ДӘУІТТІҢ ПАЙДА БОЛУЫ ЖАЙЛЫ АҢЫЗ

Дәуіт ә.с. пайғамбардың тұсында Ғайдуна деген қаланы ордалы жылан басады. Олардың көптігі сондай күрек басындай жерге он жылан сияды екен. Қарсы келген адамды өлтіріп, бет қаратпапты. Күресуге дәрмені қалмаған патша ақсақалдарды жинап, кеңеседі. Қариялардың бірі:
– Дәуіт пайғамбардан көмек сұрайық. Аллаға тілегімізді жеткізіп, мына пәледен құтқарсын, – деді. Оның сөзін бәрі қоштады. Сөйтіп Дәуітке ә.с. хабаршы жіберілді.
Дәуіт ә.с. Мақпар тауында ұста екен. Хабаршы ел тілегін айтып, көмек сұрайды. Дәуіт кеудесінен бір түйме үзіп алады. Оны төске қойып, балғамен үш рет ұрады. Түймесі жәндікке айналады. Оны хабаршыға беріп:
– Қалаға кіргенде босат. Жыланды қуып шығады, – деді.
Халқы Дәуітті ә.с. күтіп отырады. Хабаршыны көріп:
– Дәуіт қайда? – деп сұрады. Жігіт жәндікті көрсетіп:
– Міне, – деді. Жәндік секіріп түсіп, жыландармен айқасқа түседі. Қылыш қолымен жыланның көзін ойып, қаладан қуып шығады.
Ерлігіне риза болған ел оны «Дәуіт», «Дәуіттің жәндігі» деп атап кетеді. Оған қасиетті, киелі деп құрмет көрсетеді. Үйге дәуіт келсе, пәле-жала есіктен кетеді, құт төбеден келеді дейді. «Дәуіт бар жерде жылан жүрмейді», «Дәуітті жер тәуір жер», «Дәуітке көзінен айрылар жылан кездеседі», «Дәуітті тәу еткен құр қалмас» деген тәмсіл сөздер осыдан қалыпты.