«Дауыс берсең де, бермесең де, ештеңе өзгермейді» дейтін түсініктен арылатын кез келді

Бұл топ бұған дейін республикамыздың 7 аймағында болып, сайлау бойынша халықпен кездесулер ұйымдастырып, өткен сайлаулардың барысын талқылай келіп, болашақ сайлау барысын жетілдіруді мақсат тұтыпты. 2020 жылы республикамызда ауыл әкімдерінің сайлауы өтіп, 535 ауылдық округтің әкімі халықтың таңдауымен сайланған. Ендігі кезекте, Президенттің тапсырмасымен аудан әкімдерін сайлау 2024 жылдан бастап арнайы заңға енгізілмек екен. Бұл бастаманы алдағы жылы қанатқақты жоба ретінде республикамыздың кейбір аймақтарында қолға алмақ ниет бар көрінеді. «Алдымызда үлкен іс, жауапты міндеттер тұр. Осыған байланысты өңірлерге шығу арқылы қоғамымызда сайлауға байланысты көтеріліп жүрген мәселелерді өздеріңізбен бірге талқылап, қарастыру үшін жиналып отырмыз» деп бұл жиынның мақсатына қайтара айналып соққан Шавхат Әнесұлы топ мүшелерімен таныстыра келіп, алғашқы сөзді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровке берді.

Нұрлан Мәжитұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауда ашықтықты қамтамасыз ету туралы тапсырма бергенін айта келіп, алдағы сайлау процесін жаңарту бағытында атқарылып жатқан жұмыс барысына тоқталды.

– Бүгінгі таңда алдымызға қойылып отырған басты міндет – еліміздегі сайлау процесін дамыту. Біз Президенттен басқа ешкімге бағынбаймыз, бірақ мемлекеттің сайлау туралы Заңына бағынып, оның бұзылмауын қадағалап, ауыл әкімінен бастап барлық сайлаудың ашық өтуіне күш саламыз. Президентіміз кешегі Жолдауында да сайлау талаптарына бірсыпыра өзгерістер енгізу керек екенін айтты. Қазір жаңа сайлау жүйесін қалыптастыру үшін жетілдіру жұмыстары атқарылуда, – деген төраға Президент Жолдауында айтылған бағыттар бойынша да түсінік беріп өтті.

Бұдан кейін топ басшысы басқа аймақтарда болған жиындарда қандай сұрақтардың жиі көтерілгеніне де шолу жасай келіп, жастардың электронды жүйені сайлауға енгізуді қолдайтындығын айтып қалды. «Өз басым оған қарсы емеспін. Бірақ мұның да әлі жетілдіруді қажет ететін тұстары жетерлік. Осыдан бұрын болған кездесуде бір жас жігіт сайлау учаскесіне бармай-ақ, үйде шай ішіп отырып та дауыс беруге болады деп айтты. Тағы бір байқағаным, жастардың басым бөлігінің сайлауға қатыспайды. Оларда дауыс берсең де, бермесең де бізсіз де бәрін шешіп қойған деген түсінік қалыптасқан. Бұл қате пікірден арылатын кез жетті. Сайлау процесінде Президентіміздің өзі ашықтықты қамтамасыз етуді тапсырғандықтан да, біз оның барысын әлі де жетілдіре түсетін боламыз. Жастарға айтарым, сайлау деген – ол сенің таңдауың, оған қатысып, өз азаматтығыңды таныту әрбір жастың міндеті», – деді Нұрлан Мәжитұлы.

Сондай-ақ ол: «Біздің мемлекет жас мемлекет, жас мемлекеттің жастары көп» дей келе, республикамыздағы орта жас 31 жас болса, сайлауға қатысатын 35-ке дейінгі жастардың үлесі халық санының 36 пайызын құрайтынын мақтанышпен жеткізді. Жиында тағы басқа да көпті толғандырған мәселелерді айта келіп, кезекті сұрақ-жауап кезеңіне берді.

Облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі, белсенді жас Исламбек Дастан 15 жыл сайлауға бақылаушы болып қатысып келе жатқанын айта келіп, «Бұдан былай елде таза сайлау өткізілсе. Бұрынғыдай жалған фактілерге жол бермес үшін өңірлердегі сайлау учаскелерінің төрағалары ауыса ма? Жастар атынан айтарым, алдағы уақытта сайлау электронды жүйеге ауыса ма?» деп өз сауалын қойды.

Төраға алдағы уақытта комиссия құрамы бірден өзгермейтінін, ол үшін біршама уақыт қажеттігін айтты. Ал электронды жүйеге енуде асығыстық танытпау керек деп түйді. Өйткені бұл жүйені ел ішінде қолдайтындар да, қолдамайтындар да бар. Не де болса, Еуропа елдерінің тәжірибесіне сүйеніп жұмыс істейтіндігін жеткізді.

Бұдан кейін «Жаңару» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қасымхан Төлендиев, Қоғамдық кеңес мүшесі Сатыбалды Досымбеков, Тараз қалалық мәслихат депутаттары Серікжан Абдикаримов пен Айгерім Дәулетбаева және басқа да сайлау учаскесінің мүшелері сайлау процесіне қатысты көкейде жүрген сауалдарын қойып, жауап алды. Қойылған сұрақтар мен ұсыныстардың барлығына Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров пен комиссия мүшесі Асылбек Смағұлов жұмыс іссапары барысында кездескен түрлі мысалдарды ұтымды келтіре отырып, жан-жақты жауап берді.

Бұдан кейін, орталық комиссия құрамы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студент жастарымен және облыста өкілеттігін кәсіби тұрақты негізде атқарып жүрген аймақтық сайлау комиссия мүшелерімен кездесіп, еркін форматта пікір алмасты.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы

aqjolgazet.kz