ДЕНИС ТЕННІҢ БАПКЕРІ «ЖҰМЫСТАН» КЕТТІ

Спортпен кәсіби түрде айналысатын жандардың спортты өмірінің бір бөлшегіне айналдырып алатыны белгілі. Егде тартқан шағында да спорттың маңайынан кете алмай, бапкер болып қызметін жалғастыратындар өте көп. Солардың бірі — мәнерлеп сырғанаудан Денис Теннің бапкері болған америкалық Фрэнк Кэрролл. 80 жастағы қарияға немересімен жасты шәкіртінің қазасы ауыр тиген болса керек, Ф.Кэрролл жуырда ғана бапкерлік мансабын тоқтататынын ресми түрде мәлімдеген болатын. Д.Тенге қатысты ашылып айтпаса да, Еуропа мен Азияға ұшып баруға зауқым жоқ деген әйгілі бапкер:

— Бұдан былай өз игілігім үшін ғана шетелдерге саяхаттасам деймін. Ассоциация мен мәнерлеп сырғанаушы алдында жауапкершілікті сезінбеу үшін жарыстарға қатысқым келмейді. Спортшының күйзеліске түскенін көріп те қиналғым келмейді, — деп мәлімдеді. 1997 жылы «Олимпиада жаттықтырушысы» атанған Ф.Кэрролдың қанатының астында әлемнің ең үздік мәнерлеп сырғанаушылары жаттыққан еді. Мәселен, Әлем чемпионатының жеңімпазы мен Олимпиада ойындарының үздігі Тимоти Гейбл, Олимпиада чемпионы Эван Лайсачек, әлем чемпионаттарында 5 мәрте жеңімпаз атанған Мишель Кван, американдық Грейси Голд пен Мираи Нагасу, итальяндық Каролина Костнер және ең соңғы шәкірті Денис Тен — майталман маман баптаған ең үздік спортшылар.
Осы орайда 2006 жылы Германияда өткен футболдан әлем чемпионатының финалында төрелік еткен аргентиналық маман Орасио Элисондо еске түсіп отыр. Аталған матчтың 110-минутында әйгілі Зинедин Зиданды алаңнан қуған бас төреші сол жылы «ең үздік төреші» атағын алса да, ойынды еске алғысы жоқ. Өйткені күллі әлем өнерінен бұрын өзін жақсы көретін З.Зиданға қызыл қағаз көрсету төреші үшін оңайға түспесе керек. Тіпті, оны «футбол трагедиясы» деп бағалап, кейін Аргентинада алдын ала белгіленіп қойған матчтарға қазылық етісімен футболдағы мансабын аяқтап, бұрынғы дене шынықтыру пәні мұғалімі қызметіне қайта кірісетінін мәлімдеген еді.

Е.Назарұлы, Е.Сейтқали