Данышпанның ақылы
Баяғыда бір кедей жігіт өмір сүріпті.
Ол қанша тырбанса да жарлылықтан құтыла алмаған көрінеді. Әбден зығырданы қайнаған жігіт данышпаннан ақыл сұрай барыпты.
-Уа, тақсыр, сізге бір өтінішім бар еді. Жоқшылықтан әбден қажыдым, не әрекет етсем де бірім екі болмайды. Бұл қалай, не кеңес бересіз?
Данышпан оған үйленуге кеңес беріпті.
-Мұныңыз қалай, тақсыр, ішерге ас, киерге киім таба алмай жүргенде, үйлену менің немді алған?-деп безек қағады жігіт.
Данышпан оны егіндікке ертіп барып, пісіп тұрған бидайды оң қолымен ғана (сол қолын тигізбей) оруға бұйырады да:
-Орғаныңды бір жерге жия бер,-деп кетіп қалады. Сәлден соң қайтып келген данышпан:
-Өндіре алмапсың ғой, бұл қалай?-депті жігітке.
-Сыңар қолмен қиын екен, тақсыр.
-Ендеше, қос қолдап орып көрші.
Қос қолдап орған жігіт жұмысты өндіріп тастайды.
-Есіңде болсын, жігітім,-дейді данышпан, — оң қол ер, сол қол әйел. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды». Әйелің өзіңе сүйеніш, ақылшы, жәрдемші болса, кедейшіліктен де құтыласың,-деп кеңес берген екен.
Желіден алынды.