Даланы әсем әнге бөлеген
Қазақ өнері көпшілікті ертеден-ақ таңғалдырып келеді. Шет қиырдан келген ерте заманның жиһангер-зерттеушілерінің жазбаларынан қазақтың ән мен күйлері жайлы көптеген мәліметтерді кездестіруге болады. Ұлтымыздың күйі мен әндерін зерделеп, олардың 2000-ға жуығын алғаш нотаға түсірген музыкант-этнограф, композитор Александр Затаевич: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай әсер етеді», деген екен қазақ өнеріне тәнті болып. Соңғы кезге дейін халық әні деп жүрген біраз шығармалардың иесі (авторы) бар болғанын жоққа шығара алмаймыз. Әнді халық шығармайды, ол жеке бір тұлғаның өнері. Мысалы, «Сәулем-ай», «Дайдидау», «Гәкку», «Қараторғай», «Сары бидай», «Саумалтау», «Кекілді қыз» және тағы да басқа талай құлаққа жағымды, жүрекке жылы, әсерлі әндерді әлі де халық әні дейміз.
Шындығына келсек, оларды шығарған өнер адамдары болды емес пе? Тіпті ел аузында жүрген «Тобылғы сай» әні көп жылдар бойы халық әні деп хабарланып жүрді. Бірақ оның авторлары жерлестеріміз құландық Мэлс Өзбеков пен сарысулық Төлеу Үшқоңыров екені кейінірек анықталды. Сөйтіп, әділдік орнады. Мұндай жағдайлар әлі де аз емес. Бүкіл қазаққа таныс «Дудар-ай» әнінің тағдыры да солай. Оны соңғы уақытқа дейін Мариям Жагорқызының (Рыкина Мария Егоровна, 1887-1950 жылдар) әні деп келді. Мария бұрынғы Целиноград облысындағы Қорғалжын ауданында туған, халық өнерпазы дейтін дерек те айтылды. Шынында, кейін белгілі болғандай, оның авторы Үлебай деген сол өңірдің азаматы екен. Оның бұл әні дәстүрлі қазақ әндерімен тамырлас, өзектес бола тұра ешбіріне ұқсамайтын мақамы бар. Әуезі адам сезімінің терең иіріміне бойлайтын, кең тынысқа, асқақ дауысқа құрылған бірегей туынды. Расында да дарынды жеке тұлғалардың шығарған әндері ел-жұртқа кең тарап, өз орындаушысын тауып халық арасында өлмес туындыға айналады. Әуезді, мәнді әндер халықпен бірге жасап, жадында сақталып келеді. Біздің жерлесіміз қазақтың белгілі композиторы, жыршы, әнші Кенен Әзірбаевтың әлемдік деңгейдегі әндері, сазгерлер Алтынбек Қоразбаев пен Мэлс Өзбековтің шығармалары ұлт өнерінің алтын қорына енді десек болады. Саз соқпағына із қалдырған өнер иесінің бірі құландық Жаңбыршы Үсейінов еді. Өнерде өз биігіне өрлеп үлгермей кетіп жатқандар да аз емес. Тағдыр, өмір солай.
Осы мақаланы жазуға түрткі болған таяуда қолыма тиген «Өнер деген өлке бар» атты кітап (Алматы, 2005 жыл, 338-бет) болатын. Оны парақтап, зер салып оқып отырып, бір тұнық сезімге бөлендім. Қиял қанатына мінгендей көкмұнар белгісіз дүние алысқа жетелей берді. Кітап құрастырушысы және авторы Кәріпжан Нүсіп бұл еңбегін Тұрар Рысқұлов ауданынан түлеп ұшқан сан алуан өнер саңлақтарына арнапты. Несін жасырамыз, Құлан өңірі тума таланттарға толы. Онда орақ тілді ақын-жыраулар, туған жерін сазды күймен тербеткен, қоңыр домбыраның құлағында еркін де шебер ойнайтын өнерпаздар, тыңдаушысын дән риза ететін жезтаңдай әншілер де баршылық. Құлан жерін өнердің киелі ордасы десек, еш жаңылмаймыз. Өнер өлкесінде із қалдырған айтулы сазгер Мэлс Өзбеков, ақын Өзбек Ақжолұлы, белгілі қаламгер Әдібай Табылдиев, ақындар Совет Әлімқұлов, Төребек Әбдікерімов, Қуандық Шолақ, Шырын Мамасерікова, Хамит Есаман, Табиғат Абаилдаев осы ауданнан.
Бүгінгі әңгіме сол Құлан өңіріндегі Көкдөнен ауылының тумасы, артында 50-ден астам ән қалдырған сазгер Жаңбыршы Үсейінов туралы болмақ. Бұл есім әулиеаталық өнерсүйер қауым үшін жақсы таныс. Ол 1947 жылы Т.Рысқұлов ауданындағы Көкдөнен ауылында дүниеге келген. Жастайынан өнерге деген сүйіспеншілігі, құмарлығы, ізденімпаздығы оны сәби жасынан ән әлеміне жетеледі. Ол ауыл-аймақтағы сазгерлер мен әншілердің өнерін бойына сіңіріп өсті. Өмір, заман, табиғат құбылыстарын жүрегімен сезіну адамдар үшін, бәлкім, әртүрлі болар. Тіпті қамыс пен қурай сабағының желге тербетілген құлаққа жағымды ызыңы, шеңгелдің қураған қауашағының қоңыраулы үні сызылған әсем ән болып есіліп, күй болып домбыра шанағына қонатыны белгілі. Мектепте ән-музыка үйірмесінің белсенді мүшесі бола жүріп нота үйреніп, домбыра шертті. Өкінішке қарай, кенеттен жабысқан дерт өрісін тарылтып, қанатын қайырды. Жанар сәулесі төмендеп, көру қабілеті күрт нашарлады. Көзін емдеу үшін ата-анасы оны қайда апармады десеңші? Бұл уақытта бірге мектеп бітірген, бірге өскен құрбыларының біразы жоғары оқу орындарына түссе, тағы біразы әскерге аттанып жатқан. Әрине, бұл жас жүректі сол сәттерде жараламады дейсіз бе? Қапаланып, өмірге нәлет айтып, күйгелектікке салынып, үйде отырып қалуы да мүмкін еді ғой. Бірақ Жаңбыршы өйтпеді. Керісінше бойына жігер жинап, тағдырымен тайталасқа түсті. Өмірге құштар жүрек ән әлемін игеруге бекем бел буды. Кілең өнерлі жастармен бірге «Таң самалы» ансамблін құрды. Туған өлкесінің тамылжыған табиғат көрінісін жүрегімен сезініп, санасына сіңіріп, небір әсерлі әсем әндер шығарды. Ол туындылары көптің аузында жүрді, жастардың бас қосқан кештерінде әуелетіп шырқалды, талай ғашықтардың жүрегін лүпілдетіп, жанын әлдилеп, көкіректеріне нұр құйды. Көп уақыт өтпей-ақ бұл ансамблдің аты аудан, облыс көлеміне таныла бастады. Тіпті Алматы телестудиясы шақырып, 1,5 сағаттық концерттік бағдарламасын республика жұртшылығына жария еткені бар. Бақытына қарай, ол өзінің алғашқы махаббаты, кітапханашы ару қыз Бақытпен дәм-тұздары жарасып, 1969 жылы үйленіп, көңілі жай тапқаны бар. Өмір-өзен екі жасты өз құшағына алды. Кездескен базбір қиыншылықтарға сергек қарап, сабырлықтарын жоғалтпай, нендей нәрсе болмасын тапжылмай қарсы тұрып, қол жеткізген жетістіктері мен қуаныштарын шүкіршілікпен қарсы алды. Жаңбыршы жұбайы Бақыт екеуі 5 ұл-қызды тәрбиелеп өсіріп, тиісті білім беріп, кең өмірге қанаттандырды.
– Жаңбыршы Үсейіновпен алып Алатаудың бөктеріндегі шағын, шұрайлы ауылда, киелі топырақта дүниеге келіп, тай-құлындай тебісіп дегендей балалық шағымыз бір ауылда өтіп, бір мектепте білім алдық. Кішкентайымнан жан сырымды бөліскен етене жақын көретін аяулы досым еді. Жастайынан ол өнерге жақын болды. Радиодан берілетін әндерді, әсіресе халық әндерін мұқият тыңдап, домбыраға «көшіріп» алатын қабілеті зор еді. Шешесі Ақшай да өнерден қаражаяу емес-ті. Кейде оңашада, түнгі тыныштықта қолына қоңыр домбырасын алып, құлақ күйін келтіріп, шеберлікпен шерте отырып жағымды үнмен ыңылдап ән салатын. Әкесінің тер иісі сіңген шапанын жамылып, анасының сол әсерлі әндерін елти тыңдап жатқан Жаңбыршы бейқам ұйқыға кететін. Сөйтіп, ол бала жасынан ән өнерін бойына сіңіріп өсті. Мектепті бітіргесін басқалар сияқты білім іздеп алысқа кетпеді. 20 жылға жуық өзі білім алған А.Байтұрсынов атындағы орта мектеп оқушыларына бастапқыда математика, кейіннен ән-күй пәнінен дәріс берді. Ол кездегі жастардың, біздің замандастарымыздың өнерге деген талпынысы ерекше еді. Соны түсінген Көкдөненнің шаруашылық басшысы Алматыдан музыкалық аспаптар алғызып, аудан бойынша бірінші болып үрмелі аспаптар оркестрін ұйымдастырды. Оған аудан орталығынан арнайы музыка жетекшісін шақыртып, нота бойынша әртүрлі әндерді үйретті. Сол оркестрдің құрамында Жаңбыршы бірде мандолинада, бірде домбырада ойнаса, мен трубаны меңгердім. Ол ерекше сезімтал болып өсті. Қазақ «Талант топырағына тартып туады» деп орынды айтқан. Өнерге де өріс керек екені белгілі. Бұл орайда Жаңбыршы Үсейіновтің шығармашылығына суырыпсалма ақын Шынәсіл Жанарыстановтың жырлары, Жұматай Шынәсіловтің күйі және Мэлс Өзбековтің әндері әсер етпей қойған жоқ. Алғашқы «Жігіт сыры» атты әнді шығарғанда оның жасы 16-да болатын. Кластастары мен құрбы-құрдастары бұл әнді жас жігіттің тұнық сезімі деп ұғып, сөзін жаттап, той-томалақтарда, басқосуларда айтып жүрді. Сөйтіп, сырластық пен мұңдастықты қатар өргізе білген Жаңбыршыда композитордың өлмес өнері өмірге келді, туған жер қойнауын әуезді де әдемі әндерге бөледі. Оның «Сарбаздар әні» деген құлаққа жағымды әні бар. Алғаш рет бұл әнді әскери қызметтегі інісі Бекболат Шынасіловке домбырамен үйреткен ол: «Қолайлы сәт туа қалса сарбаздарға үйрет, сапта жүріп айтатын ән», дейді. Бекболат ағаның аманатын орындау үшін Алматы облысының Жетіген ауылындағы музыка мектебінің мұғалімі Ұлбала Құлкееваға домбырамен орындап беріп, нотаға түсіртеді. Ұлбала бұл әнді шәкірті Мұхаммед Зукаевқа үйретеді. Өктем Алтаевтың студиясында аранжировка жасатып, 2007 жылы оқушылар арасында Астана қаласында өткен республикалық байқауда Мұхаммед осы әнді орындап, бас жүлдеге ие болады. 2008 жылы «Сарбаздар әнін» жастардың алтыншы халықаралық фестивалінде орындап, лауреат атанады. Менің айтып отырғаным бар болғаны бір әннің ғана тарихы. Мен Мэлс Өзбеков пен Жаңбыршы досымның өнеріне тамсанып, көкірегімде жыр ойнап, ән қанатына тербеліп, ерекше сезімге бөленіп, олардың шығармаларына тәнті болатынмын. Мэлс ағаның әндерін бала кезімнен білемін. Ал Жаңбыршының «Соғыстан қайтқан әкелер» әні Отан үшін от кешкен мыңдаған боздақтың рухына қойылған ескерткіш десе де болады. Бұл ән «Шалқар» ұлттық радиосының алтын қорына енгізіліп, ән тарихында мәңгілікке қалды. Өкініштісі сол, өмірден ерте озды, ғұмыры келте болды. Пешенесіне жазылған 59 жаста дүние салды. Әйтпесе тума талант иесі Жаңбыршының берері әлі мол еді, – деп, сол бір қимас, қайталанбас күндерді толқи еске алады композитордың жақын досы Тәліпбек Шақбаев.
Гаухар Мырзахметова, белгілі әнші:
– Көкдөнен ауылынан шыққан композитор Жаңбыршы Үсейіновтің әндері тек жерлестері арасында ғана емес, республика көлеміне танымал. «Соғыстан қайтқан әкелер» әні Қазақ радиосының эфирінен беріліп тұрады. Лирикаға толы, нәзік сырлы «Құдаша» талай думанның сәніне айналған ән деуге болады. Сол сияқты сазгердің «Алтын дән», «Нұргелді», «Немерем – балам», тағы басқа әндері ел ішіне кең тарап, тыңдаушының ықыласына бөленген шығармалар. Ән өлеңдерінің жатықтығы мен тыңдағанда тез есте қалар әуендерінің сыршыл әрі саздылығы сазгердің жеке қолтаңбасын аңғартады. Музыкант мамандар қазіргі қазақ эстрадасына сыналап кірген сөзі түсініксіз, қай елдің әуені екенін айырғысыз әндерден жоғары тұрғанын бірден байқайды. Үш-төрт нотадан әрі аспайтын жеңіл әуен емес, бір әніндегі нақыш екіншісінде қайталанбайды, бір сөзбен айтқанда, Жаңбыршы Үсейіновтің әндері ұлттық әуендік иірімдерден бастау алған, қазақы бояуға толы, Шәмшілерден қалған әндерге тән вальстік форманы жаңғыртқан нағыз халықтық әндер.
