Дәрігер қазақтың сорпасы қанша дертке дауа екенін айтты
Қазақ халқы ет жеп болып, сорпасын ішпей, ас қайырмайтын болған. Қай заманда да асты жоғары бағалаған. Қазақ халқының сорпаның емдік қасиеттері жайлы білімі бұрыннан болған. Әсіресе, босанған әйелдің күш-қуатын қалпына келтіріп, ана сүтін молайтуға көмектеседі деп келінге сойылған қойдың сорпасын беріп отырған.
Дегенмен көбі сорпаны диеталық тағам деп санайды. Жалпы сұйық тағамның адам ағзасына пайдалы екенін және оны ағза үшін қорытылуы жеңіл екені жиі айтылып жатады. Бірақ оның емдік қасиеттері де мол екенін айта кету керек. Осы ретте Tengrinews.kz тілшісі гастроэнтеролог Әйгерім Ормановадан сорпаның ағзаға қаншалықты емдік пайдасы бар екенін және оның қандай дерттерден айығуға көмектесетінін сұрап білді.
Дәрігердің айтуынша, сорпаның басты емдік қасиеті оның ас қорыту жүйесіне жақсы әсер етуінде.
«Бірінші кезекте сиыр, қой етінен жасалған сорпаның құрамына тоқталатын болсақ, оның ағза үшін пайдасы мол. Сиыр етіндегі элементтер мен дәрумендер ас қорыту жүйесі қызметін жақсартады. Мысалы, ол темір жетіспеушілігі анемиясымен күресуге көмектеседі. Бұл дегеніміз сиыр немесе қой еті сорпасының тәбеттің төмендеуіне, әлсізденіп, тез шаршап қалуға жол бермейтінін білдіреді», — дейді дәрігер.
Сондай-ақ, ол сорпаның жаңа босанған әйелдер мен ота жасалған адамдарға күш қуатын қалпына келтіруде көмегі зор екенін айтады. Бұдан бөлек, дәрігер сиыр немесе қой етінен жасалған сорпаның кішкентай баланың ағзасына ауыр болмайтынын, керісінше, денсаулығына жақсы әсер ететінін айтып өтті.
«Құрамы жеңіл сорпалар тамақтан уланған жағдайларда немесе тамақты тым көп жеп қойған жағдайларда жақсы көмектеседі. Әсіресе, сиыр етінен жасалған сорпаның құрамындағы метионин амин қышқылы ағзадағы зиянды өнімдердің шығуын реттейді. Осындай таза қолдың сорпасы 20-40 минутта қорытылып кетеді. Салыстырып қарар болсақ, жеміс-жидек шырының бір стақаны 30 минутта, ал алма шырыны 40 минутта ғана қорытылады», — дейді Орманова.
© postila.ru Бұдан бөлек, дәрігер тауық сорпасының емдік қасиеттеріне тоқталды. Оның айтуынша, ыстық күйдегі тауық сорпасы ас қорыту жолының, асқазан мен аш ішектің жұмысын жақсартады.
«Тауық сорпасының гастритпен ауыратындарға көмегі зор. Ол асқазандағы артық қышқылды шығарады. Сондай-ақ, сүйектердің бітіп кетуін тездетеді. Яғни сорпадағы элементтер сүйек, шеміршек және дәнекер тіндерге және көкбауырдың қызметіне жақсы әсер етеді», — дейді дәрігер.
Tengrinews.kz