ДАРХАН САТЫБАЛДЫНЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН КЕҢЕС ӨТТІ
Кентау қаласындағы жылу беру орталығында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен ауа райының қолайсыздығына байланысты орын алған жағдайлар және оның салдарын жоюға байланысты жауапты сала басшыларының және құқық қорғау органдарының қатысуымен кеңес өтті. Штаб отырысында облыс басшысына орын алған жағдайлар бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндалды. Орын алған жайтқа қатысты тыңғылықты тексеру жүргізіп, нақты себебін анықтауды жүктеген әкім стратегиялық маңызды нысанда жарықтың сөнуінің алдағы уақытта жол берілмеуін қатаң ескертті.
Дауылды желден зақымдалған электр желілерін қалпына келтіру барысы туралы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің бас директоры Мұрат Ибрагимов, қатты желдің салдарынан облыс көлемінде зардап шеккен нысандар мен орын алған төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Асқар Төлешев, облыстағы оперативтік жағдай туралы облыстық полиция департаментінің басшылығы баяндады.
Облыс әкімі жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, орындалу мерзімін айқындап берді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовқа жұмыс барысын тікелей бақылауға алуды міндеттеді.
Дауылды желден электр энергиясы бірнеше рет сөніп, орталық қазандықтардың жұмысы бірер уақытқа тоқтаған болатын. Қазіргі таңда 4 қазандық штаттық режимде жұмыс атқарып тұр. Болған жайтқа байланысты тексеру жүргізуді тапсырған облыс әкімі жылу орталығында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруды жүктеді. Қаланың кейбір аумақтарында қатты желдің салдарынан сөнген абоненттердің электрэнергиясын қосу жұмыстары жүргізілуде.
– Ауа райының қолайсыздығынан орын алған жағдайлардың салдарын жою үшін шұғыл түрде тиісті шараларды жүзеге асырып, бірінші кезекте облыс тұрғындарының қауіпсіздігін, сонымен қатар тұрғындарды сапалы инфрақұрылымдық қызметтермен қамтамасыз ету қажет. Желдің салдарынан зардап шеккен нысандарды анықтап, оларды қалпына келтіру бойынша шараларды шұғыл түрде ұйымдастыру керек. Ең бастысы — тұрғындарға қолайлы жағдай жасау. Жұмысқа аса жауапкершілікпен қарауды тапсырамын, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауапты тұлғалармен бірге стратегиялық нысанды аралап, жұмысшылармен жүздесті.
Орталық жылу жүйесі арқылы 14 мың абонент орталықтандырылған жылуға қосылған. Оның 100-ден астамы бюджеттік мекемелер болса, 336 көпқабатты тұрғын үй, 2 мыңнан астам жеке сектордағы үйлер. Сондай-ақ, 4 мыңдай коммерциялық нысан аталған орталықтан жылу алып отыр.
Айта кетейік, 1934 жылы салынған №5 ЖЭО-ның негізгі материалдық жабдықтарының 85 пайызы тозған. Бүгінде Кентау қаласында жаңа жылу орталығын салу мәселесі қарастырылып жатыр. ЖЭО электр энергиясын өндіреді және Кентау қаласының тұрғындарын жылумен қамтамасыз ететін жалғыз стратегиялық нысан болып табылады.
Соңғы 10 жылда алғаш рет 6 қазандықта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі