Дандай Ысқақұлы, Сан қырлы дарын немесе Жүсіпбек Аймауытов шығармашылығы туралы сыр
XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің аса дарынды өкілдерінің бірі Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы, кей деректер бойынша 1890, қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданы Жүсіпбек Аймауытов атындағы ауылда туған. Тегі жағынан келгенде, осы өңірден шыққан Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев сияқты атақты ақындармен әрі жерлес, әрі туыс болып келеді. Арғы аталары Дәндебай мен Қуат текті жерден шыққан дәулетті кісілер болғанымен, өз әкесі Аймауыт шағын шаруалы адам екен.
Әкесі балаларын жастайынан еңбекке баулиды. Жүсіпбек те әкесінің үйретуімен етікші, ерші, өрімші, ағашшы, тігінші сияқты қол өнерлерін игеріп, күнкөріс кәсіпке айналдырады. Ән салып, домбыра тартуды үйренеді. Оның үстіне сөзге зеректігі Жүсіпбектің қаршадайынан өнерлі болып өсуіне жағдай жасайды.
Жүсіпбек бес жасында ауыл молдасынан хат таниды. Он бес жасқа дейін арабша дәріс алады; молдалық құрып, бала оқытады. Орысша сауатын да ауылдан ашады; әкесі Оспанның оқып жүрген немере туысы Қағазбай Жүсіпбекке орысша үйретеді. 1905 жылы Баянауылға барып, орыс мектебіне оқуға түседі. Мұнда бір қыс оқыған соң мектептегі әділетсіздіктерге қарсылық білдірген шәкірттердің ереуіліне қатысамын деп, оқудан шығып қалады.
Қыстай етік тігіп күн көреді. Жазда Баянауылға келіп, ондағы мектепте оқуын жалғастырады. Мектепті бітірген соң ауылда бала оқытады. 1911 жылы Керекудегі екі кластық орыс-қазақ мектебіне кіреді. Одан кейін төрт жылдық мектеп-интернатты бітіреді. 1914 жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясына түсіп, оны 1919 жылы бітіреді.
Семинарияда Жүсіпбек Қаныш Сәтбаевпен бірге оқыған. Мұхтар Әуезовтің де осында оқып, Жүсіпбек Аймауытовпен жақын аралас жүргені, әдебиет кештерін бірге ұйымдастырғандары белгілі.
Семинарияның директоры Нұрғали Құлжанов әдебиет пен мәдениетке бір табан жақындау, ұлтжанды азамат болған. Жиі ұйымдастырылып тұратын мәдени кештерде сегіз қырлы өнерпаз Жүсіпбек ерекше көзге түсті. Ж.Аймауытов Семейде оқыған кезде қазақтың ұлтшыл зиялы азаматтарымен жақын жүреді. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов сияқты ұлт-азаттық қозғалыстың саяси көсемдерінің тікелей ықпалында болады. 1917-1919 жылдары Алашорда ұйымына мүше болып, қоғамдық-саяси істерге араласты. 1918 жылы М.Әуезовпен бірге «Абай» журналын шығарысты.
1919 жылы 1-желтоқсанда Семейде совет өкіметі жеңеді. Қазан төңкерісі әкелген өзгерістер қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси бағыттарына тікелей әсерін тигізеді; Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ыдырыс Мұстамбаев, Әзімбай Лекеров сияқты көптеген оқыған қазақ жастарымен бірге Ж.Аймауытов та жаңа өкіметтің қызметтеріне белсене кіріседі. Семейде Губерниялық төңкерістік комитет құрылғанда Жүсіпбек нұсқаушылар бөлімінің бастығы болып бекітіледі. 1920 жылы қаңтар айында РКП (б) қатарына кіреді (1922 жылы шыққан). 1921 жылы Губревком тарап, Семей губерниялық атқару комитеті кұрылғанда Аймауытов Губатком мүшесі және оқу бөлімінің бастығы болады.
Осындай жауапты қызметтер атқара жүріп, ол жазу жұмысынан бір сәт те қол үзбейді. Семейде шыға бастаған тұңғыш советтік газет «Қазақ тілін» ұйымдастырып, алғашқы редакторы болады. 1920 жылы Қазақстан Советтерінің Құрылтайына делегат болып қатынасады. 1922-1924 жылдары Қарқаралыда мұғалім, 1924-1929 жылдар аралығында Шымкенттегі педагогикалык техникумда директоры болып істейді.
Осындай қызметтер атқара жүріп, қоғамдық-саяси жұмыстарға да белсенді түрде араласады. 1929 жылы Жүсіпбекке Совет өкіметіне қарсы деген саяси айып тағылып, қамалады. 1931 жылы ұлтшылдық ұйыммен байланысты «халық жауы» ретінде айыпталып, атылды.
Ж.Аймауытов өлең шығарумен бала кезден айналыса бастаған. Жастайынан ауыз әдебиетінен мол сусындап өскен бала Жүсіпбек шығыстың қисса-дастандарын ұзақ таңға тыңдап, кейіннен өзі де үйреніп алып, жатқа айтатын болды.
«Ең алғаш менің өлең жазғаным он үш жасар кезім болса керек. Дұғалық жазатын кішкене қара шолақ кітапшама тіленші шалға боранда есігін ашпаған кемпірді, көшкенде байталға мінбеймін деп, әкесін ренжіткен қызды (ол Жәмікен деген апам ғой) өлең қып жазып қойғанымды әкем көріп, маңдайымнан иіскегені әлі есімде. Содан соңғы өлең жазғаным он тоғыз-жиырма жасар кезім болса керек… Абайға еліктеппін. Ең алғаш басылған сөзім 1913 жылы болса керек. Бір ақымақ алыпсатардың болыс болам деп, елге бір месте шай апарып, елдің қулары болыс қоямыз деп, шайларын алдап алып, бос қайтқанын жазып едім, бұл хабар «Қазақ» газетінде басылды. Сол хабардың басылуы қалам ұстауыма үлкен себеп болды» – деп жазды қаламгер өзінің шығармашылық жолының басталуы турасында.
Сол кездегі көптеген жазушылар сияқты Жүсіпбектің қалам қарымы баспасөз бетінде қатайып, шыңдалды; шеберлік мектебі болды. 1917 жылы «Сарыарқаның сәлемі» атты өлеңі «Сарыарқа» газетінің бірінші нөмірінде жарияланды.
Осы кездерден бастап «Қазақ», «Сарыарқа», «Жаңаөріс», «Ақжол», «Еңбекші қазақ», «Қосшы» газеттерінде, «Абай», «Лениншіл жас», «Жас қазақ», «Әйел теңдігі» журналдарында мақала, әңгіме, өлең, пъесалары жиі жариялана бастайды. Алғашқы туындылары ұлт бостандығы рухында жазылып, елді бірлікке, білімге, еңбек етуге, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге, адамгершілік мұраттарын сақтауға шақырды.
Жүсіпбектің артында қалған әдеби мұра аса бай. Ол әдебиеттің барлық салаларында дерлік қалам тербеп, идеялық-көркемдік сапасы жоғары тамаша туындылар жазды.
Ж.Аймауытовтың алғашқы өлеңдерінен-ақ оның шығармашылық беті айқын көрінеді. «Ұршық» (1917) атты өлеңінде жалғыз баласын әскерге алып кеткен кемпірдің монологы арқылы сол кездегі әлеуметтік жағдайдан хабардар етеді. «Көшу» өлеңінде қазақ ауылындағы көш сән-салтанатының көркем көрінісін жасайды. «Комилә», «Ах-ха-ха-ха-хау» өлеңдерінде қазақ қызының ауыр тағдырына назар аударады. Жүсіпбектің «Ұран», «Әскер марсельезасы» атты өлеңдері – халқының қанаудағы халін көрсетіп, одан құтылуға үндеген, азаттық рухта жазылған туындылар. Патша өкіметі құлаған соң енді шын бостандық келді деп сенген ақын былайша жырлайды:
– Қазағым, қамықпа, қамалма,
Ел болар қамыңды амалда.
Кетті түн. Атты таң, шықты күн,
Сал малды, сал жанды аянба…
Зарыққан, тарыққан шағыңда,
Тап болды бостандық бағыңа.
Ұйымдас, ұрандас, жағалас.
Сен де мін бабаңның тағына…
«Әскер марсельезасында» халқымыздың ұлттық тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, елін-жерін қорғаудағы жауынгерлік ерліктерін мақтан тұтады.
