Дайындықсыз ел алдында сөйлеу керек болғанда…
Аяқ астынан ел алдында сөйлеуге тура келген cәтте тосылып қаларымыз анық. Ал мұндай жағдай басымызға түскен кезде қалай құтылуға болады немесе қандай жолмен шешім жасауға мүмкіндік барын білгіңіз келсе біз ұсынған кеңестерге көз жүгіртіңіз, іске асырыңыз. 1. Ойдың мақсатын айқындап алыңыз Не айтасыз? Не айтпау керек? Ең жаманы дауысыңыздың ащы әрі айғаймен айтылғанымен сөзіңіздің жүйесі болмағанында. Аяқ астынан болса да сөйлер алдында санаңызда айтылар ойдың мақсатын сызба түрінде сызып алыңыз. Ол үшін екі-үш нысананы белгілеңіз. Санаңызда аталған сызбаны ұстап тұрсаңыз ойыңыз шашырамайды. Не айтып тұрғаныңызды жұрт та, сіз де аңғарасыз. 2. Ең бірінші – ойдың кілтін табыңыз Сөйлеу ережесіндегі ең бірінші қағида – осы ой кілті. Кез келген әңгімеңіз, айтар ойыңыз ойдың кілтімен ашылу керек. Сіздің ойыңыздағы кілт отырған әрбір жұрттың құлпын аша алуы тиіс. Тыңдарман «жалт» қарасын десеңіз, әрі қарай сізді тыңдауға ниет білдірсін десеңіз осы қағиданы ұстаныңыз. Кез келген іскерлік болсын, күнделікті өмірдегі әңгіме-дүкен болсын айтылар ең негізгі дүниелер сөздің соңында қалмауы керек. 3. Тыңдарманға көп көңіл бөліңіз Сөзіңіз ауыздан шыққан бетте тыңдармандардың сізге және сіздің енді айтқалы тұрған әңгімеңізге деген әрекеттері байқалады. Сондықтан өзіңізбен-өзіңіз қалып қоймаңыз, тыңдарманмен бірге жұмыс жасаңыз. Қай жерде, қайда, қандай орында сөйлеп тұрғаныңызды міндетті түрде есепке алыңыз. Егер белгілі бір аймақта, кәсіпорында сөз алып тұрсаңыз сол жердегі басшылардың немесе кез келген қызметкердің бірін атын атап, түсін түстеп сөйлеңіз. Бұл жұрттың қызығушылығын тудырады. 4. Есте сақтаңыз: қалай айтып тұрғаныңыз емес, не айтып тұрғаныңыз маңызды. Сөйлер алдында іштей бір сөздерді қайталай беріп, бүкіл ойды шашыратып алуыңыз мүмкін. Егер айтқалы тұрған қанатты сөзіңіз естен шығып, ұмытып қала берсеңіз оны ойламаңыз. Тек о бастағы ойдан ажырамаңыз. Қалай сөйлеп тұрғаныңыз емес, не айтып тұрғаныңыз, мақсатыңыз айқын болса, санаға ой да, сөз де өзі құйылады. 5. Қысқа сөйлеңіз! Қысқа сөйлеу әрі ойды нақты жеткізу – үлкен өнер. Паскаль: «Мен ұзақ мәтінге ұласқан хаттар жаздым, себебі қысқартуға уақытым жетпей қалды» дейді. Аталған сөзден-ақ көп сөйлеудің ең бірінші уақытыңызды, жұрттың уақытын алатынын ұмытпаңыз. Дәлме-дәл уақытпен жүру, сөйлеу, нақты әрі тұшымды ойлармен жұртты тыңдата білу сіздің абыройыңызды асқақтатады. Келесі жиында сізді тыңдаушылардың қатары көбейері анық. Себебі сіз қысқа сөйлейіз, ешкімнің уақытын алмайсыз әрі нақты айтасыз. Аз сөз – алтын. Жұрт алдында шешенсініп сөйлей бергеннен гөрі айқын әрі ақиқатын айтып сөйлеу – тамаша қасиет.