ДАРХАН САТЫБАЛДЫ «ДОСТЫҚ ҮЙІНІҢ» ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫНДА БОЛДЫ
Түркістандағы Достық үйі биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жаңа нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес салынып жатқан 4 қабатты ғимараттың құрылысы қызу жүргізіліп жатыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс орталығында бой көтеріп жатқан Достық үйінің құрылыс жұмыстарын аралап көрді.
Нысанның кірпіші қаланып, сыртқы инженерлік желілері толық жүргізілген. Облыс әкімі құрылыс сапасына басты назар аударуды, құрылыс материалдарының сапасы мен ішкі дизайнына ерекше мән беруді тапсырды.
Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығындағы жаңа үлгідегі «Достық үйі» ғимаратының жалпы алаңы 3912,29 м2. Этносаралық татулықтың ұйытқысына айналатын жаңа ғимараттың құрылысы биыл күзде толық аяқталады деп жоспарланған. Жоба бойынша ғимарат төрт қабаттан тұрады және құрамында мәжіліс залы, этнос өкілдерінің орталықтары орналасады. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне байланысты тақырыптық ішкі әрлеу жүргізіліп, қажетті экспонаттар қойылады.
Айта кетейік, өңірде 50-ден аса этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Түркістан облысындағы 11 этномәдени бірлестік мемлекеттің өркендеуіне үлес қосып, қазақстандық толеранттылық үлгісін көпке үлгі етіп келеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі