ДАРХАН САТЫБАЛДЫ: «МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӨЗ БРЕНДІ, ЕРЕКШЕЛІГІ БОЛУЫ КЕРЕК»

Мәдениет саласы бойынша Түркістан облысының басым бағыттарын айқындау және өзіндік брендтерін қалыптастыру бағытында жұмыс күшейтіледі. Аппарат мәжілісінде облыс әкімі Дархан Сатыбалды Мәдениет басқармасының басшысы мен аудан, қала әкімдеріне тапсырмалар берді.

– Мәдениет саласында Түркістан облысының өз бренді, ерекшелігі болуы керек. Түркістанға келген қонақтар мен саяхатшылар өңірдің мәдениеттегі ерекшелігін сезінулері тиіс. Жыл бойы мәдени іс-шаралар өткізіліп, өңірдің және облыс орталығының мәдени өмірі қайнап жатуы керек қой. Сондықтан осы бағытта жүйелі жоспар әзірлеп, нақты ұсыныстар беріңіздер. Бұл ретте Мәдениет басқармасымен қатар аудан, қала әкімдіктері де жұмыс істеуі тиіс. Басқарма тарапынан жас таланттарды табу жолында түрлі байқаулар ұйымдастырылсын. Кітапханалардың жұмысын жандандыру да маңызды. Жастарды, жалпы тұрғындарды кітап оқуға қалай қызықтырамыз? Осы сұрақ бойынша жұмыс атқарылсын. Мәдениет адамның сана-сезімін жақсы бағытқа өзгертеді. Домбыра немесе басқа да музыкалық аспапта ойнаған баланың ойлау жүйесі жақсы қалыптасады.

Мәдениеттің ел үшін, қоғам үшін маңыздылығын түсініп, осы саладағы жұмысты жандандырған жөн, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, қазіргі таңда Түркістан облысында 691 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетіп келеді.
Мәдениет және өнер мекемелерінде 30 мыңнан аса мәдени көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды. Халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде байқаулар мен фестивальдер, ақындар айтысы, конференция мен симпозиумдар, мерейтойлық іс-шаралар өткізілді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе республикалық «Рухани қазына – 2022» өнер фестивалі және «Алтын домбыра» ақындар айтысы ұйымдастырылған.
Өңірдегі 3 кәсіби театрда 5 жаңа спектакль сахналанып, ағымдағы 588 спектакль қойылған, 103859 көрермен қамтылып, 15 гастрольдік іссапар ұйымдастырылған. Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театры мен Түркістан музыкалық драма театры халықаралық, республикалық театрлар фестиваліне қатысып, жүлделі орындармен марапатталды. «Бөрте» қойылымы театр саласы бойынша өнер саласындағы тұңғыш «UMAI» ұлттық сыйлығының жеңімпазы атанды.
Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Конгресс холл» көп салалы кешенінде 224 концерт және мәдени іс-шаралар өткізіліп, 88200 көрермен қамтылып, 13 қайырымдылық концерт ұйымдастырылды.
Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония жанынан «Яссы» би ансамблі, «Qagan» этно-фольклорлық ансамблі, «Алаш» вокалды аспаптар ансамблі жаңадан құрылды. Филармония ұжымы Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Италия елдерінде өнер көрсетіп, Алматы мен Шымкент қаласында «Шарықтасын Шәмшінің асыл әні» атты гала-концерт өткізіп, 3 мыңға жуық көрермен қамтылды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі