Дәурен Абаев: «Ашық үкімет» — демократиялық қоғамды құрудың бірден бір жолы

Ұлт жоспарында есеп беретін мемлекетті қалыптастыру бесінші институционалдық реформа ретінде белгіленген болатын. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, «100 нақты қадамда» аталған реформаны іске асыруды көздейтін бірқатар шаралар толығымен атқарылды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

«Атап айтқанда, 94-қадам бойынша «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң қабылданды. Осы жұмысқа үкіметтік емес ұйымдар белсене атсалысты. Заңда шын мәнінде көптеген оң бастамалар көрініс тапты. Осының барлығы әрбір азаматқа мемлекеттік органдар қызметі туралы ақпаратты еркін алу мен таратуға мүмкіндік береді. Заңның тағы бір тиімді тұсы, ақпаратқа қол жеткізуге шектеу қою шараларына тыйым салынды. Аталған норманы бұзғаны үшін лауазымды тұлғаны жауапкершілікке тарту мәселесі де қарастырылды», — деп атап көрсетті министр Абаев бүгін Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, ақпаратқа қол жеткізу бойынша арнайы комиссия құрылып, осы мәселені жіті бақылап келеді.

Халық есеп беретін мемлекетті құру жолындағы тағы бір шара — «Ашық үкімет» жүйесін толығымен іске қосу. Аталған міндет 96-қадамға жатады. Бүгінде open.egov.kz — «Ашық үкімет» порталында «Ашық мәліметтер», «Ашық нормативтік-құқықтық актілер», «Ашық бюджеттер», «Ашық диалог» және мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалайтын бөлім ашылды. Мәселен, «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» бөліміне кірген кез келген адам заң жобаларының талқысына қатыса алады. «Ашық бюджеттер» арқылы бюджет шығындарын бақылауға мүмкіндік бар. Ал «Ашық диалогта» мемлекеттік орган қызметкерлеріне тікелей сауал жолдауға болады. «Негізі, «Ашық үкімет» — демократиялық қоғамды құрудың бірден бір жолы. Мысалы, енді барлық мемлекеттік органдар өз бюджеттерін ашық түрде жариялауға міндет. Демек, әрбір адам бюджет шығындарын бақылай алады. Сол сияқты «Ашық диалогта» кез келген шенеунік порталға түскен сұраққа жауап жолдауы тиіс. Мемлекеттік орган кез келген заң жобасын қабылдаудың алдында оны халықтың талқысына салуы қажет», — деп атап көрсетті Дәурен Әскербекұлы.

Ал мемлекеттік қызметтерді электронды үлгіге ауыстыру арқылы халықтың уақытын үнемдеп қана қоймай, жемқорлық әрекеттерін де барынша азайтуға болады. Сол себепті 100-қадамда мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру міндеті қойылды. Осыған орай, өткен жылы «Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясы құрылды. Бүгінде корпорация арқылы барлық 723 мемлекеттiк қызметтiң 548-iн немесе 76 пайызын алуға болады. Ағымдағы жылда аталған көрсеткiштi 85 пайызға дейiн арттыру жоспарланған. Жалпы, қазіргі кезде «Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясына қарасты 350 халықа қызмет көрсету орталығы бар. Жыл сайын аталған орталықтар сан алуан анықтамаларды миллиондап береді. Осылайша, ақпарат және коммуникациялар министрлігі бес институционалдық реформаны іске асырудың үш қадамын орындап отыр.

Айта кетейік, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру міндеті 91-100  қадамдарды қамтиды. Оған басқа мемлекеттік органдар да жауапты.