Дайын құжаттарды беру терезесі әр қаланың тек бір ХҚО-да жұмыс істейді

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы тоқтатылды. Азаматтар қызметтерді тек электронды форматта алады.

30 наурыздан бастап әр қалада бір-бір ХҚО дайын құжаттарды беру үшін бірыңғай терезе ретінде жұмыс істейді. Мұнда қазақстандықтар онлайн түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің дайын нәтижесін ала алады. eGov порталында қызмет нәтижесі қағаз түрінде берілетін 23 түрлі мемлекеттік қызмет бар.

Мамандандырылған ХҚО-да да дайын құжаттарды беру терезелері ғана жұмыс істейді, онда автокөлігін қайта тіркеуге қойған немесе жүргізуші куәлігін онлайн ауыстырғандар  дайын құжаттары мен мемлекеттік тіркеу нөмірін ала алады. Бірнеше мамандандырылған ХҚО-сы бар қалаларда (Алматы, Шымкент) құжаттарды беру бойынша бір мамандандырылған ХҚО белгіленген.

Қызмет алушылардың дайын құжаттарын беру жұмысына «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының 400-ге жуық қызметкері тартылған. Олардың барлығы қорғаныс және дезинфекция құралдарымен жабдықталған.

Дайын құжаттарды беру терезелерінің жұмыс кестесі: дүйсенбі-жұма 9.00-ден 17.00-ге дейін. Сенбі – сағат 9.00-14.00 аралығы.

Дайын құжаттарды беруге арналған қалалық және аудандық бөлімдердің тізімін мына жерден көруге болады: gov4c.kz

Айта кетейік, 21 наурызға дейін халыққа қызмет көрсету орталықтарына өтініш тапсырған азаматтар дайын нәтижелерін 29 наурызға дейін алғаш жүгінген ХҚО-дан ала алады.

27 наурыз 2020  Нұр-Сұлтан қ.