ДАРХАН САТЫБАЛДЫ МАҚТААРАЛДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНА БАРДЫ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданына барды. Өңір басшысы алдымен Мақтаарал ауылдық округіндегі «Шайдар» шаруа қожалығының қырыққабат егістік алқабында болды.
Шаруа 11,6 гектар жерге ерте пісетін қырыққабат дақылын егіп, 60 күнде өнімін жинап алып ішкі нарыққа және Ресей еліне экспортқа шығармақшы. Мұнда қырыққабаттың «Ринда», «Галикан» сорттарын еккен. Алдағы уақытта гектарынан 300 центнер өнім алуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда қожалықтың иесінде 10-нан астам техника бар.
Одан соң, өңір басшысы «Хамро Ата» АШӨК-нің тамшылатып суғару технологиясымен танысты. Шаруа қожалығының басшысы қытайлық инвесторлардың сүйемелдеуімен 310 гектар алқапқа заманауи су үнемдеу қондырғысын орнатуда. Бұл өңір басшылығының Қытайға сапарында жүзеге асып жатқан жобалардың бірі. Шетелдік мамандар жергілікті шаруалармен тәжірибесімен бөлісіп, мақта дақылын егуде тамшылатып суғару технологиясын тиімді пайдалануды үйретеді.
Қытайлық «PengSheng Group» компаниясы Шардара және Келес ауданындарында жалпы құны 45 млрд. теңгеге облыста мақта шитін өңдеу және сұрыптау, полиэтилен пленкаларын өндіру, тамшылатып суару жабдықтарын өндіру және ауыл шаруашылығы техникаларын шығару зауытын қоюға ниетті. Қазіргі уақытта аталған екі ауданнан жерді қарастыру жұмыстарын жүргізуде.
Қазіргі таңда аудан бойынша орташа есеппен гектарынан 27,1 центнер өнім алуда. Алдағы уақытта тамшылатып суғару технологиясын пайдалану арқылы ағын су көлемін үнемдеп, өнімділікті арттыруды көздеуде. Жобаның жалпы құны 500 млн теңгені құрайды. Қожалық осы жылдың көктем айында іске қосылады.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өз күштерiмен шаруаларын дөңгелетiп отырған ұжымның тиянақты тiрлiгiне оң бағасын берді.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі «Ауыл аманаты» жобасымен жаңа кәсіп бастаған мақтааралдықтармен кездесті. Жобаның маңыздылығын түсіндірді. Өмір бойы мақта егумен айналысып келген диқандардың арасында жаңа кәсіпке бет бұрғандар бар.
Өңір басшысы бағдарлама арқылы 8,5 млн теңге қаражат алып, кәсіп ашқан «Нұргелді» жиһаз жасау цехінің жұмысымен танысты. Шаруа жаңа бастамасының жетістіктерімен бөлісті.
Түркістан облысында «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 3 жылда жалпы 63 мектеп салынады (49 мың орын). Құрылыс барысы облыс әкімінің жіті бақылауында. Дархан Сатыбалды Қалыбеков ауылдық округі, Үлгілі елді мекеніндегі жайлы 600 орындық мектептің құрылыс алаңында болды. Жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.
Мақтаарал ауданында 56 мектеп бар. Биыл тағы бір білім ошағымен толығады. Заманауи жайлы мектеп құрылысы өткен жылдың соңында басталған. Биыл желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі