Демографиялық жағдайымыз мүшкіл

Кең байтақ жеріміз бар. Өзінің 2 миллион 724 мың шаршы шақырымымен әлем бойынша 9-шы орындамыз. Ол жағы баршамызға белгілі. Алайда халық өте сирек орналасқан ел қатарындамыз. Ол жақсы емес. Мәселен бір шаршы шақырымға бар жоғы 5,4 адамнан келеді. Ал Қытайда дәл осындай көлемдегі жер 140 адамға бөлінсе, олар соған риза. Тағы бір мысал келтіре  кетсек, Өзбекстанда да жер мәселесі қашаннан өзекті. Онда  бір шаршы шақырым жер 56 адамға тиесілі. Бұдан шығатын қорытынды — біздің демографиялық жағдайымыз өте мүшкіл.

Ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалған осындай ұлан-байтақ кең жердің иесі бүгін бізбіз.  Бабаларымыз не көрмеді? Екі жүз жылдық жоңғар-қазақ тартысында Абылай хан, Төле, Қазыбек, Әйтеке би және Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Қарасай сынды қас батырлар жерін асқан ерлікпен бір кісідей қорғағанда олардың бар мақсат тұтқаны — ұрпағына мұраға жер қалдыру еді. Олар дегендеріне жетті. Біз бас иеміз әрине. Бірақ сол жерге ие болар қазақтың сан ілдалдап тұр. Өсім жоқтың қасы. Ол өкінішті! «Өкінішті» дейміз-ау, дабыл қағуымыз керек! Бұл түйінді түйткілді шешуді мықтап қолға алмасақ, жылдар өте ассимилицияға ұшырауымыз да ғажап емес. Байбалам салудан аулақпыз, дейтұрғанмен, статистикалық деректерге жүгінсек, біздің елге жыл сайын төрт миллиондай шетелдіктер келіп жұмыс істеп жатады. Нарық заманында ол табиғи құбылыс. Оған дау жоқ. Сонымен қатар,  тағдыр жазуымен Қазақ елі көптеген ұлт пен ұлыс өкілдеріне мекен болып отыр, яғни Қазақстан КСРО кезінде өз еркінен тыс полиэтносты мемлекетке айналды. Әлбетте, өзге ұлт өкілдерімен береке-бірлік орнатуға тиіспіз. Оған да қосыламз. Алайда әлемнің көп елдері бүгінгі күні мультикультурализмнің ұлт пен азшылық арасындағы қайшылықтарды шешудің орнына одан әрі шиеленістіре түскеніне ғылыми түрде көз жеткізді, сөйтіп, мультимәдениттен бас тартып отыр. Біз сияқты саны аз халық үшін бұл ойланатын дүние. Осы тұста айта кетейік, елімізде  түркі  тілдес халықтар сан жағынан біршама. Кейбір мамандар бізге олардан пайда болмаса, зиян жоқтығын айтады.  «Түркі тілдес ұлт өкілдері  тілімізді байытып, дінімізді құрметтеп, мәдениетімізді өркендетіп, мемлекетімізді күшейтуге ықпал етеді» деп санайды олар. Түркі  тілдес халықтармен  арада консолидацияның болғаны шынымен де дұрыс.8f2acb7152be6013d3f261e9a64

Кім кімге де, мәлім болар, бір кездері әлемде шамамен 10 мыңнан аса тіл болған екен, қазір оның саны  6,5 мыңға дейін азайып кетті. Былайша айтқанда, саны аз халықтардың тілдері қолданыстан шығып, өздерінің  де ұлт болып танылуына қауіп төніп тұр. Солардың қатарынан көрінуден сақ болуымыз керек. Ал ол үшін ең бастысы санымызды көбейтуге тиіспіз. Оның жолдары көп. Тек тиімдісін таңдап алып, оған мемлекеттік тұрғыда қарайтын кез жетті. Дәл бүгінгідей арқаны кеңге салып, алаңсыз жүре беруге ендігі болмайды.

