне қосып, Ресей мен АҚШ-тың ядролық қару деңгейінде болуын талап етпей, ядролық тежеу шеңберінде олармен бірге қауіпсіздікті теңеген еді. ЗҚҚ жүйесіне шектеу қоюды сақтау еуропалықтардың мүддесін қамтамасыз етеді, яғни қарулануды бақылауда ұстау шеңберіне қатысты Ресей мен Америка бəсекеге түскен жағдайда әлімдегі стратегиялық тепе-теңдік тұрақсызданып, Еуропа АҚШ-қа тəуелді болғандықтан, өз мүдделерін қорғауға мүмкіндігі жоқ болады. Еуроодақ өзінің ішкі талас-тартыстарының əсерінен ұзақ уақыт өз ұстанымдарын анықтай алмады: бір жағынан, олар америкалық ЗҚҚ ҰЖ туралы жоспарын қолдамай, өздерінің негізгі қауіпсіздік қағидаларына кірмейтін жауапкершіліктен бас тартқысы келді, ал екінші жағынан, тек ЗҚҚ Ұлттық Жүйесіне қатысты АҚШ-пен дауласқысы келмеді. Орталық Еуропада ЗҚҚ ҰЖ-ын орналастыру мəселесі тек Ресей Федерациясы мен АҚШ арасында ғана емес, Польша мен Чехия жəне екінші жағынан Ресей арасындағы дипломатиялық қатынасты суытып, шиеленістіреді. Базаларды орнату барысында Польша мен Чехия алдын ала келісілген ұстанымын қолдануға келіссе, оған жауап ретінде Ресей орыс зымырандары АҚШ-тың Польша мен Чехияда орналасқан ЗҚҚ нысаналарына бағытталатынын жария етті. Ресейдің ескертулеріне қарамастан, АҚШ-тың зымыранға қарсы қорғанысты жасауға үлкен қаражат бөлуі күннен-күнге артуда. Мысалы, Конгрестің бюджеттік басқармасының алдын ала есептеуі бойынша 2015 ж. ЗҚҚ ҰЖ құруға 60 млрд АҚШ доллары жұмсалағаны анықталған. Ресей Федерациясының президенті В.В.Путин: «Егер АҚШ Польша мен Чехия Республикаларында ядролық қару элементтерін орналастыруын тоқтатпаса, бұл жаңа «қырғи қабақ» соғыстың басталуына əкеліп соқтырады», — дейді. Оның айтып отырған сөзінде шындық бар. Осылайша, Д.Трамп милитаризмге, яғни жанталаса қарулануға жол ашып, елдің санасынан алыстап кеткен «қырғи қабақ соғыс» дәуірін қайта оралтатын сынды.

Дайындаған — Ермек Сахариев