Дәрігерлердің кінәсінен мүгедек болып қалған тұрғын 7,5 млн теңге өндіріп алды
Ақмола облысында дәрігерлердің сылбырлығынан І топ мүгедегі болып қалған 62 жастағы тұрғын аурухана басшылығын сотқа берді деп жазды turkystan.kz.
Облыстық соттың судьясы Нұржамал Жұмағұлованың айтуынша, былтыр аязда екі аяғын үсітіп алған ер адам аурухананың қабылдау бөліміне бес рет барып, дәрігерлерден көмек сұраған. Алайда, дәрігерлер оған көмек көрсетуден бас тартқан. Тек бес күн өткен соң ауруханаға «COVID-19 коронавирустық инфекциясы, орташа ауырлық. Ілеспе ауру: білек пен аяқ аймағындағы тіндердің некрозымен үсік шалу, екі аяқтың екінші дәрежелі үсуі» қорытынды диагнозымен жатқызылады.
«Науқаста жедел прогрессивті инфекция және екі аяғының дымқыл гангренасы дамыған. Салдарынан 11 қаңтарда дәрігерлердің кеңесінде тізе буынынан жоғары ампутация үшін ота жасау туралы шешім қабылданады. Осылайша, ер адам тек төртінші күні ауруханаға жатқызылып, ал алтыншы күні ота жасалады», – деді Нұржамал Жұмағұлова.
Науқасқа уақытында толық тексеріліп, тиісті медициналық көмек көрсетілмегендіктен, аяғына ампутация жасалып, мүгедектіктің І тобы берілді. Бұл сараптамалық қорытындымен және аурухананы жоспардан тыс тексеру актісімен расталады.
«Науқас сотқа жүгініп, аурухана басшылығынан моральдық зиянды өтеу бойынша арыз жазды. Оның мөлшерін анықтау кезінде бірінші сатыдағы сот ер адамның моральдық және физикалық азапты бастан кешіргенін ескерді. Сөйтіп, оның пайдасына ауруханадан 7 500 000 теңге мөлшерінде моральдық зиянды өтеу туралы үкім шықты. Алайда, соттың шешімімен келіспеген, аурухана басшылығы бұл талапты қанағаттандырудан бас тартуды сұрады. Бірақ апелляциялық сот шешімі өзгеріссіз қалдырды», – деп толықтырды Нұржамал Жұмағұлова.
Ал қала тұрғынына уақтылы медициналық көмек көрсетпеген хирургия бөлімшесінің дәрігерлерімен еңбек шарты бұзылды.