ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ТҮРКІСТАНДА ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАРМЕН G2В ФОРМАТЫНДА КЕЗДЕСУЛЕР ӨТКІЗДІ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық инвестициялық форумына келген инвесторлармен G2В форматында келіссөздер жүргізді. Талқыланған жобалар бойынша Түркістан брендімен шығарылатын тауарларды көбейтуге мүмкіндік мол.
Шетелдік инвесторлар Түркістанда өткен бизнес-форумның әлемдік аренадағы маңызды платформаға айналғанын айрықша атап өтті. Сондай-ақ Түркістан өңірінде жасалған қолайлы инвестициялық климат үшін алғыстарын білдірді. Бірқатар кәсіпорын басшыларымен облыс әкімі осыған дейінгі Қытай еліне жасаған жұмыс сапарында кездескен болатын.
Өңір басшысы Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларын жеткізді. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіне негізгі басымдық берілетінін айтты. 50-ге жуық азаматпен кездескен облыс әкімі бірлескен жаңа жобаларды бастаудың жолдарын түсіндірді. Өңір халқының еңбекқорлығын ерекше атап өтті. Жұмыс орындарын көптеп ашудың маңыздылығына тоқалды. Ауыл шаруашылығы дамыған аймақта өндіріс саласына қатысты жобаларға да мән берілетінін айтты. Қытайлық инвесторлармен құрылыс, тыңайтқыш өндіру, күн сәулесінен қуат алу, химиялық өңдеу, газ қазандықтарын жасап шығару, дрон өндірісі, сауда орталықтарын ашу, демалыс аймақтарын дамыту секілді жобалар жан-жақты талқыланды. Жүздесуде халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті өнім шығаруға қауқарлы компания өкілдеріне тиісті мемлекеттік қолдау көрсетілетіні айтылды.
– Біздің арнайы шақыртуымызды қабыл алып, еліміздегі халқы ең көп шоғырланған өңірге және тарихы терең Түркістан қаласына келгендеріңізге алғыс білдіремін. Түркістан өңірінде зауыт, фабрикалар ашып, жаңа бастамаларды жүзеге асыру үшін арнайы экономикалық аймақ, индустриалды аймақтар және өндірістік парктер бар. Бірлескен жобалалар үшін мүмкіндік мол. Біз бірлескен жобаларға, жұмыс орнын ашып, өңірдің өндірістік әлеуетін көтеретін бастамаларға әрқашан жан-жақты қолдау көрсетеміз, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі