ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНА ІССАПАРМЕН КЕЛДІ
Облыс басшысы сапаны басты назарда ұстауды тапсырды. 40 пәтерлі тұрғын үй құрылысы үшін ауданның жер қорынан жалпы 2 гектар жер телімі бөлінген. Былтыр ауданда баспана кезегінде тұрған 40 отбасы баспаналы болған.
Іссапар барысында аймақ басшысы Дархан Амангелдіұлы сондай-ақ Қазығұрт ауданы Қақпақ ауыл округіндегі «Қарқын 2030» ЖШС кәсіпорнының мал сою цехының жұмыстарымен танысты. Заманауи мал сою цехы жобасының құны — 1,1 млрд теңге. Тәулігіне 167 бас, жылына 60 мың бас мал союға қауқарлы. Жаңа цех толық цифрландырылған, энергия көзін аз пайдаланады. Кәсіпорында жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған.
Ауданның өнеркәсіп өнім көлемін биыл 15,3 млрд.теңгеге жеткізу жоспарланған. 12,3 млрд. теңгеге 68 инвестициялық жоба іске асырылмақ.
Ауыл шаруашылығы өнім көлемі 75,3 млрд. теңгеге жоспарлануда. Су үнемдеу технологиялары ендірілген жерлер 3 мың гектардан асқан. Бұдан бөлек, «Тұран су» мемлекеттік коммуналдық мекемесі тарапынан Сифон-Тассай каналын күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда. Сондай-ақ биыл ауданда 6 489 жаңа жұмыс орны ашылады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі