Данияр Есімханов, пианист: Германияда оқу үшін үйімізді саттық
Ақпанның аяғында елордадағы «Астана Опера» опера және балет театрында симфониялық туындылар орындалған кезекті концерт өтті. Бұл жолы пианист Данияр Есімханов фортепиано әуенімен тыңдарман қауымды ерекше әсерге бөлеп, Иоганн Себастьян Бах, Ференц Лист, Вольфганг Моцарт және сегізге де толмай «Музыканың данышпаны» атанған әйгілі поляк композиторы Фредерик Шопен шығармаларына жан бітірді. Классикалық музыка маманын іздеп, Қазақ Ұлттық Өнер университетіне бардық. Көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты, фортепианосының үніндей салмақты қалпынан таймайтын Данияр Есімхановпен қос рояль тұрған аудиториясында әңгімелескен болатынбыз. Көңілімізден шыққаны, оның 11 жыл Германияда тұрса да, өзінің ана тілін ұмытпағандығы еді.
Мен бақытты музыкантпын
— Данияр мырза, әңгімемізді музыка әлемімен сізді достастырған алғашқы табалдырықтан бастасақ. Классикалық музыка өнеріне қалай келдіңіз?
— Негізінен, өнерге келуіме ең бірінші атаанам себепкер болды. Тарқатып айтсам, әкем Алматыға студент болып келген кезінде өмірінде алғаш рет симфониялық оркестрдің концертін көреді. Классикалық музыка бірден ұнап, өзі маманы болмаса да, шығармаларды жинақтаумен әуестенеді. Сол кезден бастап жинаған пластинкаларын көрсең, қазір оның музыканың кәнігі маманы болып кеткенін оңай байқайсыз. Анам да өнерден алыс жан, бірақ, өзінің айтуынша, балаларының симфонияға жақын болып өскенін қалапты. Сөйтіп, үйімізден бес минуттық жерде орналасқан А.Жұбанов атындағы республикалық дарынды балаларға арналған музыка мектепинтернатының даярлық тобына жібереді. Тіпті, бұл мектепке берудегі түпкі мақсаттары мені музыкант қылып шығару емес, қазақ тілінде білім алуым болыпты. Дегенмен, әуестенгенім болмаса, кәсіби музыкант болам деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Тек қателеспесем, 7-8 сыныптарда музыкаға жаңаша көзқараспен қарап, әрі ардақты ұстазым Галина Алексеевна Мелькованың бағыт-бағдар көрсетуімен соңғы шешімді өзім қабылдадым.
— Демек, ата-ана арманының жүзеге асуына білікті ұстаздың жәрдемі тиді дейсіз ғой?
— Ол рас. Музыкаға жан-тәнімен берілетін, шәкірттеріне үйретуде барын салатын Г.Мелькова жайында таңға дейін айтуға болады. Мәселен, мен өзімді бала күнімде керемет оқыдым және мінезі жайлы бала болдым деп айта алмаймын. Бірақ Галина ұстазым шыдамдылық танытып, тамырымды тап басатын уақытты күткен екен. Қолын бір-ақ сілтеп, «үйренбесең қой» дей салуына болатын еді. Алайда ол ондай қадамға бармай, қабілетімнің толық ашылатынына көзі жетті. Соның парасаттылығының арқасында бүгінгі деңгейге жетіп отырмын және әлі күнге апайымызбен хабарласып, ақыл-кеңесіне құлақ асып тұрамын. Бір сөзбен айтқанда, мен өте бақытты музыкантпын. Себебі менің жолымда тек қана жақсы адамдар, майталман музыканттар кездесті. Г.Алексеевнаның тәлімін алып жүріп, 1998 жылы «Новая имена» бағдарламасымен Ресейдің шеберлік сыныптарына қатыстым. Сол кезде Халықаралық И.П.Чайковский атындағы байқаудың лауреаты Владимир Мищук СанктПетербургтегі өзінің консерваториясына кел деп ұсыныс жасады. Әйтсе де, менің бағыма орай, 1999 жылы ақпанда, яғни А.Жұбанов мектебін бітіретін жылы дүниежүзіне белгілі пианист, КСРО Халық артисі Владимир Крайнев шәкірттерімен Алматы мен Қарағандыда концерттер беріп, солардың алдында менің де өнер көрсетуіме мүмкіндік туды.
— Аңғаруымша, В.Крайнев сізді бірден таңдады ғой?
— Иә, мен үшін күтпеген ұсыныс болды. Жағдайың жетсе, менімен жүр дегендей ақылын айтты. Алайда алып-ұшып Германияға тартып тұратындай мұғалімдер отбасында жағдай болмады. Мемлекеттен де қолдау болмай, ата-анам үлкен тәуекелге барды. Өзіміз тұрып жатқан үйді сатты, мен Германияға кеттім (күрсінді). Өйткені кәсіби музыкант болуымды әуелден армандап жүрген ата-анам мұндай мүмкіндікті мүлт жіберсек, болашағыма балта шапқандай болатынын түсінді. Алғашында мен бармаймын деген едім, бұл ойыма ата-анам қарсы болып, ақ баталарын беріп, ата-бабамыздың жауы болған немістердің Отанына шығарып салды…
— Небары он сегіз жастағы бозбалаға атаанаңыз қалай сенді?
— Ол кезде он сегізге толмаған да едім. Өнер жолында ата-анам сондай тәуекелге барды. Германияға аман-сау жетіп, емтихандарды ойдағыдай тапсырып, В.Крайневтің класына қабылдандым. Содан тағы он бір жыл оқып, үш диплом алып, фортепианоның, жалпы классикалық музыканың қыр-сырын үйреніп шықтым. Алғашқы екі жылда үйдің ақшасымен күнелттім, өзім де жұмыс істедім. Ара-арасында елге келіп, концерттерге қатысып жүрдім. Алматыда өткен бір концертте, ол мұнай компаниясы қазір бар ма, жоқ па білмедім, әйтеуір, мен туралы сұрастырып, маған бір жылға стипендия бөлді. Оның өзі мен үшін үлкен көмек болды. Кейін 2005 жылдан «Болашақ» бағдарламасымен білім алдым. Сол кездегі жүйемен айтқанда магистратураның деңгейінде оқып шықтым. Жалпы алғанда, 2003 жылдан бастап тұрақты түрде Германияның түрлі қалаларында, Қазақстанға келіп те концерттер беріп, байқауларға қатыстым, жеңімпаз атандым. Қаржылық жағынан, Құдайға шүкір, таршылық көрмедім деп ауыз толтырып айта аламын.
— Он бір жыл тұрған Германиядағы классикалық музыкаға деген халықтың ықыласын жаттап алған шығарсыз. Бұл жағынан Қазақстанмен қандай да бір айырмашылықты байқадыңыз ба?
— Екі жақтың классикалық музыканы қабылдау деңгейі бірдей. Композиторларды, музыканттарды тек қана ұлты бөледі. Ал музыка әлемге ортақ, оның тілі біреу ғана. Мәселен, репертуарымдағы Людвиг ван Бетховен мен Ғазиза Жұбанова шығармаларын салыстырсам, әрине, даңқты музыкантымыздың мұрасы жанымызға жақын. Оның композиторлық техникасы еуропалық немесе орыстың әйгілі композиторларынан кем емес. Әрине, қазақ музыкасының ритмі, гармониялық тілі Батыс Еуропа музыкасынан басқашалау болады. Алайда негіз — біреу, миссия — жалғыз. Классикалық музыканың мақсаты — тыңдарманын рухани бақытты ету. Бұл жөнінен аталған тұлғалардың еңбегін бір-бірінен жоғары немесе төмен қоя алмаймыз. Сол секілді, тыңдарманның да деңгейін біреуін екіншісінен жоғары деуге болмайды.
Музыканттардың кешегісі мен бүгінін салыстыруға келмейді
— Классикалық мұраны аманаттап алған сіз секілді музыканттарды елдің танымай жатуы насихаттың аздығынан ба, әлде мемлекет тарапынан қолдаудың аздығынан ба?
— Ол — әлемде бар үрдіс. Шетелге барсаңыз, елдің бәрі Мадоннаны беске біледі де, талайды мойындатқан пианист Кристиан Цимерманды тани қоймайды. Журналистерді кінәлаудан аулақпын. Мемлекеттің қолдауы қысқа дегеніңмен мүлдем келіспеймін. Өйткені классикалық музыкамен кәсіби тұрғыда айналысамын, осы жолда табанды еңбек етем дегенге мемлекет құшағын ашып отыр. «Болашақпен» шетелде оқуына мүмкіндік бар, қай ел «Астана Опера» сияқты зәулім ғимарат салып беріп жатыр? Қазіргі жағдайды менің бала күніммен, кешегі 2000 жылдармен салыстыруға келмейді. Құдайға шүкір, Айман Мұсаходжаеваның шақыртуымен жетінші жыл шәкірт тәрбиелеп жатырмын. Соңғы екі-үш жылда олар да үздік нәтижелер көрсетіп жүр. Халықаралық «Шабыт» фестивалінде Мадина Такиева дейтін пианист шәкіртім ІІ орын алды. Сол байқауға қатысушылардың ең жасы да осы Мадина болатын. Қазір колледждің 2-курсында оқып жатқан Ілияс Өзбековтың келешегінен зор үміт күтемін.
— Әңгімеңізге рақмет. Мереке қарсаңында бір ауыз құттықтауым бар десеңіз, мархабат…
— Көктемнің өзі мереке ғой. Осы көктем әрбір отбасы үшін, еліміз үшін берекелі болсын! 8 наурыз мерекесімен әйелдерімізді, аналарымызды, қарындастарымызды шын жүректен құттықтаймын. Өмірімізді гүлдей жайнатып, аман-есен жүре берсін!
Сұхбаттасқан — Ермұрат Назарұлы