ДЕМЕУШІЛІК ТАНЫТТЫ
Мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамдық ортада өзін-өзі ұстауға, адамдармен емін-еркін қатынас жасауға, өзін тең дәрежеде сезінуге үйретуге, арнаулы әлеуметтік қызмет жасауға бағытталған Сарысу аудандық оңалту және бейімдеу орталығы жұмыс жасайды.
Орталықтағы балаларға қамқорлық жасап, демеушілік танытатындар қатары көптеп саналады. Солардың бірі әрі бірегейі ауданымыздағы іргелі кәсіпорын «ЕвроХим-Тыңайтқыш» ЖШС-і.
Аталған кәсіпорын аудандық оңалту және бейімдеу орталығына құны 600000 теңге тұратын «Haier 75 S3» теледидарын тарту етті.
— Біздің орталықтағы мүмкіндігі шектеулі балаларға қамкорлықпен қарайтын демеушілер үнемі орталыққа үлестерін қосып келеді. Бүгін тұрақты демеушіміз «ЕвроХим- Тыңатқыш» ЖШС-і орталыққа арнайы келіп «Haier 75 S3» теледидар сыйға тартты. Енді біз дидактикалық материалдарды, бейнероликтерді, суреттерді осы заманауи ақпараттық- мультимедиялық құрал арқылы көрсете отырып, балаларды жан- жақты сауықтыру, түзету, дамыту арқылы олардың өмір сүру сапасын жақсартуда тиісті жұмыстарды жүргізетін боламыз. Бізге тағы да қол ұшын беріп, қолдау білдіріп жатқан басты демеушіміз «ЕвроХим –Тыңатқыш» ЖШС-не айтар алғысымыз шексіз,- дейді орталық қызметкерлері.
«Еврохим» компаниясы – минералды тыңайтқыштарды өндіру бойынша әлемдегі жетекші компаниялардың бірі. Компанияның өндірістік активтері төрт континентте орналасқан, ал сату және тарату желісі бүкіл әлемде жұмыс істейді. Қазақстанда «ЕвроХим» компаниясы Жамбыл облысының Сарысу ауданында жұмыс істеп жатыр.
Компания аудан өміріне, қоғамдық шараларға белсене араласып келеді.
Сарысу ауданы