ЕАЭО аясындағы дәрілік заттардың ортақ нарығы Қазақстандағы дәрілік заттардың бағасын төмендетуге септігін тигізеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова осындай мәлімдеме жасады.
«2014 жылғы 23 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге Армения Республикасының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы құжатты таныстырған министр «Бұл келісім қазақстандық фармацевтикалық өндірушілер үшін ЕурАзЭҚ нарығына шығуға мүмкіндік береді. Егер бүгінгі таңда біздің өндірушілердің басым бөлігі, Қазақстанда ғана жұмыс істейтін болса, ендігіде оларға халықаралық нарыққа шығу жолы ашыла түседі. Қазірдің өзінде елімізде елуден астам фармөндірушінің тоғызы халықаралық стандарттарға сай жұмыс практикасын жүзеге асырып келеді. Айта кетерлігі, біздің дәрілік зат өндірушілеріміз Ресейге немесе Беларуссияға шығу үшін тиісті клиникалық және клиникаға дейінгі сынақтардан, зерттеулерден, талдаулардан өтуі керек болса, енді мына келісім бойынша біздің өндірушілерде тиісті халықаралық практиканың болуына байланысты оларға ЕАЭО аясындағы барлық конкурстарға қатысу мүмкін болады», деп атап өтті.
Министрдің сөзінше, бұл келісім Қазақстан нарығындағы дәрілік заттар бағасын төмендетуге әсер ететін көрінеді. «Келісім бойынша, ендігі күні Қазақстан нарығына ЕАЭО шеңберінде өздерінің дәрілік заттарын, өнімдерін әкелетін компаниялар саны арта түспек. Дегенмен, ол тауарлардың бәрі халықаралық стандарттарға сай болуы, тізілімге енгізілген болуы керек. Сондықтан да, келісім еліміздегі дәрілік заттар бағасын төмендетуге септігін тигізетіні болжанады», деді министр.