Тарихқа там-тұмдап тоқтала кетсек, қазақтың демографиясы енді-енді жақсарып келе жатқанда  «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» бәрін кері кетірді, халық көп шығынға батты. «Оған дейін 258 жыл бойы «тіректеп» жинаған демографиямыздың тең жартысы сол зұлмат заманда жоқ болды» дейді тарихшлар.  Ал екінші табиғи оң өсім 1725  жылдан бастап санағанда 200 жуық жылға  созылған  екен. Алайда 1916 жылдың  орта шенінен бастап  1945 жылға дейін санымыз тағы да айтарлықтай тоқыруға ұшырайды. Сол кезеңде  төрт  миллионға жуық қазақтан айрылсақ керек.

Статистикалық деректерге келсек,

 

1990-2016 жылдар аралғындағы халық санының көрсеткіші
1990 1991 1992 1993 1994 1995 1996 1997
16 690 000 16 793 000 16 964 000 16 986 000 16 942 000 16 679 000 16 544 000 15 993 000
1998 1999 2000 2001 2002 2003 2004 2005
15 804 000 15 000 000 14 900 000 14 800 000 14 851 100 14 866 900 14 951 200 15 074 767
2006 2007 2008 2009 2010 2011 2012 2013
15 219 291 15 396 878 15 571 506 15 776 492 16 204 617 16 441 959 16 675 392 16 911 911
2014 2015 2016
17 165 239 17 417 447 17 670 957

Байқаған боларсыздар, тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде халқымыз бар болғаны бір миллионға ғана өскен. Ал осы жылдар аралығында ата жұртына бір миллиондай қандасымыз оралған. Демек, халық саны солардың есебінен ғана өсіп отыр десек қате айтқандық емес.

Енді туу мәселесіне келсек, тәуелсіздік алған 1991 жылы өмірге 353 174 адам келсе, өткен жылғы дерек бойынша дүниеге келген сәбилер санында бәлендей өзгеріс жоқ, яғни 400 мыңға жуық қана. Есесіне біздің елде өлім-жітім  көп тіркеледі. Шамамен бір жылда 350 мың  нәресте өмірге келсе, жыл сайын бақилық болатындардың мөлшері соның тең жартысы шамасында. Демек халық саны бар болғаны 150-200 мыңға ғана көбейіп отырады деген сөз.

Саны жағынан айтарлықтай әлсіреген қазақ халқының тым аздығы өзінен әлдеқайда басым халықтармен  іргелес жатуы  қауіп туғызбай қомайды. Шығысымызда саны қазақтан 100 есе көп Қытай мемлекеті орналасқанын ұмытпайық.  «Қара  қытай қаптаса – ақыр заман болады» деп  бабаларымыз осыдан 500 жыл бұрын ескерткен екен. Солтүстігімізде  бізден 15 есе артық халқымен Ресей жатыр.  «Орыспен дос болсаң – айбалтаң жаныңда болсын»  деп айтқанда да ата-бабаларымыз өзінің иіні жұмсақ ұрпағы үшін 300 жыл алаңдағаны тарихтан мәлім.

Ұлтты құру үшін ұлтшылдық қажет. Оған үрке қараудың қажеті. Әрине, шектен шықпау керек. «Ұлтсыз мемлекет құм сияқты сусып жоғалады» дейді қытайлық белгілі тұлға С.Ятсен. Ұлт құрылысына науқандық шара деп қарауға әсте болмайды, ол үздіксіз жалғасып жатуы тиіс. Таразы басына ұлт мүддесі мен мемлекет тағдыры түскен сәтте жалтақтық танытпауымыз керек. Әйтпесе бабаларымыздың ұрпағы үшін қан төгіп, жанын аямастан қалдырып кеткен кең байтақ жерімізді мына бүгінгі біздер өзімізден кейінгі ұрпаққа қазіргі тұтас күйінде табыстай алмай қалуымыз  ғажап емес.

Ләззат Билан