ДАРА ДӘРІГЕР, ЗИЯЛЫ ТҰЛҒА

Қазыналы Қаратау етегінен түлеп ұшқан айтулы дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Жамбыл облысы мен Сарысу ауданының Құрметті азаматы, шипалы қолымен есімі көпке мәлім болған Сағындық Ордабеков ағамыз бүгінде өз өмірінің 75-ші мерейлі белесінің биігіне шығып отыр.
Жалпы Сағындық ағамыз білімді де білікті дәрігер ретінде ғана емес, рухани көңіл байлығы терең, тағылымы терең, ойы сергек, жазуы ширақ қаламгер ретінде де кеңінен танымал. Қолынан қандауыры мен қаламы түспеген ол елінің игілігі мен халқының денсаулығы жолында жарты ғасырға жуық жемісті еңбек етіп келе жатқан еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы, табандылығы мен сергек ойы кейінгі буын өкілдеріне үлгі-өнерге болып жүргені уақыт ақиқаты.
Даналығы тау асар дана халқымызда «Талант туған жеріне тартып туады» деген аталы сөз бар. Бұл әрине шындық. Талантты дәрігер өзіміздің Көсегенің Көкжонындағы Алаш арасы Әшір Бүркітбаев сынды мемлекет және қоғам қайраткері мен небір дүлдүл еңбек майталмандары шыққан Түркістан ауылдық кеңесіне қарайтын Үшбас ауылында 1950 жылы жарық дүниеге есігін ашқан. Оның балауса балалық шағы соғыстан кейінгі елдегі ауыр жылдармен тұспа-тұс келгендіктен, ол сол кезеңдегі күрделі тыныс-тіршіліктен қуат пен нәр алып, еңбекпен есейген жайсаң жан. Оның әке-шешесіне деген ерекше қамқорлығы сол, ерте бастан қолқанат болып, бұғанасы қатпай жатып күрек ұстап, кетпен шауып, шөп орып, мал бағып, қозы қайырумен өтуі де сол бір күндердің жарқын көрінісі десе де болады. Осылайша ол балалық ойынды өзіне серік етпей, өмір бойы еңбекпен келген бір үзім нанды қадірлеп өсті.
Даланың жусан иісін иіскеп, таудың жуасын жұлып, Үшбастың сан бұлағына бетін жуып өскен Сәкең ағамыз мектеп қабырғасындағы оқуына озат болып, алғаш ақ халатты дәрігерді көріп «мен де осындай дәрігер боламын» деген арман қанатына мініп биік шыңдарын ақ қар басқан Алатауға қарай бет түзеді. Алла сәтін беріп, ауылдағы ата-анасының ақ батасы қабыл болып, студент атанды. Адам денсаулығына араша түсуге ниеттенген ол тұңғыш рет үстіне ақ халат киді. Осылайша оның өмір жолы ақпен көмкеріліп, тазамен түгенделіп, адалдықпен ардақталып кете барды.
Ал медицина саласындағы еңбек жолын Алматы мемлекеттік медицина институтында оқи жүріп 4-курстан бастап №2 қалалық клиникалық ауруханасында орта буын медицина қызметкері болып бастаған оның үлкен қызметтік жолдағы алғашқы қадамының жаңа парақтары ашылды.
Жоғары білім алған жас маман өзін білікті кәсіби маман ретінде ең жақсы жағынан көрсете білуі арақсында Жамбыл облыстық ауруханасында дәрігер-хирург, қалалық жедел-жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары және жиырма жылға жуық Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау департаментінің Бас хирургі қызметтерін үлкен абыроймен атқарды. Негізгі жұмысынан қол үзбей жүріп 1987 жылы Мәскеу қаласында кандидаттық, ал 1997 жылы академик-хирург М.Әлиевтің жетекшілігімен докторлық диссертациясын да үздік қорғап шығуы оның алға қойған мақсаттарын орындаудағы табанды еңбегінің жемісі екені ақиқат.
Үнемі тынымсыз ізденісте жүретін С.Ордабеков 1988 жылы Тараз қаласында эхинококкоз ауруын зерттейтін республикалық ғылыми орталық ашудың басы-қасында тұрды. Негізгі дәрігерлік жұмыстарымен қатар ол 1998 жылдан бастап М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің биология кафедрасының, 2007 жылдан бастап Қазақ Ұлттық С.Асфендияров атындағы медициналық университетінің интернатура кафедрасының профессоры, сонымен қатар, «Тараз-Болашақ» жоғары медициналық колледжінде оқытушы-профессор болып аса жауапты жұмыстарды атқарды. Білікті дәрігер деңгейіне көтерілген оның осындай ізгі қадамдардан елімізге және өз өңірімізге жетіспей жатқанжас дәрігер мамандарын дайындауға деген үлкен ұлтжанды қасиеттерді көруге болады.
Жоғарғы санаттағы дәрігер С.Ордабеков дайындаған дарынды шәкірттер қазіргі таңда облысымыздың аудандары мен Тараз, Алматы және Астана қалалық емдеу орындарында қажырлы еңбек етуде. Ақ жейдесіне дақ түсірмеген Сағындық Ордабекұлының кәсіби біліктілігіне аса жоғары баға беретін, құрмет тұтып, сыйлайтын ғалым-профессорлар еліміздің бүгінде әр өңірінде баршылық.
Ғылыми зерттеу еңбегін тәжірибе барысында пайдаланып жүрген ғалым 400-ден астам ғылыми жарияланымның, оның ішінде 9 монографияның, 18 оқулықтың, 4 патенттің және 12 өнертабыстық ұсыныстың авторы екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Оның жетекшілігімен 5 дәрігер кандидаттық, 16 медицина маманы магистрлік диссертация қорғады.
Сағындық Ордабекұлы Жоғары санатты хирург және денсаулық сақтау ісінің шебер ұйымдастырушысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Нью-Йорк Ғылым академиясының және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Көптеген республикалық және халықаралық симпозиумдарда бағасы биік баяндамалар жасап, оның өз саласындағы озық тәжірибелерін бірқатар отандық және шетелдік дәрігер-ғалымдар пайдаланып келеді.
Мерейлі мерей иесі еңбектегі табыстары мен адал қызметі Үкімет тарапынан да өзінің дайықты бағасын алды. Ол Қазақстан Республикасы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Қазақстан хирургиясын дамытуға қосқан еңбегі үшін», «Авицена», «Академик М.Әлиев» төсбелгілерімен, бірнеше мемлекеттік мерейтойлық медальдармен және Қазақ ССР-і Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ал, 2020 жылдың қорытындысы бойынша дәрігерлік ілімнің атасы саналатын ежелгі оқымысты Гиппократ Антына адал қызметімен ерекшеленген ол егемен еліміздің ең үздік «Жыл дәрігері» және «Алтын адам» атақтарына ие болды.
Әрине әр адамның өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау – үлкен батылдық пен жауапкершілікті жүктейтіні өмір шындығы. Ал мұнымен қоса шығармашылықпен айналысып, қоғамдық өмірге белсене араласу екінің бірінің қолынан келе бермейтін бақ десек, артық айтқандық емес. Өйткені, жастайынан әдебиетке құмарлығы мен табиғатынан болмысы бөлектікгі, рухани жан дүниесінің тау суындай сарқырап ағатын Сағындық ағамыздың жүрек төрінен шыққан көптеген тағылым мен тәрбиеге бағытталған дүнеиелерді республикалық және облыстық газет-журналдардан іздеп жүріп оқытын өз оқырмандары бар терең ойлы, парасаты мен пайымы ерек, зиялылық тұлғасы бөлек қаламгер. Соның ішінде қауырсын қаламын қолынан тастамайтын С.Ордабеков ағамыздың кешегі ұлтымыздың ұлық ұлдары Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтардың ел мен қоғам мүддесін қорғап жазған сырлы хаттарының иірім жолымен белгілі журналист, бүгінде ортамызда жоқ Мейрамбай Сатыбалдымен бірге өз өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірін жақсырту мен жастарымыздың жарқын болашағы жайлы жазған хаттары жұртшылық арасында айрықша қоғамдық пікір қалыптастырғаны бүгінге дейін ел ауызында жүр. Сондай-ақ, ол «Көктемдегі күмбірлер», «Іште қалған сөз жетім», «Беймаза дүние», «Әріптестер әлемі» мен «Мың құбылған тіршілік» атты бірнеше әдеби кітаптардың авторы.
Қызметі қалада болса да елі мен туған топырағын, өзі түлеп ұшқан Үшбасын сағына жүретін, сабырлы мінезімен көркем жүретін, біүгінде Елағасы биігіне көтеріліп төрге шыққан Сәкең ағамыз қашан да Сарысудың ең жақын жанашыры, қамқор ағасы екенін барша ел-жұрты өте жақсы біледі. Олар қашан да абзал ағаға тілеуқор, тілекші!
Осы орайда осындай салмақ жүгі ауыр саланы аса үлкен абыроймен, ең бастысы мәні жоғары мәртебемен арқалап келе жатқан жерлесіміз, құрметті Сағындық Ордабекұлын мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық, толайым табыс тілейміз! Шипалы қолымен көптің батасына ие болған Сарысудың саңлақ ұлы алдағы өмір асуларын да сәтімен бағындыра берсін!
С.Мамытов
Сарысу ауданының әкімі