Демалыстың көркі – қызығы мол жазғы алаң
Жазғы сауықтыру лагерінің балаларға тигізер пайдасы зор
Жаз айлары – балалардың толыққанды демалып, денсаулықтарын нығайтуларына, жаңа оқу жылын тың күшпен бастауларына қолайлы уақыт. Мектеп оқушылары үшін де бұл – ерекше ықыласпен күтілетін мезгіл.
Бұл уақытта бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің көпшілігі лагерьге баратыны да сөзсіз.
Күн сайын компьютер мен планшетке үңіліп отыратын балалар бір уақыт еліміздің көрікті жерлерінде болып, лагерьде ұйымдастырылатын мәдени шараларға қатысып, өзіне достар тауып қайтқаны қандай жақсы.
Жаз маусымы басталысымен балаларын түрлі лагерьлерге жібергісі келетін ата-аналардың да саны көбейеді.
Егер балаңыз жан-жағымен тез тіл табысып кете алатын болса, онда оның лагерьдегі әр күні қызықты өтпек.
Жазғы лагерь – бұл тек демалатын жер емес. Лагерь – әр түрлі жарыстарға қатысып, баланың ашылмай жүрген талантын, белгілі бір қабілетін ашатын орын.
Жарыстардан бөлек, онда балалар өздері концерттік қойылымдар ұйымдастырып, спорттық ойындар ойнайды.
Онымен қоса жазғы сауықтыру лагерьлерінде балалар топпен жұмыс істеуге, көпшіліктің ортасында өзін көрсетуге бейімделеді.
Лагерьде бала өзін еркін сезінеді.
Лагерьдің тағы бір пайдасы – таза ауасы. Әдетте жазғы лагерьлер тауда, табиғат аясында орналасқан.
Таудың ауасымен тыныстап, ағын судың жанында ойнау бала денсаулығына, иммунитетіне, шымыр болуына көп көмектеседі.
Міне, тура осындай ауасы таза Мөлдір бұлақ ( Жұрындысай) балалар сауықтыру лагерінде оқушылардың демалысына бардым.
Онда оқушылардың өнерімен, шығармашылықтарымен таныстым, оқушылардың көңіл-күйлері өте жоғары.
Біз көп нәрсені ұсақ-түйек санаймыз. Ал мән беріп қарасақ, жазғы лагерьлер – демалыс орны ғана емес, үлкен тәрбие мен үгіт-насихат құралы.
Мәселен, балалар онда демалып қана қоймай, денсаулығын түзейді, қоршаған ортаны танып, еңбекке, достыққа бейімделеді.
Туған жерінің орман-тауын, өзен-көлін, даласын көріп-білу және оның бар сұлулығын сезіну әрбір баланың бойында туған табиғатын аялай сүю, қорғау сезімдерін оятып, ұлттық сананың қалыптасуына алғышарт болады.
Айналып келгенде, балаға бүгінгі жасалатын қамқорлық – елдің ертеңін ойлау мақсатынан туындайтыны түсінікті жайт.
Мақсат Қазанғапов, Талас аудандық білім бөлімінің басшысы