– Арғы атам ер түрік,
Біз қазақ еліміз.
Самал тау, шалқар көл,
Сарыарқа жеріміз.
Сай сайлай, мал айдап,
Сайрандап ен жайлап,
Ерке ескен Арқаның
Еркесі серіміз…
Ертүрік етіміз.
Қамығып еш жаудан
Қайтпаған бетіміз.
Өз халқын ездіктен құтқарып, егемендікке жету жолында бұрыннан бар ерлік дәстүрді қайта жаңғыртуға үндейді. Осы алғашқы өлеңдерінен-ақ Ж.Аймауытовтың шығармашылық қызметінің ұлт-азаттық, ұлтшылдық рухтағы әлеуметтік бағыты айқын көрінді.
«Нұр күйі» (1929) поэмасында (автор «Күйлі сөз» деп атаған) Жібек ананың соқыр боп туған баласының өнерпаз, күйші болып өскендігі, орыс дәрігерлерінің көмегімен көзі көріп, қуаныштан, шаттықтан күй тартқандығы жырланады. Жастарды жаңа өмір үшін күресе білуге үндейді; халықтар достығын насихаттайды. Поэмада ақ өлең үлгісі көбірек қолданылған.
Ж.Аймауытов шығармашылығының салмақты жағы оның прозасында жатыр. Ол – «Әнші», «Елес», «Жол үстінде» сияқты көптеген әңгімелердің, «Күнікейдің жазығы» повесінің, «Қартқожа», «Ақбілек» романдарының авторы. Жүсіпбектің әңгімелері көлемінің шағындылығымен, шынайылылығымен ерекшеленеді. Оларда ел өміріндегі, адам психологиясындағы өзгерістер, қоғам, өмір, өнер жайлы толғаныстар бар.
Жазушы жаңа заманда кедейлердің теңдікке жеткендігіне қуанады («Қойшы Ғастамақ», «Оралдан поезд өткенде»). Ауылда болып жатқан өзгерістерді құптайды («Өзгермесе, бұл не?»). Сонымен бірге ауылды кеңестендіру кезінде орын алған келеңсіз кұбылыстарды аяусыз сынайды («Көшпелі Көжебай», «Жарасымды суреттер»). Жағымсыз қылықтарды мінеуге арналған әңгімелерінде юмор, сатира шебер пайдаланылады.
«Елес» әңгімесінде кеңес журналистерінің білім-білігінің таяздығы, даңгаза, жалған саясаттың салдарынан өмір шындығын жаза алмай, бетінде қалқып жүргендігі ащы тілмен сыналады. Жұмыста бей-жай қалыпта есінеп отырған журналист қалғып кеткенде, түсіне елес кіріп, қаламгердің даурықпаға еріп, дәуір тынысын жаза алмай жүргендігін бетіне айтып, қатты кінәлайды. Бұл әңгімеден жазушылық, жалпы сөз өнері туралы, оның мәні мен маңызы, қоғамда атқаратын қызметі жайлы көзқарасы айқын көрінеді.
«Әнші» әңгімесі атақты әнші Әміре Қашаубаевқа арналған. Қазақтың әншілік дәстүрі бас кейіпкер Әмірханның бейнесінде жаңаша жалғасын тапқан. «Күнікейдің жазығы» (1928) повесі қазақ қызының аянышты тағдырына арналған. Оқи бастағаннан қараңғы үйде қайғыдан күңіренген кейуананы көреміз. «Күнікей ғой бұл жатқан» деп таныстырады бас кейіпкерімен. Шегіністер жасау арқылы бұл иесіз шымқора – жер үйде жалғыз қалған аурудың бір кезде күндей күлімдеген Күнікей екендігі, оның да ақылды да сұлу қыз болып шалықтап өскендігі, бірақ кейіннен өмір толқындарының ауыр соққыларынан есеңгіреп, бақытсыз күйге түскендігі шебер суреттелген. Кедей қызы Күнікей сүйгеніне қосылып бақытты болған сияқтанғанымен, бала көтермей, аяғы қайғылы халге ұшырайды. Шығармада қазақ халқының ұлттық өмірін салт-дәстүрін бейнелейтін қыз ұзату, көшу, ойын-сауықтар, әзіл-қалжыңдар сияқты тұрмыстық суреттер мол. Повесть ақ өлең үлгісімен жазылған; поэзияша төгіліп тұр.
Ж.Аймауытовтың прозадагы көркем де кесек туындыларының бірі – «Қартқожа» романы (1926). Романда қазақ даласында Қазан төңкерісі әкелген өзгерістер шынайы бейнеленген. Шығарманың бас кейіпкері – Қартқожа Жұманов өмірде болған адам. Ол – қарапайым халық арасынан шығып, төңкерісті қуана қарсы алған, кейіннен партия-совет жұмыстарында қызметтер атқарған азамат. Автор өзі жақсы білетін шын өмірдегі Қартқожаның әдебиеттегі көркем бейнесін жасай отырып, алдына дүбірлі кезеңнің қазақ даласына әкелген дүбірлі жаңалықтарын суреттеуді мақсат тұтқан. Қартқожа жүріп өткен жолдар – бір ғана адамдікі емес, сол кездегі саяси-әлеуметтік істерге араласа бастаған ондаған, жүздеген қазақ оқығандарына да ортақ жол. Қартқожа – төңкерістен кейін оянып, қоғамдық өмірде өз орнына ие бола бастаған көзі ашық қазақ жастарының типтік бейнесі. Бейімбет Майлин Мырқымбай арқылы кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы қазақ кедейлерінің классикалық көркем бейнесін жасаса, Жүсіпбектің Қартқожасы – осы қатарда тұратын оқыған қазақ азаматтарының жиынтық образы.
Романның сюжеттік желісі бір ғана адамның – Қартқожаның өмір жолын баяндауға кұрылған. Осы ерекшелігі оған өмірбаяндық-мемуарлық сипатта қосқан. Бірақ шығармадағы оқиғалар бірінші жақтан баяндалмай, автор атынан суреттеліп отырады. Қартқожаның бейнесін жасау ол жүріп өткен өмір жолдарын көркем баяндау арқылы жүзеге асқан. Сөйтіп, қоғамның жеке бір мүшесінің тағдырын көрсету арқылы аласапыран қазақ даласының көркем келбеті жасалады. Романда суреттелген барлық оқиғалардың қақ ортасында Қартқожа жүреді.
Автор бас кейіпкерін өмірдің небір қилы соқпақтарынан өткізеді. Кедей ортадан шыққан оның әкесі Жұман – момын адам. Ал шешесі болса, ол да «біртүрлі момын, біртоға жан». Күйбеңдеп шаруасын істеп, балаларының үсті-басын бүтіндеп, анаған да, мынаған да: «Қарағым, шырағым» дегеннен басқа, бар дәмін кісіге бергеннен басқа бөтен мінезі жоқ».
Осындай отбасынан шыққан Қартқожаның момын болуы да сенімді. Оның үстіне қатал тағдыр-тіршілікте еңсесін езіп тастаған. Көптің бірі Жұманның да күн көрісі нашарлап, бала-шағасын асыраудың өзі қиындай береді. Тіршілік жасап отырған төрт-бес малынан айырылады. Табиғат та тырысып, бар кәрін төгеді. Жазушының жұтты суреттеуінен оның тіршілік тынысын терең білетіндігі көрінеді. Осы қоян жылғы жұтта Жұман да қайтыс болады. Артында аңырап бала-шағасы қалады. Өмір мен өлім белдескен шақ еді бұл. «Тұрымтай тұсымен» болған осы кезде бас кейіпкерді жоғалтып алғандай да боламыз. Сөйтсек, ол күн көру үшін молда болып кетіпті.
Романда жұттан кейін бір-екі жылдан соң қайтыс болған бір кемпірдің підиясында отырған бір молданы көріп қаламыз. Жазушы кейіннен «Қартқожадағы» підия алатын бала молданы оқысақ, ол – өзім. Қартқожаның әке-шешесін көрсек, ол – өз әке-шешем» деп жазды.
