Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті
Батыс Қазақстанда халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайы тұрақты, дәріхана қоймалары мен дәріханаларда сұранысқа ие дәрілер табылады.
Бұл туралы облыс әкімдігінің коронавирусқа қарсы жедел штабының кезекті отырысында БҚО медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Шәрбану Искакова мәлімдеді. Қазіргі уақытта дәріханаларда ұзын-сонар кезек те жоқ, келушілер арасында әлеуметтік арақашықтық сақталады.
– Коронавирустық инфекцияны емдеу үшін сұранысқа ие дәрі-дәрмектердің екі айлық қоры «КФК Медсервис Плюс» ЖШС, «Талап» АҚ, «Аманат» және «Amity International» ЖШС көтерме қоймаларында сақтаулы. Көтерме қоймаларда және дәріханалардың бөлшек сауда желісінде, сонымен қатар облыстың дәріханаларында дәрі-дәрмектердің қолжетімділігіне күнделікті мониторинг жүргізіледі, мұнда күнделікті фармацевтер мобильді қосымша арқылы дәрі-дәрмектің балансы мен бағасын толтырады, олар кейін www.stopcovid.kz сайтына орналастырылады, – деді аталмыш департамент өкілі.
Облыстағы 180 дәріханаға мониторинг жүргізіліп, 300-ден астам тексеріс жүргізілген. Бүгінде дәріханалар мен сауда орындарындағы көрнекті жерлерге коронавирустық инфекцияны емдеуде сұранысқа ие дәрі-дәрмектердің тізімі ілініп, тұрғындарға баға шектері мен QR коды көрсетілген. Сала маманының айтуынша, облыстық әкімдік тұрақтандыру қорын құрып, 422 млн.теңге көлеміндегі дәрі-дәрмектердің резервін қалыптастырған. Сондай-ақ бүгінгі таңда медициналық бетперделердің бағасын 20-30 теңге аралығында төмендету бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы