Даудың көрігі Көлгіновтың көлігінде ғана ма?

Бүгінгі күндері отандық БАҚ өкілдерінің басты тақырыбы — Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов. Әңгіме әкімнің өзінде емес, Көлгіновтің көлігінде. Әкім жайғасқан су жаңа темір тұлпар өзекті мәселе жазуға жаны құштар журналистер қауымын неге шулатты? Гәп автомобильдің салоннан жаңа шыққандығында ғана болмай тұр-ау, елең еткізгені — атынан ат үркетін құнында, яғни Audi A8 маркілі көліктің бағасы 56 млн. теңге немесе 169 мың доллар (!).

Mercur Auto компаниясының Алматы қаласындағы өкілдігінің ақпаратына сүйенсек, Оралға соңғы Audi A8 Long автокөлігі жеткізілсе керек. Диллер бұдан басқа тапсырыс қабылдамайтынын хабарлапты. Өйткені аталған көліктердің жаңа үлгілері шыға бастайды. Әкімнің қатынау құралы арнайы тапсырыспен жасалды деген әңгіме бар. Көлікті сипаттап өтсек, оның салоны сирек кездесетін ағаштың түрлерімен әрленген әрі қымбат мультимедиялық жүйемен жабдықталған.
Әкімдіктің өкілдігі әуелде көлікті әкім сатып алған деген мәлімдеме жасаған екен. Алайда көп ұзамай олар сөздерінен бас тартып, өңір басшысының көлікті жалға алғандығын айтады.
«Қаржыны үнемдеу мақсатында біз көлікті жергілікті кәсіпкерден жалға алдық. Ай сайын 50 мың теңге төлейміз. Алтай Көлгінов жаңа көлікке жаңа жылда отырды», — дейді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Жарқын Жұмаділов. Иә, 169 мың долларға көлік сатып алатын адамның оны бар-жоғы 50 мың теңгеге жалға бергені бізге, шыны керек, қисынсыздау болып көрініп тұр.
«Уральская неделя» басылымының хабарлауынша, баспасөз қызметі әкімнің қымбат көлікті қай кәсіпкерден алғандығын айтпаған.

Сәл кейін БҚО Баспасөз қызметі мынандай мәлімдеме жасайды (сөзбе-сөз беріп отырмыз. — автор):

«Құрметті достар!

Батыс Қазақстан облысы әкімінің қызметтік көлігіне қатысты шыққан ақпаратқа түсініктеме беремін. Әкімнің қызметтік көлігі үшін бюджеттен қаржы бөлінбеді. Яғни жаңа көлік сатып алынған жоқ. Осы уақытқа дейін болған «Мерседес» көлігінің жалға алу уақыты 2016 жылдың 31 желтоқсанында аяқталған болатын. Жаңа жылдан бастап, «Ауди» А8 көлігінің жалға алынғаны рас. Жалдау құны — ай сайын 50 мың теңге. Егер күмəн болса, арнайы сауал жолдауларыңызға болады.
Бұл көлік 2015 жылы шыққан, яғни салоннан алынған су жаңа автомашина емес. Таратылған ақпаратта осы көліктің ең озық үлгісінің салондағы бағасы көрсетілген. Қайталап айтамын, 56 млн. теңге бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Оған да сауал жолдауға болады. Сондықтан, аталған көлік түрінің салондағы бағасын алға тартып, болмаған істі болғандай етіп, ақпаратты бұрмаламауларыңызды сұраймын.

Құрметпен, БҚО әкімінің баспасөз хатшысы Жарқын Жұмаділов»

Жалпы қызметтік көліктерге қатысты былық-шылық бұрыннан бар. Мәселен, Мәжіліс депутаттарының 2012 жылы қызметтік көлік сатып алу үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлуді сұрағандары есімізде. Осылайша, салық төлеушілердің есебінен ел қалаулылары отыз көлік сатып алуды жоспарлаған. Алайда ол көліктердің негізінен шетелдерде құрастырылғандығын біліп қалған Елбасыға бұл бастаманың ұнамағанын да ұмытқан жоқпыз.

— Қанша айтуға болады? Өзімізде отандық көліктер шығарылады, ал олар «Мерседеске» мінгісі келеді. Онда қалталарынан сатып алсын! Соған қарамастан депутаттар 13 «Тойота Камри» , 2 «Тойота Лэнд Крузер-200», және 15 «Шкода» көліктерін сатып алмақшы. Бірақ «Шкодадан» басқасы шетелдік маркалар екені белгілі. Ал ұзын саны отыз машинаны сатып алу үшін 262 млн. теңге қажет. Тіпті мәжілісмендер осы тізімдегі темір тұлпарға қол жеткізу үшін бюджетке бірден өзгеріс енгізіп, оны шұғыл қабылдап та жіберді, — деген болатын сонда Елбасы ренжігенін жасырмай.

2015 жылы Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау комитеті еліміздің әр аймақтарында дәрежелері бірдей көлік сатып алуға бюджеттен бөлінген қаражаттың әркелкі екендігін хабарлаған болатын. Баға айырмашылығы 40 пайызға дейін жетіп, салдарынан республика бойынша артық төлем 1 млрд. теңгеден асқан. Сол жылы қымбат көлік сатып алу рейтингісін Жамбыл облысы бастаған еді. Нақтырақ айтсақ, жамбылдықтар бұл мақсатқа 146 миллион теңге қарастырған.

Меморгандардың қызметтік көлікке қатысты жиі сынға ұшырап жататындықтарын нақты дәйектермен растап отырмыз. Ал мұндай келеңсіздіктерге жол беріп отырған қандай ықпал? Себеп: қызметтік мақсатқа сатып алынатын көліктердің дәрежелерін айқындап беретін нормативтік-құқықтық құжаттар бізде осы күнге дейін жоқ екен. Сонда дейміз-ау, жоғары эшелонда отырғандардың арасында мұндай құжаттың болмауына мүдделі біреулер бар ма екен деген арам ой туындайды.

Әсия Жөнкебаева, заңгер:
— Негізі қызметтік көлікті жалға алуға рұқсат беретін заңдық норма бар. Меморгандар осы заңды басшылыққа алады. Өйткені олардың өз жеке көлігін жұмыс бабында пайдаланғысы келмейтіні белгілі нәрсе. Алайда адами тұрғыдан алғанда, менің ойымша, бұл дұрыс емес. Қызметтік көлік үшін үкімет қанша қаржы жұмсап жатыр. Егер сол билікте отырғандар адал болса, шығынды да ойлап, оған жол бермеудің тиімді жолдарын қарастырып жатса, қуанасың ғой. Жоқ олай емес, керісінше, ақша табудың жолына айналдырып алған сыңайлы. Менің ойымша, біздің елде айла-шарғысын жасап, қызметтік көлікті жалға алу-беру арқылы да табыс табудың көздерін тауып алғандар жоқ емес, бар. Сондықтан да жалға беріліп жатқан көліктердің барлығын тексеру керек. Былық-шылықтың беті сонда ғана ашылады. Сондай-ақ, оның құнын белгілеу керек. Егер сол мөлшерден асып кетсе, жауапқа тартуды ұсынар едім.

Заңгердің сөзінің жаны бар. Алматы қаласындағы бір мемлекеттік орган басшысының бір басында неше көлігі бар екендігін жақсы білеміз. Алайда ол қызметтік көлікті жалға алған. Ол,әрине, заңды. Оған кінә таға алмайсың. Дей тұрғанмен ол жалға алған көлік үшін ай сайын 450 мың теңге төлеп отыр. Ал көлік оның өзінің танысынікі. Оған да шектеу қоя алмайсың. Дәл солай, қазір қымбат көліктерді жалға алып отырған шенеуніктер біреудің атына тіркетіп қойған өз көлігін өзі жалға алып отырулары да әбден мүмкін. Қысқасы, «екі жеп биге шығып» отырғандар жетіп артылады. Іздесең ілік таппайсың, алайда «сырты бүтін, іші түтін» бұл мәселені реттеуді мықтап қолға алатын кез келді.

ЛӘЗЗАТ БИЛАН