Біраз әндердің сөзін композитор Жаңбыршы Үсейінов өзі жазған екен. Патриоттық сезімге толы Мәмбетұлы Байзақ датқа туралы жазылған «Батыр бабам», сондай-ақ «Әбілқайыр», «Соғыстан қайтқан әкелер», «Боксшы інім – Ермахан», «Сені іздеймін», «Жан сәулешім», «Жігіт сыры», «Жігіт сағынышы», «Қайдасың, Қарлығашым?!» «Қайдасың, армандастар?», «Досыма», «Сағыныш» және басқа лирикалық әндерін әнсүйер қауым жылы қабылдады.
– Жерлес композитордың патриоттық, лирикалық әндерін естіп жүрміз. Шынайы өнерді шаң баспауы тиіс. Бүгінде Жаңбыршы Үсейіновтің есімі көп атала бермейтіні өкінішті. Ол үшін таныстары, замандастары жанашыр болуға тиіс. Қазақта айтылатын «Сөздің атасы өлмес» деген сөз бар. Айтылмаса, өнердің аты да, өнер де сөнеді. Т.Рысқұлов аудандық мәдениет үйінде Мэлс Өзбеков пен Жаңбыршы ағаның көзіндей болған «Восток» баяны тұр. Талай әндердің өмірге келуіне себепші болған аспап кейде иелерін жоқтап тұрғандай жаныңды жабырқатады…
Өткен жылы Құлан жерінде өнерпаз Ж.Үсейіновтің әндерінен «Әнім саған аманат!» атты жергілікті өнерпаздардың байқауы өткенде қуандық. Аудандық білім бөлімі және білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы ұйымдастырып, қызы Ардақ қолдау көрсетіп, әсерлі өткен байқау көптің ойынан шықты. Бұл бастама алдағы уақыттарда да жалғасын таба ма? Қазіргі кезде жаздың жылы жаңбырындай әсер ететін Жаңбыршының шырайлы музыкалық шығармалары тыңдарманға керек-ақ. Алдағы уақытта композитордың әндері Әулиеата аспанын әнге бөлеп тұрса, қандай керемет. Бұл да туған жер таланттарын танытудың, өнерін насихаттаудың көрінісі болар еді. Шын өнер «көзден кетсе, көңілден де кететін» нәрсе емес екенін тек ұғына білсек болғаны? – дейді ақын Хамит Есаман жерлесі туралы тебірене ой қозғап.
Иә, ілкіден жеткен «Кешегінің бәрі – сағыныш. Ал бүгінгі күн – сол сағынышқа алып барар соқпақтың бастауы ғана» деген сөз бар. Сірә, онысы рас болар… Өнер өлкесінде із қалдырған қаншама талантты жандар өтті мынау дүрбелеңге толы, шырғалаң дүниеден? Тым сайқымазаққа толы дүниеде адам атаусыз қалғаны жаман. Көкдөнен ауылының көшелеріне белгілі сазгер Мэлс Өзбековтің, сатирик Басқар Битановтың есімдері берілген. Орынды, басқаларға өнеге болатын іс-шара. Енді көпшіліктің «ауылдың мәдениет үйіне «Ыстық маған туған жерде атқан таңым» деп туған жерін мәңгі жырлап өткен Жаңбыршы Үсейіновтың аты берілсе жөн болар еді» деген өтініштері аудан, облыс басшыларының құлағына жетіп, орайлы шешім қабылдағаны орынды болар еді деп үміттеніп отыр. Расында да туған топырағын, ел-жұрттың әсем әнге бөлеген азаматты ардақтағанымыздың несі артық?! Ол тірі болғанда 75 жасқа толуына орайластырып дүбірлетіп той өткізер еді. Әттең, олай болмады. Бір кем дүние….
…Табиғаты тамылжыған, төрі ақ басты Алатаудың көрікті шыңдарымен көмкерілген Көкдөнен мен Құлан аспанында әлі күнге дейін Жаңбыршы Үсейіновтің сырлы сазы әуелей ұшып, өнерсүйер қауымның жанын жадыратып, ой-сезімін теңіздей тербете керемет әсер етеді. Өнердің мәңгілік қазына екенін сөзсіз ұғынасың.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жамбыл облысының
Құрметті азаматы