Дәріс залына даңқты Қолбасшының есімі берілді
Өткен бейсенбіде Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясындағы дәріс залына даңқты Қолбасшы, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, Батыр Бауыржан Момышұлының есімі берілді.
Бұл салтанатты шараға Алматы қаласы ПД-нің бастығы, полиция генерал-майоры Арыстанғани Заппаров, Бауыржан Момышұлының шәкірті, Абайтанушы, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметұлы, Алматы академиясы Ардагерлер кеңесінің төрағасы, ішкі қызмет генерал-майоры Талап Қабденов, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова, «Рухани жаңғыру және Б.Момышұлының мұрасы» жобасының үйлестірушісі Оралжан Масатбаев, ҚР ІІМ Кадр саясаты департаментінің оқу орындары бойынша басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Қуандық Тоқыбаев, Шымкент қаласы ІІМ Б. Момышұлы атындағы оқу орталығының бастығы, полиция полковнигі Қанатбек Тілеубердиев, Жамбыл облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Арман Баймурзиннің атынан Жуалы аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Дәурен Сәпиев, ҚР мәдениет және спорт министрлігінің Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебай, Алматы академиясының бастығы, полиция полковнигі Айдар Сайтбеков және Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Анар Ахметова қатысты.
Дәріс залына Батырдың есімін берудегі басты мақсат – батыр Бауыржан Момышұлының өмір жолын жас ұрпаққа үлгі етіп, жастардың бойындағы патриоттық рухты, Отансүйгіштік қасиетті ояту.
Қазақ армиясының тарихында батыр Баукеңнің рөлі ерекше. Өзінің өр мінезімен, қолбасшылық өнерімен, асқан парасаттылығымен және ұлтжандылығымен аты аңызға айналған ұлы тұлға. Оның талантты басшылығымен сарбаздар мен офицерлер қанды шайқастарда жауға ержүректілікпен төтеп берді және Ұлы Отан соғысы майданында шайқасқандар үлкен жеңіс әкелді.
Қазіргі таңда Жуалы ауданында бір ауыл, бір мектеп және алты көше батырдың есімімен аталады.
Бүгінде, міне Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясындағы дәріс залына Батырдың есімі берілуі батырдың жерлестері үшін үлкен мақтаныш!
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова аудан әкімі Жалғас Мұртазаның құттықтау хатын оқып, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының ұжымына және білімгерлеріне даңқты Қолбасшы Бауыржан Момышұлының бейнесі салынған кілемшені естелікке сыйға тартты.
Батырдың өмір жолы мен ерліктері әрқашан барлық офицерге және жас ұрпаққа үлгі болары анық. Сондай-ақ, Бауыржан Момышұлы атындағы дәріс залының ашылуы оқу орнына білімді азаматтарды даярлауда зор үлесін қосады деген үміттеміз.