Жұттан аман қалған Қартқожа ескіше сауатының арқасында молда болып, жан бағып жүрген екен. Оның есіл-дерті – оқу. Өлермендігімен елге демалысқа келген шәкірттерден орысша хат таниды. Өмірде болып жатқан қым-қиғаш оқиғалар жас баланы сан ойларға жетелейді. Қартқожа оларға жауап таба алмай, шарқ ұрады. Жауапты тек білім арқылы ғана ала алатынына көзі жетіп, оқудың соңына түседі. Өстіп жүргенде 1916 жылдың оқиғаларына қатысады. Әскердің қара жұмысына алынады. Солдаттық өмір Қартқожаның көзін ашады: оңы мен солын танып, саяси сауаттана бастайды. Романның соңында өмірдің небір қиын баспалдақтарынан өтіп, ысылған, халқын жақсы істерге бастап жүрген азамат Қартқожаны көреміз.
Романда Қартқожа сияқты зорлық-зомбылық сияқты келеңсіз көріністерге батыл қарсы шыққан жастар да көрінеді. Сондай адамның бірі – Дәрмен. Патша жарлығына қарсы шыққан қазақ жігіттерінің ішінде Дәрмен Қартқожаға ерекше әсер қалдырады. Ол нағыз сегіз қырлы, бір сырлы: әрі ақын, әрі әнші, әрі балуан, әрі ақылды, әрі батыр жігіт ретінде ұзақ есте қалады.
«Қартқожа» романы туған жерге, халқына деген ыстық лебіздерге толы: «Туған жердің қадірін туғалы түзге шықпаған елдегі адам қайдан білсін?.. Ыстық қой, шіркін, туған жер! Туған жерге жеткенше, қайтіп дәтің шыдайды? Кім сағынбас өз қағын? Кім сүймесін өз жерін? Сүймесе сүймес, зердесіз, шерсіз жүрек, тілеуі бөлек жетесіз… Туғалы ұзап шықпаған, бауырмал әжесінің бауырында еркелеп өскен үлбіреген балапан жүректі Қартқожа қайтіп сүймесін?»
Жазушының көркем сөздің хас шебері екендігіне мына үзінді дәлел болса керек:
«Міне, Ертіс. Суы қара барқынданып, жауырынын күжірейтіп, көк ала сең арқалап езуінің көбігі бұрқырап, екпіні үй жыққандай долы Ертіс. Әнебір сеңдер иін тіресіп, үзеңгі қағысып келеді. Оның ар жағында андағайлаған жеке дара сеңдер тұмсығын жұлдырып, күрс-күрс сынып, басы зеңіп, үйдей шомбал кесек мұз майдандағы дәулескер батырдай, жолдағыларды кеудемен соғып, соңынан жол салады. Алыптың айбарына неғып шыдасын? Шошалаңдаған қағылез сеңдер тұмсығын сындырып, күрс-күрс сынып, басы зеңіп, шыр кебелек айналды. Алыстан бұршақ теңдеген нөсер келе жатқандай, әйтпесе қамыс кешіп жолбарыс жүргендей, сеңге қақалған Ертіс булығып, кеудесі сар-сар етеді». Бұл жолдарды Лермонтов жырлап, Абай қазақшалаған «Теректің сыйымен» ғана салыстыруға болар.
Романда саяси-әлеуметтік өмірдің өзекті өңірлеріне батыл барып, өміршең ойлар өріс алған. Бір ғана мысал. Қартқожаға бір жігіт «Қазақ саудагер болмаса, ұтылады. Тұрмыс – күнкөріс тартысы. Сауда жүзінде тартысқа жарамаған ел ел болмайды. Елді ішек-құрттай жайлап, теспей сорып, жоғалтатын нәрсе – капитал, сауда-саттық. Қазақ сауда-саттыққа кірісе алмай, қағылып қалса, ұтылғаны, жеңілгені деп ойлау керек» – деп, ақыл айтады. Бұл ойлардың қазір емес, осыдан жетпіс жыл бұрын сауда атаулыға қарсы шығып жатқан кезде айтылғандығын ескерсек, жазушының тіршілік тынысын дөп басып, көрегендік танытқанын айта кетпеске болмайды.
Ж.Аймауытов өз кейіпкерлерінің өзіне ғана тән сыпатты ерекшеліктерін дәл тауып, шебер сомдай біледі. Жан жүйесі жайлы оқулық жазған жазушы ұлттық психологияға жетік. Ирония, юмор, сатира сияқты көркемдік кұралдарын пайдалануға келгенде шын шеберлік танытады. Июнь жарлығынан кейінгі ел билеген болыс-билердің әнтек іс-әрекеттері осыған дәлел.
