Дауға ұласқан – даталы тойдың сыйақысы!

Алқымнан алған қымбатшылықтың әсерінен, бүгіндері халықтың жүйкесі жұқарып бітті! «Аш адам ұрысқақ — Ауыру адам тырысқақ»,-деп бұрынғылар бекерге айтпаса керек. Тапқан табыстары күнделікті күнкөрістеріне жетпей, дағдарыстан дағдарып жүрген халықта қандай көңіл күй болмақ?! Әйтеуір «Қайғысыз қара суға семіреді»-нің кебімен, әркім отанының тыныштығы мен отбасының амандығына тәуба қылып, «көмпіс қазағымның» күйбің тірлігімен күнелтіп жатқаны белгілі…

Тәуелсіздіміздің 25 жылдық мерей тойы қарсаңында дәрігерлерге, мұғалімдерге, тәрбиешілерге, әлеуметтік жұмысшылар мен әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарға мемлекетіміз ақшалай сыйақы үлестіретін болыпты деген хабарды естіген халықтың, билікке деген іштей ризашылығы зор еді. Алайда, бұл қуаныштары ұзаққа созылмай-ақ, әркімдерге тәтті түс көріп оянғандай әсер қалдырып ғайып болды. Соның кесірінен үкіметтен сыйақыға дәмелі мыңдаған адамдар «Ала қойды бөле қырыққан» үкіметке наразылықтарын жеткізе алмай әлек! Шын мәнінде халықтың бұл наразылығы өте орынды! Айталық, әр облыс өз бюжетінен үнемделген, немесе мүмкіндігімен өз тұрғындарына осылайша бір реттік сыйақы үлестірулері керек екен. Алайда, өкінішке орай бұл мәселе жоғарыдан облыс әкімдеріне міндеттелмеген!

%d0%b1%d0%b0%d0%b9%d0%b1%d0%b5%d0%ba Соған қарамастан Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырза бюжетті оңтайландырудың нәтижесінде үнемделген 123 миллиард теңгенің 6,2 миллиард теңгесін Тәуелсіздік мерекесіне орай Алматылық дәрігерлер, мұғалімдер, тәрбиешілер, әлеуметтік жұмысшылар, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен делінген 114 мың 300 адамға сыйақы ретінде беруге шешім қабылдаған.

15571214_608578662658598_1824862698_nАл, осы игілікті бастаманы жалғастырған Астана әкімі Әсет Исекешев мырза Астана қаласындағы бюджеттік мекемелердегі 39 мың қызметкерге 2 миллиард теңгеге жуық сыйақы, және 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушыларға саяси репрессияның құрбаны ретінде 70 мың теңгеден беруге шешім қабылдап қала тұрғындарының ықыласына бөленді. Ал ресми деректерге сүйенсек өзге облысьарда әзірге мұндай шешімнің жоқтығы тұрғындарының наразылығын тудыруда! «Алалағаннан алауыздық туады» -деген осы! Бір реткі мұндай сыйақы ретіндегі көмекпен ешкім қабырғасын жауып қарық болмаса да, бір қажеттіліктерін өтеуге бұл да үлкен мүмкіндік екенін ескерсек, тұрғындардың наразылығы әрине өте орынды! Қазақта: «Өзі ауырмағанның құдаймен ісі жоқ», -деген бір тәмсіл сөз барды. Осындай игілікті іске салғырт қарап отырған облыс әкімдері бүгінде орташа есеппен 670 мыңнан 970 мың теңге аралығында айлық еңбекақы алатындығы құпия емес! Жоғарыдағы сыйақыға зәру жандардың айлық табыстары 40 тан 50 мың теңге аралығында екенін ескеріп салыстырмалы түрде есептеп қарасақ, бұлар сол әкімдердің бір айда алатын еңбекақысын бір жыл сегіз ай еңбектеніп жүріп әзерге алады деген сөз! Бұл сөзіміз әкімдеріміздің еңбекақысы жоғары деген қызғанышты білдірмейді. Тек, өздерімен өзгелерді де бір кезек салыстырып ойласа ғой деген ұсыныс ғана. Игілікті іске деген пейіл болса, қазіргі уақытта қай облыстарда да мұндай мүмкіндіктер баршылық. Сол үшін де облыс әкімдері тәуелсіздігіміздің ұлы мерекесі қарсаңындағы мұндай игілікті істі жалғастырса екен дейміз!

БАҒДАЛ АҚЫНҰЛЫ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі