«Денсаулық сақтау саласындағы үздік ұйымдастырушы» атты медицина қызметкерлері арасында өтетін облыстық конкурсын ұйымдастыру және өткізу бойынша ЕРЕЖЕ

І. Жалпы ережелер

  1. Конкурс Ережесі денсаулық сақтау ұйымын басқаруға дайын кәсіби көшбасшыларды іріктеудің тәртібі мен шарттарын айқындайды.

Конкурс медицина қызметкерлері арасында өткізіледі.

1) Конкурстың мақсаты – өңірдің жалпы денсаулық сақтау саласында кәсіби құзыреттіліктері мен көшбасшылық қасиеттері жоғары деңгейде қалыптасқан медицина қызметкерлерін анықтау, өңірлік кадр пулын қалыптастыру.

2) Конкурстың міндеттері:

денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың ағымдағы басымдықтарымен айқындалған жаңа кәсіби міндеттерге сәйкес келетін денсаулық сақтау ұйымын басқарудың тиімді тәжірибесін анықтау және тарату үшін жағдай жасау;

жалпы денсаулық сақтау ұйымдарын басқару саласындағы инновациялық тәжірибені анықтау және тарату, тәжірибемен алмасу үшін жағдай жасау;

айқын көшбасшылық қасиеттері бар денсаулық сақтау қыметкерлерін анықтау;

денсаулық сақтау саласындағы басқарушылық қызметтің оң имиджін қалыптастыру;

өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы қызметкрелердің біліктілігін және басқарушылық әлеуетін дамыту үшін жағдай жасау.

  1. Конкурс облыстық деңгейде өткізіледі.
  2. Конкурсты облыстық деңгейде өткізуге дайындау және ұйымдастыру жұмыстары, сондай-ақ оның қорытындыларын шығару осы Ереженің (бұдан әрі – Ереже), Конкурсты өткізу іс-шаралар жоспарына, оның жеңімпаздарын марапаттау мен жеңімпаздарды бағалау критерийлеріне және өзге де конкурстық комиссия бекітетін құжаттарға сәйкес іске асырылады.

ІІ. Конкурсты облыстық деңгейде ұйымдастыру және өткізу

  1. Қатысушыларды бағалау үшін Конкурстың облыстық конкурстық комиссиясы (бұдан әрі – облыстық комиссия) қалыптастырылады, оның құрамы хаттамалық негізде бекітіледі.

Облыстық комиссия әкімдік жанында құрылады және 7 адамнан және хатшыдан тұрады.

Облыстық комиссия мемлекеттік органдардың, мәслихат, үкіметтік емес ұйымдардың, медициналық білім беру өкілдері қатарынан, денсаулық сақтау саласындағы еңбек ардагерлерінен және өзге де тұлғалардан құрылады. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы озық тәжірибелі сарапшылар тартылады. Облыстық комиссияның төрағасы комиссия мүшелерінің ішінен дауыс беру арқылы анықталады.

Облыстық комиссияның төрағасы комиссияның қызметіне басшылық жасайды, жалпы бақылауды жүзеге асырады. Конкурстық комиссияның шешімдерін қабылдау кезінде даулы мәселелер туындаған жағдайда, конкурстық комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

Облыстық комиссияның отырысы комиссия құрамы мүшелерінің жартысынан артық бөлiгi қатысса, заңды деп есептеледi.

Әрбір үміткер бойынша шешім облыстық комиссия мүшелерінің бағалау парағына (осы Ереженің №6 қосымшасына сәйкес) қойған балдарын есептеу және конкурсқа қатысушының рейтингісін құрастыру арқылы қабылданады (тартылған сарапшылардың пікірі ескеріледі).

Отырыс қорытындысы облыстық комиссия төрағасы және хатшысы қол қойған хаттамамен (осы Ереженің №7 қосымшасына сәйкес) ресімделеді.

Облыстық комиссияның жұмыс органы «Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – жұмыс орган) болып табылады.

Жұмыс органы облыстық комиссияның қызметін ұйымдастыруды, сүйемелдеуді жүзеге асырады.

  1. Облыстық комиссия хатшысы комиссияның қызметіне техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады, атап айтқанда:

1) үміткерлердің құжаттарын қабылдауды жүзеге асырады;

2) комиссия отырыстарын ұйымдастырады;

3) комиссия отырысының хаттамасын рәсімдейді және конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаздың материалдарын қалыптастырады;

4) мемлекеттік органдардың ресми сайттарында және бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру үшін конкурс нәтижелері туралы ақпаратты береді.

IІІ. Конкурстың қатысушылары

  1. Конкурсқа «Денсаулық сақтау» даярлау бағыты бойынша жоғары білімі немесе «Бизнес, басқару және құқық» даярлау бағыты бойынша жоғары білім және «Денсаулық сақтау» даярлау бағыты бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім немесе ЕМВА (ЭмБиЭй) немесе full-time (Фултайм) дәрежесі болуы қажет. Сонымен қатар, негізгі жұмыс орны денсаулық сақтау саласындағы мекемеде болуы шарт.

Қатысушылардың денсаулық сақтау саласындағы еңбек өтілі кемінде 5 жыл болуы керек.

ІV. Конкурсты дайындау тәртібі

  1. Конкурс облыс әкімдігінің, облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының, қала, аудан әкімдіктерінің интернет-ресурстарында, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі парақшаларында оны өткізу туралы хабарландыруды орналастырудан басталады.

Бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық сүйемелдеу жергілікті атқарушы органдармен жүзеге асырылады.

  1. Хабарландыру 2024 жылғы 4 наурыздан кешіктірілмей орналастырылады.

Конкурс туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап қатысушы медицина қызметкерлері (бұдан әрі – Үміткер) Облыстық комиссияның жұмыс органына келесі құжаттар мен материалдарды жолдайды:

осы Ереженің 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша байқауға қатысуға өтініш;

осы Ереженің 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша байқауға қатысушының сауалнамасы;

конкурсқа қатысушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

тиісті білім және біліктілік деңгейі туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттың көшірмесі;

еңбек кітапшасының көшірмесі;

Қатысушы көрсетілген құжаттарға қосымша соңғы бес жыл ішінде қол жеткізген нәтижелері, өзінің қатысуымен жүзеге асырылған жобалары бойынша ақпараттарды, сондай-ақ жұмыс орнынан мінездеме ұсына алады.

Сонымен қатар, кәсіби, әлеуметтік-дәрігерлік және тұлғааралық сипаттағы мәселелерді шешуге дайындық, іскерлік қасиеттер және ұйымдастырушылық, өзін-өзі тәрбиелеуге және дамытуға дайындық, коммуникативтілік, ұжымды ынталандыру, команданы жұмылдыру, прогрессивті идеяларды жүзеге асыру құзыреттеріне назар аудару қажет.

  1. Конкурсқа қатысу туралы ұсынымдар 2024 жылғы 4 наурыздан бастап 25 наурызға дейін қабылданады.
  2. Конкурсты өткізу тәртібі

Конкурс ІV кезеңде өткізіледі.

  1. І кезең: «Таныстырылым» кезеңінде 3 минуттық презентация (қатысушының өз қалауы бойынша бейнеролик түрінде де көрсетуге рұқсат етіледі). Презентациядағы слайд мазмұнында тақырыптың негізгі бағыты, кәсіби тәжірибенің ең басты мәні көрсетілуі керек (№ 3 қосымша).
  2. ІІ кезең: «Дода» деп аталады.

ЛЭД экранда Google формасы арқылы қатысушылардың Заңдарды, нормативтік-құқытық актілерді, денсаулық сақтау саласының негізгі мәселелерін білу құзіреттіліктерін анықтау үшін 15 сұрақтан тұратын тест тапсырмалары ұсынылады.

Бұл кезеңде қатысушылардың дайындығын білу және түсіну деңгейі, ұтқырлығы анықталады.

Қатысушылар ұялы телефонның көмегімен QR-код арқылы кіріп, сұрақтарға жауап береді. Әр дұрыс жауап 1 баллмен есептеледі. Нәтижесі экраннан бірден анықталып, көрсетіледі.

  1. ІІІ кезең: «Мекеменің даму формуласы» тақырыбындағы сайыс. Бұл кезеңде конкурсқа қатысушы өз мекемесінде немесе комиссия мүшелерімен ұсынылған мекемеде /кейс/ басшылық лауазымында болған жағдайда, мекемені дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қандай жұмыстар атқаратындығы туралы ойын комиссия мүшелерінің алдында айтады.

Ол үшін үміткерге, мекеме туралы мәлімет және сол мекемедегі өзекті мәселелер туралы ақпарат ұсынылады. Үміткер өз кезегінде мекемені дамыту және өзекті мәселені шешу туралы өз ұстанымын айтады. Дайындыққа 7 минут уақыт беріледі. Әр үміткерге өз ойын білдіру үшін 5 минут уақыт беріледі. Үміткерлер осы Ереженің №4 қосымшасына сәйкес бағаланады.

  1. IV кезең: «Көкпар» дебаттық сайысы.

Конкурсқа қатысушылардың санына байланысты 3 адамнан бірнеше топқа бөлінеді. Топ мүшелері берілген тақырыпты бірігіп талқылайды. Дайындыққа 5 минут уақыт беріледі. Тақырыпқа байланысты топ мүшелері ашық пікірлерін білдіреді.

Үміткерлер осы Ереженің №5 қосымшасына сәйкес бағаланады.

VІ. Конкурстың қорытындысын шығару

  1. Конкурс нәтижесі бойынша облыстық комиссия Конкурстың нәтижесі туралы шешім қабылдап, номинация иегерлерін анықтайды.
  2. Жеңімпаздар облыс әкімінің «Креативті ұйымдастырушы», «Үздік стратег», «Үздік ментор», «Үздік көшбасшысы», «Үздік спикер», «Мерейлі дәрігер», «Білгір дәрігер», «Үздік рационализатор», «Үздік үйлестіруші», «Үздік сарапшы» номинацияларымен, сертификатпен марапатталады.
  3. Конкурс жеңімпаздарын марапаттау уақыты мен орны туралы ақпараттандыруды Комиссияның жұмыс органы жүзеге асырады.
  4. Конкурстың қорытынды кезеңін өткізуді ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді Комиссияның жұмыс органы жүзеге асырады.
  5. Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы конкурс жеңімпаздарын марапаттау үшін қаржы бөлу мүмкіндіктерін қарайды.
  6. Конкурсты ақпараттық сүйемелдеуді әкімдік, облыс әкімдігінің ішкі саясат, денсаулық сақтау басқармалары қамтамасыз етеді .

№ 1 қосымша

___________________________

__________________________

Қатысушының лауазымы, А.Ә.Т

____________________________

__________________________

Өтініш

Мені, «Медицина саласындағы үздік ұйымдастырушы» атты денсаулық сақтау қызметкерлері арасында өтетін облыстық конкурсқа қатысуға жіберуіңізді сұраймын.

Байқаудың шарттарымен таныстым және келісемін.