«Қартқожада» ел тіршілігі, замана тынысы, оның ұнамды, ұнамсыз жақтары онша әсіреленбей, шынайы бейнеленеді.
Жүсіпбектің реализмі дүбірлі дәуірді көркем кестелей алғандығынан айқын көрінеді. Шығарманың көркемдік-идеялық қыртыстары қалың.
Тұтастай алғанда, «Қартқожа» романы Ж.Аймауытовтың шығармашылық дарынының қуаттылығын танытқан, сонымен бірге қазақ роман жанрының жиырмасыншы жылдардағы елеулі табыстарының қатарындағы шығарма болды.
Жазушының «Қартқожамен» тақырыптық жағынан үндес, композициялық құрылымы жағынан ұқсас жазылған романы – «Ақбілек». Алғашқысында қалың халық арасынан шыққан қазақ кедейінің өмір жолы суреттелсе, соңғысында қазақ қызының тағдырына төңкеріс әкелген өзгерістердің тигізген қилы әсерлері көркем бейнеленеді. «Ақбілекте» Жүсіпбек қазақ сөз өнерінің шын шебері ретінде жарқырап көрінді. Роман идеялық жағынан болсын, көркемдік қасиеттері болсын, бүкіл қазақ прозасының классикалық туындыларының қатарында.
Романда төңкерістен кейін әрі-сәріге түскен қазақ даласының тынысын алыс Алтай өңіріндегі бір ауылдың тіршілігін суреттеу арқылы береді. Түкпірдегі қазақ ауылы…
Баяғыша бір қалыпты тіршілік. Қызылдардан жеңіліп, шетке ығысып кеткен ақгвардияшылар…
«Ақбілекте» өмірдің қатал шындығы қазақ қызының қиын да күрделі тағдыры арқылы бүкпесіз бейнеленген. Азып-тозған ақгвардияшылардың офицерлері үшін адам өлтіру, жеке адам тағдыры түк емес. Қазақ ауылдарына қасқырша тиген олар Ақбілектің де ауылын талап, анасын өлтіріп, өзін олжа қылып алып кетеді. Оң жақта солқылдап бойжеткен, құда түсіліп, әне-міне ұзатылғалы отырған ақылды Ақбілектің тағдыры есірген ақ офицерлердің ойыншығына, бақытты болашағы гүлдей семіп, «беті ашылған» қарабетке айналды.
Бірақ өмір шахмат ойыны іспеттес. Ақбілек те көптеген тауқыметтерді басынан өткеріп, бақытты өмірге қайта оралады, Балташтай азаматпен бақытты шаңырақ құрады. Романның соңында күйеуі Балташпен бірге туған ауылына келеді. Бір кезде күн көрсетпеген өгей шешесіне дейін тік тұрып, қарсы алады. Ауылына баяғы қарабет Ақбілек емес, азамат Ақбілек болып оралады. Бір кезде қаншама өкініш, қасірет әкелген, өлдіге санап келген Ескендірімен табысады.
Жазушының тілі аса көркем; қазақтың байырғы қарапайым тілі бар құдіретімен жарқырап көрінеді. Жалт-жұлт еткен, сәуле шашқан, тылсым тұңғиығына тартқан асыл сөздер сиқыршыдай арбап, елтіп алып кетеді. Тіпті, прозалық шығарма емес, поэзия оқып отырғандай әсерде боласыз. Қалыпты прозаны өлең өлшеміне келтіріп жазсақ:
Өскеменнің ар жағында,
Бұқтырманың оң жағында
Әлемге аян Алтай бар.
Сол Алтайдың күнгейінен
Құбыла жаққа кұлай аққан.
Құлай ағып Ертіс түскен,
Күр-күр еткен, Күршім бар, – деген жолдар өлең сияқты оқылады.
Суреткерлік жағынан келгенде, көркемдіктің кестесі құлпырып тұр. Иә, Жүсіпбектің тілі сұлу, ойы көркем. Романның басты құндылығы да осы құлпырған қызғалдақтай көркем тілінде жатыр. Сырлы сезіммен жан тебіреніспен жазылған «Ақбілекті» сезімсіз оқу мүмкін емес, тілі тым сиқырлы. Әсіресе бірінші бөлім нәзік лиризм мен асқақ шабытқа толы. Автор нені жазса да жанымен, сезіммен бейнелеп, суреттеп жазады; жанды көріністер жасайды. Жай баяндай салу жоқ: «Қара түн жан-жағын қамап жұтып қоятындай ұмтылып келе жатыр», «Түкіріп жіберсе, есіктен өтіп, сары иттің тұмсығына жалп етеді», «Пароход сорпа жалағыш кәрі төбетше суды шолп ұрып, қозғала бастады». Романда көп ұзақ-сонар баяндаулар кездеспейді. Қысқа да жанды образ, айшықты бояулар көз тартады.
Жазушы көбіне үшінші жақтан суреттеу, баяндау әдісін қолданады. Ал, соңғы төртінші бөлім – «Махаббат» Ақбілек пен Кәмиләнің әңгімесіне құрылған. Ақбілектің басынан кешірген ауыр оқиғаларды суреттеу барысында автор өзінің суреткер екенін кейде ұмытып кетіп, болып жатқан жағдайларға өз көзқарастарын қалай білдіріп қойғандығын байқамай да қалатын сияқты.
Ж.Аймауытов – психолог жазушы. «Жан жүйесінің» авторы өз кейіпкерлерінің жан дүниесіне терең бойлап, нәзік сезім иірімдерін жіті бере білген.
«Ақбілек» – қазақ прозасындағы алғашқы психологиялық роман. Образдар жасаудың басты құралы ретінде психологиялық толғаныстар жиі қолданылады. Жазушы кейіпкерлерін алғаш шығарма сахнасына шығарғанда анадай еді, мынадай еді деп, көп тәптіштеп жатпайды. Оларды сахнадағы артистей – бір-бірлеп оқырман алдына шығарып, өзі, өмірі туралы толғаныстарын айтқызады. Бекболатпен, ақ офицермен, Мұқашпен біз осылайша танысамыз. Кейіпкерлердің кім екендігін сыртқы түрінен, іс-әрекетінен ғана емес, ішкі жан сырлары арқылы да танып білеміз.
Жазушы өзінің сүйікті кейіпкері Ақбілекті бейнелеуге барын салған. Ақбілектің жан толғаныстары қоршаған ортамен шебер ұштасып жатады. Өкініш пен өксікке, күйініш пен қуанышқа толы өмір кешкен Ақбілек бар болмысымен, жан дүниесімен көрінеді. Оның жан толғанысы кей тұстарда авторлық баяндаумен жымсыз ұштасып, іс-әрекеттің ішкі мазмұны мен сыртқы көріністері тұтастық табады. Қайшылығы мол қоғамда тағдыры тәлкекке ұшыраған Ақбілектің жан күйзелістері, аянышты халі кімді болса да тебірентпей коймайды.
Мамырбайдың бой жетіп отырған қызы Ақбілектің Мұқаштың опасыздығымен қашқан ақгвардияшылардың қолына түсуін, ондай талай қорлықтар көріп, әйтеуір аман қалуын, жалғыз қалған қызды тау арасында қасқырлардың қамалауын суреттеген тұстар шебер кестеленген. Романда қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрыптары, салт-санасы, ұлттық психологиясы білгірлікпен бейнеленген. Әсіресе төңкерістен кейін бұрқ-сарқ қайнап жатқан қазақ өмірінің әлеуметтік көрінісі терең талданылған. Ақбаланың саяси жағынан жетілуі даму үстінде табиғи түрде көрінеді. Сондай-ақ, Ақбілектің әкесі Мамырбайдың, оның тоқалы Өріктің, атастырылған жігіті Бекболаттың, кім мықты болса, соның жағындағы Мұқаштың, ағасы Төлегеннің, қаладағы қазақ қызметкері Ықаң мен Тыпаңның, Ақбала, Доға, Балташ, Жорғабек сияқты жастардың бейнелері де шынайылық танытады. Кейіпкерлерін бір жақты жағымды, не бірыңғай жағымсыз етіп суреттеу Жүсіпбекке жат. Өмір қаншалықты қайшылықты болса, суреткер сомдаған образдардың болмысы да соншалықты күрделі. Әрбір кейіпкер өмірмен диалектикалык байланыста бейнеленіп, қоғамдағы қайшылықтар олардың бойынан көрініс табады. Қазақ даласына Қазан төңкерісі әкелген саяси өзгерістерді ауылдың қарапайым қызы Ақбілектің қилы тағдыры арқылы көркем бейнелеген «Ақбілек» романы – ұлттық прозамыздың төрінен орын алған кесек туынды.
Ж.Аймауытов – қазақ драматургиясының негізін салушылардың бірі. Ол қазақ театр өнерінің іргесін қалаушылардың қатарында. 1915 жылы Абайдың қайтыс болуының он жылдығына орай өткізілген әдеби кеште «Біржан-Сара айтысын» сахнаға лайықтап қайта жазып, онда басты рольді ойнаған Жүсіпбек болды. 1922 жылы «Еңлік-Кебектің» сахналык нұсқасын сахнаға шығарады. Кейіннен «Сылаңқыз»(1922), «Ел қорғаны»(1925), «Шернияз» (1926), «Рәбиға» (1926), «Қанапия-Шәрбану» (1926) драмаларын жазды. Жүсіпбектің пьесалары негізінен өз дәуірінің өзекті мәселелеріне айналған. Айтар ойының айқындығымен, драмалық тартыстың өткірлігімен ерекшеленеді.
Жүсіпбек балалар мен жасөспірімдерге арнап «Жаман тымақ», «Шал мен кемпір», «Көк егіз», «Үш қыз» атты ертегілерін жазды. Сондай-ақ мектеп, жоғары оқу орындарының оқушыларына арналған «Тәрбиеге жетекші» (1924), «Психология» (1926), «Жан жүйесі және өнер тану» (1926) атты елеулі еңбектері шықты. Сөйтіп ұлттық педагогика, психология ғылымдарының қалыптасып, дамуына айтарлықтай үлес қосты.
Ж.Аймауытов аудармашы ретінде қазақ әдебиетін байыта түсті. Ол Н.Гогольдің «Бақылаушы», («Ревизор»), А.С.Пушкиннің «Тас мейман», «Сараң сері», А. Дюманың «Дәмелі», Дж.Лондонның «Телегей теңіз», К.Берковичтің «Өрбике», С.Чуйковтың «Тау еліндегі оқиға» атты шығармаларын қазақшалады. Бұларға коса В.Шекспирден, Ги де Мопассаннан, Р.Тагордан, Л.Толстойдан, А.М.Горкийден аудармалар жасады. Бұлардың қатарына Н.И.Бухарин мен Е.А.Покровскийдің «Коммунизм әліппесі», А.А.Богдановтың «Саяси экономиканың қысқаша сипаты», П.И.Стучканың «РСФСР Конституциясы» атты монографиялық еңбектері бар. Аудармаларының ауқымдылығы Ж.Аймауытовтың жан-жақты білімдар, әдебиет пен мәдениетпен бірге қоғамдық өмірдің барлық саласында дерлік қызмет атқарған абзал азаматтың биік тұлғасын толықтыра түседі.
Жүсіпбек сын саласында да жарқырап көрінді. Ол жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің маңызды мәселелері хақында бірсыпыра сын мақалалар жазды. «Абайдан соңғы ақындар» (1918, М.Әуезовпен бірге), «Мағжанның ақындығы туралы» (1923), «Аударма туралы» (1925), «Сұңқар жыры» (1925) сияқты мақалалар күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. Әсіресе, шығармалары белгілі себептермен түрліше пікірлер туғызып келген М.Жұмабаевтың өнерпаздық қырларын жарқырата ашып берген мақаласы қазақ әдеби сынының классикалық үлгілерінің санатында. Сонымен бірге театр, музыка, мәдениет мәселелеріне арнап көптеген мақалалар жазған. Ән де шығарған.
Сан қырлы дарын иесі Ж.Аймауытов профессионалды қазақ әдебиетінің барлық саласында дерлік идеялық-көркемдік деңгейі жоғары тамаша туындылар қалдырды. Сөз зергерінің қаламынан туындаған сиқырлы жолдар, көркем көріністер, бедерлі бейнелер ұлттық әдебиетімізді байыта түсті.