ДӘСТҮРЛІ ДОП ДОДАСЫ

Ауданымыздағы Белбасар ауылын ел-жұрт қай кезде де бірлігі тарқамаған берекелі ауыл ретінде таныған. Берекелі деп екпін түсіріп айтуымыз да бекер емес. Мұнда туған топырағынан жырақта жүрсе де өзі туып-өскен ауылының кем-кетігін түгендеп, тұрмысын базарлы етуге бар күшін жұмсайтын азаматтар жетерлік. Тиісінше, бұндай ауылдан берекенің тарқамайтыны да белгілі. Міне, осындай азаматтардың бірегейі ретінде Шу ауданының Құрметті азаматы Болат Сауранбаевты атап өтуге болады.
Белбасар ауылының тумасы Болат Оспанұлы өз ауылына ең алдымен имандылық үйін салып берсе, кейіннен ауылдағы әбден тозығы жеткен футбол алаңшасын толығымен сүргізіп, соңғы үлгідегі жасанды жабыны бар еуростандартқа сай үлкен стадион салып, оны ауыл мектебінің меншігіне өткізді. Туған жерге туын тіккен азамат соңғы жылдары ауылға «Белбасар» мәдени-спорттық кешенін салып, оны да мемлекеттің меншігіне өткізген.
Күні кеше аталған ауылда Социалистік Еңбек Ері Хати Сауранбаевты еске алуға арналған дәстүрлі футбол турнирі болып өтті. Аталмыш жарысқа 40 жылға жуық уақыт бойы үздіксіз демеушілік білдіріп, ұйымдастырып келе жатқан да дәл осы Болат Сауранбаев еді. Биыл 38-ші мәрте түндігі түріліп отырған доп додасы да жоғары деңгейде өтті. Дәстүрлі турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков арнайы қатысып, Болат Оспанұлына ауылға жасаған жақсылығы үшін ризашылығымызды білді, дәстүрлі доп додасына қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Шу ауданы