Дәрі-дәрмектің бағасы неге қымбат?
«Сырт көз сыншы» демекші, Астанаға жолы түскен сыныптасым үнемі сынап—мінеуге бейім, «Қалаңда ауру—сырқау көп—ау деймін… көше сайын дәріхана салып алыпсыңдар ғой» деп түйреп өтті… Шынымен де сонда барып мән берсем, оң жағымда да, сол қапталымда да, көше аттасам да қаптаған дәріхана…
– Қиындығы қыр асырар бағатын мал емес, жер жыртып маңдай тер төгер өскін өнім емес… – деп көсіле беріп едім, сыныптасым: «Мәселе бағасында!..» деп келте қайырды.
Шынымен де кейінгі кезде дәрі-дәрмектің бағасы шарықтап шегінен асып жығылғаны рас. Еліміздегі бұның нарықтағы құнын сараптаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанды дәрі-дәрмегі аса қымбат елдердің қатарына кіргізген екен. Ал осылайша халықаралық ұйымдардың назарына іліккен дәрумендеріміздің бағасы доллардың «дөң асқан» тұсында тіптен 100 пайызға дейін қымбаттапты. Арнайы мамандар былтыр 3 мыңнан астам дәрі-дәрмек пен емдік заттардың бағасына мониторинг жүргізген екен. Соның ішінде 2842 дәрінің бағасы қымбаттағаны белгілі болыпты. Оған қосымша бұл қымбаттаудың жай-жапсарын мамандар күн санап шарықтап бара жатқан азық-түлік, киім-кешек, тағы басқалардың бағасынан қалып қоймау үшін қолдан жасалған әрекет деп санайды.
Ал 2016 жылдың басында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі алқалы отырыста: «Дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы кейбір бұйым түрлері жыл соңына дейін қымбаттамайды» деп мәлімдегені де есімізде. Сондай-ақ, 105 түрлі дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағасын ұстап тұру туралы арнайы меморандумға қол қойылғанын жариялаған еді. Бірақ жыл аяғына дейін дәрі-дәрмек құнының бірнеше рет көтерілгені жалпақ жұртқа мәлім. Бұл орайда доллардың «құдіретінің» арқасында елімізге қымбаттап келген дәрі-дәрмектің сатылымға түсетін бағасына қосар үстеме баға 20 мен 30 пайызды құрайтын көрінеді. Мұндай дәрі бағасына қойылатын үстемеге алаңдаған мамандар: «Елдегі дәрі-дәрмек бағасына мемлекеттік бақылау қойылуы керек» деген орынды ұсыныс айтып, талап қоюда.
Ал дәрі-дәрмек өз жерімізде мардымсыз өндірілгеннен кейін оны көл-көсір етіп сырттан тоғытатынымыз айдан анық. Қазақстанда дәрінің 7 мың түрі бар екен де, көбі Германия, Франция, Ресейден жеткізіледі. Негізі дәріхана сөресіндегі өнімдердің 90 пайызы шет елден әкелінеді және доллармен сатып алынады екен. Әрі елімізде дәрі-дәрмек өндірісі ойдағыдай емес. Отандық фармацевтиканың көрсеткіштері, неге екенін, кейінгі кезде құлдилай бастаған. Кері кеткені соншалық, анау-мынау емес, бір жылдың ішінде 50 пайыздан 15-ке бір-ақ құлдилаған. Біз дәрі-дәрмекті көп тұтыну жағынан да ТМД елдері бойынша алғашқы үштікті межелейміз. Яғни, қымбат та болса халықтың дәріге деген сұранысы бар. Алайда, сол сұранысты ескеріп, фармацевтика өндірісін жолға қойып, ұлт қауіпсіздігін де қамтамасыз етіп, халқымызды қолжетімді бағадағы дәрімен қамтамасыз ете алмай отырғанымыз қынжылтады.
Шетелдік фармөндірісінен қалыспайын деді ме, отандық дәрі-дәрмектің құны да әжептәуір көтерілген. Мәселен, жергілікті жерде өсіріліп-өндірілетін қызылмия тамыры арғы жылдары 70 теңге тұрса, қазір 330 теңгеден сатылуда. Себебі, олардың қосымша шикізаты, тіпті сыртындағы қорабы мен құтысы да шет елден тасымалданады екен. Шымкенттің фармзауытынан шыққан отандық дәрі бағасының өзі шарықтап тұр. Қазақстанда шығарылған тұмаудың дәрісі де шет елден келетін дәрілермен қоса қымбаттаған. Шекара асып келетін дәріні түсінуге болады, бағасы доллармен есептелген соң, құнының да доллармен қосылып өсетіні түсінікті. Ал өзімізде өндірілетін дәрілерге не жорық? Соның кесірінен негізгі өнімнің орнына қолдан жасалған жалған әрі арзан дәрі көбейіп кетуі де ғажап емес. Бақылаудың жоқтығынан кейде қымбат дәрілердің атын жамылған арзанқол дүниелердің де жолы болып жатады. Сайып келгенде, оның зардабын оған алданып отырған көпшілік тартады. Кейбір деректер көпшілік жылына 120-130 млн теңгеге жасанды дәрі-дәрмек сатып алатынын келтіреді. Ал сапасыз, жалған дәріні сатылымға шығарған компанияларға Францияда, АҚШ-та 2 миллион доллар көлемінде айыппұл салынса, Ұлыбританияның қылмыстық атқару жүйесі жазықтыларды дереу бас бостандығынан айыруға дейін барады екен. Біздің билік осы жағын қаперге алса игі.
Тұтынушының қалтасын қаққан бұл бағаларды төмендетудің реті бола қоймас. Сондықтан қауым тауып айтқан «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген түйін сөзге тоқтай отырып, Астанадағы «қаптаған дәріхананың» сыры ашылып, жоғарыдағы сыныптасым келте қайырған «Мәселе бағасында!» деген сөздің жаны бар-ау деп ұқтым.
Берік САДЫР,
«Егемен Қазақстан»