ОҚО мен Оңтүстік Корея дәрігерлерінің арасында ынтымақтастық Меморандумы түзілді

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Оңтүстік Корея Республикасының денсаулық сақтау саласындағы бір топ үздік дәрігерлермен кездесті.

Корея Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігіне қарасты KHIDI Үкіметінің (Корея Республикасы денсаулық сақтау индустриясын дамыту институты) өкілдерімен болған басқосуға аталған елдегі алдыңғы қатарлы төрт клиниканың мамандарын KHIDI халықаралық денсаулық сақтау департаменітінің директоры О Джонг Хи бастап келді.

Екіжақты әңгімеде өңір басшысы мәртебелі меймандарға аймағымызға жасаған арнайы жұмыс сапары үшін алғысын білдіріп, алдағы уақытта Оңтүстік Корея Республикасының дәрігерлері мен Оңтүстік Қазақстан облысындағы аталған сала жетекшілері тәжірибе алмасу мақсатында тығыз қарым-қатынаста ынтымақтастық орнататынына сенім білдірді.

«Оңтүстік Қазақстан облысы Ұлы Жібек жолының бойы – тоғыз жолдың торабында орналасқан өңір. Аймағымыз Азия мен Еуропаның қақ ортасындағы мекен деуге де келеді. Табиғаты қолайлы, климаты тамаша облыста еліміз бойынша халықтың тығыз орналасқанын да айта кету керек. Мұнан бөлек, республиканың күнгейінен орын алған жермен отандық және шетелдік азаматтардың жиі келім-кетімі орын алатынын ескерсек, біздің облыстан Оңтүстік Кореямен бірлескен медицина саласына бағытталған жоғары оқу орнын салуға болады деп есептеймін. Сонымен бірге, өңірде қайта оқытып, білімін жетілдіруге болатын медицина саласынының мамандары көп», – деді әкім.

Өз кезегінде сөз алған KHIDI халықаралық денсаулық сақтау департаменітінің директоры О Джонг Хи Оңтүстіктегі медициналық қызмет сапасын арттыру үшін екі бағытта жұмыс істелу қажеттігін айтты. Оның біріншісі – өңірдегі медицинаға заманауи технологиялар мен медқұрылғыларды ендіру болса, екіншісі – дәрігерлерді біліктілікті арттыру курстарында оқыту. Оқыту жұмыстарының дәл қазіргі таңда Сауд Арабиясындағы дәрігерлермен жүргізіліп жатқанын жеткізген О Джонг Хи мырза мұндай байланыстардың Кувейт мемлекетімен де ұйымдастырылып жатқанын мәлімдеді.

Жиын қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жұмыстарды дамыту шеңберінде өзара уағдаласып, Оңтүстік Кореяның 4 клиникасымен ынтымақтастықты арттыру мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы мен Корея Республикасы денсаулық сақтау индустриясын дамыту институты (KHIDI) арасында түзілген ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған