Дәурен Абаев журналистердің абыройын аспандатпақ

Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын барысында ҚР ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев қонақтарды кәсіби мерекемен құттықтап, министр ретінде журналистердің мәртебесін көтеріп, олардың мүддесі мен құқығын қорғау жұмыстарын күшейтуге, сондай-ақ аймақтық БАҚ-ты дамытуға уәде берді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

 «Қазіргі заманда ақпарат өміріміздің барлық салаларының дамуын айқындайды. Халықаралық талдау құрылымдарының бағалаулары бойынша әлемдік масс медиа нарығының өсімі 5%-дан асады. Осынау тренд аясында қазақстандық медиа сала да дамып келеді. Жыл сайын елімізде жаңа басылымдар мен ресурстар пайда болады, оқырман мен телекөрермен үшін бәсекелестік артуда, контент сапасы жақсарып келеді. Бұл жұмыс, әрине, одан әрі де жалғасатын болады», – деп мәлімдеді құттықтау сөзінде Дәурен Абаев.

Сондай-ақ ведомство басшысы отандық БАҚ-тың дамуындағы министрлік ерекше назар аударып отырған бірқатар проблемалық бағыттарды атап көрсетті.

мереке

«Біріншіден, журналистің мәртебесін арттыру, оның мүддесі мен құқығын қорғау басты міндеттердің бірі болып табылады. Екіншіден, БАҚ үшін мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қолжетімділігін одан әрі арттыру, бұл мәселе екі жаққа да тиімді, өйткені қазіргі заманда мемлекеттік бастамаларды объективті түсіндіру – қоғамдық тұрақтылықтың маңызды факторларының бірі. Үшіншіден, журналистика факультеттерінде оқу бағдарламасын өзектендіру жұмысы қолға алынады, онда түрлі басылымдарда машықтанудан өту есебінен студенттердің практикалық сабақтарының үлесі артады. Төртіншіден, аймақтық БАҚ-ты дамытуға ерекше назар аударатын боламыз. Кейбір аймақтарда бәсекеге қабілетті және тәуелсіз басылымдар болмағандықтан, жергілікті мәселелер аз айтылады», – деп атап өтті Дәурен Абаев.

Салтанатты жиын барысында министр кәсіби қызметте ерекше көзге түскен БАҚ қызметкерлеріне төсбелгі табыс етті.

Суреттер baq.kz порталынан алынды