Дамыған елдер газет оқу мәдениетінен айырылғысы келмейді

15 жыл бойы оқырман назарына ең өзекті ақпараттар легі мен рухани құнды материалдарды ұсынып келген республикалық қоғамдық-саяси «Айқын» газеті – бүгінде еліміздегі белді басылымдардың бірі саналып отыр. Газет ұжымын бір отбасындай ұйытып, жас тілшілердің шеберліктерін ұштап, қазақ баспасөзінің дамуына зор үлес қосып жүрген журналист, ақпарат саласының белді өкілі Нұртөре Жүсіппен сала төңірегіндегі сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Биыл «Айқын» газетіне 15 жыл толып отыр. Газетке соңғы 10 жылда өзіңіз басшылық етіп келесіз. Ол кезде «Айқын» қандай еді? Осы уақыт аралығында қаншалықты өзгерді?

– «Айқын» газетінің қазақ ақпарат кеңістігіне шыққанына 15 жыл толды. Бұл газетке 2008 жылдан бері басшылық жасап келемін. «Айқын» жарық көрген кезде Қазақстанда қазіргідей интернет кеңістігі жоқ еді. Газет аптасына бес рет шығып тұрды. Әр апта сайын «Айқын-апта» қосымшасы 32 бетпен жарық көрді. Газеттің таралымы 40 000 дананың үстіне шықты. «Айқын» газетінің редакциясы – Қазақстан Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығын иемденген бірден бір ұжым. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі тағайындаған «Үркер» сыйлығының екі мәрте лауреаты да біздің газет. Редакция 2018 жылғы 7 қазанда Астана қаласына Алматыдан қоныс аударды. Ең үлкен өзгеріс осы.

– «Айқын» жақында әлемдегі ірі басылымдардың тәжірибесін зерттеп, оқырмандарға қолайлы болуын ескеріп газетті жаңа D2 форматына көшірді, бұрын болмаған тың айдарлар ашты. Оқырмандарды тағы қандай жағымды жаңалықтар күтіп тұр?

– 2019 жылдың қаңтар айынан бастап «Айқын» газетінің форматы өзгерді. Дәстүрлі А2 форматынан D2 форматына ауыстық. Бұл газеттің ажарын өзгертті. Жарияланатын мақалалардың көлемі қысқарды. Ықшам да оңтайлы формат оқырмандарға ұнап жатыр. Негізі – әңгіме газеттің форматында, түр-түсінде емес. Контент мазмұнды болуы керек. «Айқын» алғаш шыққанда ақпараттық бағыт ұстанды. Жедел ақпарат беру жағынан күнделікті газеттер арасында «Айқынның» айы оңынан туды. Қазір қанша жедел десеңіз де шұғыл ақпарат тарату жағына келгенде әлеуметтік желіге ілесу мүмкін емес. Сондықтан біз газеттің бағытын – ағартушылық, танымдық нұсқаға қарай өзгерттік. Талдау, сараптама жасау бағытына ойыстық. Осы жағынан алғанда «Айқында» оқылатын мақалалар көбірек болады. Оқырмандар газеттен қол үзбесе дейміз.

– Қазіргі таңдағы баспа басылымдарының нарығы жөнінде не айтар едіңіз? Бәсекелестік қай деңгейде? Болашақтан не күте аламыз?

– Қазақтілді басылымдар нарығы барынша тарылды. Көптеген газеттердің тиражы күрт кеміді. Қазір бәсекелестік туралы әңгімеден гөрі күн көру, нарық талаптарына шыдас беру, амалдау мәселесі алға шықты. Қағаз түріндегі газет-журналдардың күні қараң қалуға шамалы-ақ уақыт қалды. Бірақ әлемнің дәстүрлі мәдениеті бар елдерінде қағаз басылымдар сақталады. Бәлкім, ұзақ өмір сүре беруі де мүмкін. Бізде «оқу мәдениетін» бойына сіңірген ұрпақ біткен кезде, қағаз басылымдар да «Қызыл кітапқа» енген жан-жануарлар тәрізді саусақпен санарлық болып қалады. Ақпарат алу мен тарату жағынан дәстүрлі БАҚ әлеуметтік желілерге өз орнын босатып берді. Қазір ең жедел деген ТВ-ыңыздың өзі әлеуметтік желіні тұтынып отыр. ХХІ ғасыр бұл тұрғыда ғаламат өзгерістерге тап болды. Ақпарат құйыны әлемді шырқ үйіріп жатыр. Дәстүрлі БАҚ ештеңе ұстана алмайды. Оның қолынан келетіні – аман қалу үшін жанталасу ғана. Надандық үстемдік құрғанда аман қалуының өзі екіталай.

 

– Баспа басылымдарын электронды нұсқаға көшіру әлемдік үрдіске айналып отыр. Мұндай өзгеріс туралы ойлап көрдіңіз бе? «Айқын» газеті үшін қаншалықты мәні бар?

– Бұл амалсыздан жасалатын тірлік. Мәселен, «Алаш айнасы» дейтін әп-әдемі газет бар еді. Олар қағаз нұсқадан бас тартып, электронды нұсқаға көшті. Соңы не болды? Қазақ ақпарат кеңістігі тәп-тәуір газеттен айрылды. Мұндай өзгерісті ойлаудың өзі қорқынышты. Бірақ мұндай жағдай тек Қазақстанда ғана өріс алып отыр. Әлемнің кез келген озық мемлекетінде қағаз түріндегі басылымдар тұрақты шығып жатыр. Технология жағынан дамыған Жапонияның өзінде күніге екі рет – таңертең және кешке 9   миллион  тиражбен шығатын газеттер бар. Сол Жапония неге жауып тастамайды газеттерін? Бәрі смартфон арқылы оқи бермей ме? Жоқ! Дамыған елдерде газет оқу мәдениеті қалыптасқан. Олар содан айырылғысы келмейді! Ал біз?…

– Бүгінде экономиканың көптеген саласындағы ең негізгі мәселелердің бірі – маман тапшылығы. Бұл тұрғыда қазақстандық журналистиканың жағдайы қалай?

– Жақсы маман қай кезде де тапшы. Қазақстанда журналист кадрларын даярлайтын факультеттер жеткілікті. Қолдарында табақтай дипломы бар, оқуды «Қызыл» дипломға бітірген жас журналистерді газет жұмысына төселдіру, жазуға бейімдеу – үлкен мәселе. Ынтасы бар болса, өзіміз тәрбиелеп, баулып, жақсы маман етіп шығарамыз. Ал ынта-ықыласы болмаса, өзінің соры…

– Журналистика бүгінде түбірлі өзгерістің алдында тұр. Жаңа медиа құралдары негізге алынбақ. Сіздің басылымның жұмысында қандай инновациялық арсеналдар қолданылуда? Қазақстандық журналистерге қандай жаңа тәсілдерді қолдануға кеңес берер едіңіз?

– Тек журналистика ғана емес, бүкіл ел түбірлі өзгерістерге бет бұратын секілді. Жаңа медиа дегенін жасайды. «Айқын» газетінің өз сайты бар. Веб-редакция жұмыс істейді. Қазір «Aiqyn.kz» сайты қазақтілді сайттар арасында алғашқы ондықтың ішінде. Бұл   күн сайынғы қажырлы жұмыстың жемісі. Қазіргі жас журналистер осы заманғы құрылғыларды жақсы пайдаланады. Осы артықшылықты дұрыс пайдалану керек. Оларға ақыл-кеңес беруден гөрі, біз олардың ақыл-кеңесіне көбірек жүгінетін жағдайдамыз.

– Әңгімеңізге рахмет!