Денсаулық пойызы — Атырауда
26 қыркүйек күні «Денсаулық» пойызы Атырау облысының Мақат ауданы, Мақат станциясына келіп ат басын тіреді. Сол күні таңда аудандық әкімдік, темір жол, денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары және жергілікті тұрғындардың қатысуымен ашылу салтанаты өтіп, құттықтау сөз сөйлеушілер пойыз қызметіне сәттілік тіледі. Пойыз жетекшісі Әлия Абдышеваның айтуынша, пойыздың төрт вагоны заманауи технологиялық дәрігерлік құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда кеңес алуға, диагоностикалық тексеруден өтуге мүмкіндік бар. Алдымен қаралушылар тіркелуден өтіп, сонан соң қалаған дәрігерлеріне жолдама алады. Цифрлы рентген, УДЗ аппараты, эндоскопия, электрокардиография, стоматологиялық құрал-жабдықтар, тонометр, офтальмоскоп, ЛОР, лабораториялық анализатор аппараттары жұмыс жасап тұр.
- Міне, бүгіннен бастап, аудан тұрғындары «Денсаулық» пойызының дәрігерлерінен тегін диагностикалық кеңес алуға және үздік мамандарға қаралуға мүмкіндік алып отыр. Негізгі медициналық бригада құрамы Атырау теміржол ауруханасының мамандары және Алматы, Ақтөбе, Семей қалаларының мамандары шақырылды. Пойыз құрамындағы жиырма төрт маманның 12-сі дәрігер, 3-і инженер-оператор, қалғандары мейірбикелер. Дәрігерлердің әрқайсысының өз кабинет-купелері бар. Дәрігерлер құрамы халықтың қажеттілігіне сай жинақталған. Терапевт, кардиолог, хирург, невропотолог, әйел дәрігері, тіс, көз, құлақ, мұрын тексеретін, рентгеннен өткізетін, қан, басқа да анализдерді айыратын арнайы мамандар пойызда қызмет атқарады. Маңғыстауда бес мыңның үстінде адамдарды қарадық. Айта кетерлігі, Атырау облысы ауруханасының дәрігерлері екі облысқа бірдей қызмет көрсетуде. Бәрі де жас, жігерлі, білімді де білікті мамандар. Сондай-ақ офтолмология, урология институттарының, облыстық аурухана невропотологы, емхана гинекологы сияқты мамандарымен қамтылған, — дейді Әлия Анатолиқызы. Дәрігердің атап өткеніндей, тұрғындар негізінен терапевт, кардилолог, уролог, невропотолог дәрігерлеріне көп қаралады. Іш құрылысы бойынша да УЗИ-ге түскенді қалайды. Сонымен қатар көз дәрігеріне келушілер көп екен. Аймақтағы экологияның нашарлығы адам ағзасына зор зиян тигізіп жатқанын содан-ақ білуге болар.
Жалпы, мұндай пойыздың шығарылуы халыққа өте қолайлы. Бір мезгілде бірнеше дәрігерге алдын ала жазылусыз-ақ қаралып, өз науқасының қаншалықты деңгейде екенін, тағы қай жерінің ауыратынын және емделу жолдарын біле алады. Мақат станциясының тұрғындары бүкіл отбасымен, балаларымен де келуде, олардың ішінде теміржолшылар да аз емес. «Жыл сайын «Денсаулық» пойызы келгенде тексерістен өтіп алуға, білікті мамандарға қаралып, денсаулығымызды түзеп алуға тырысамыз. Мамандардың барлығы бір пойыздың ішінде халыққа қызмет көрсетіп, тұрғындардың денсаулығын барынша тексерістен өткізіп жатыр. Менің қан қысымым көтеріліп кетеді, соны өлшетіп отырмын, сонан соі терапевт дәрігерге барамын. Дәрігерлерге рахмет», дейді станция тұрғыны, жөндеу депосының слесары Сағи Қосыбаев.
Халықтың денсаулық пойызына, ақ халатты абзал жандарға деген сенімі зор. Жаңа үміті жанғандай үлкен жақсылық күтеді. Бірінші күннің өзінде бір станцияда 150-ге жуық адам қаралапты. Тұрғындар тегіс құлақтанып болмаған да шығар, негізі заманауи медициналық аппараттармен жабдықталған пойыздың дәрігер-мамандары бір күнде үш жүзге жуық адам қарауға қауқарлы. «Шектеулі жұмыс уақыты жоқ. Біз соңғы пациент таусылғанға шейін қараймыз» дейді Атырау теміржол ауруханасының бас дәрігері Серік Досжанов. Денсаулығына бей-жай қарамай, мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысқан халық «Денсаулық» медициналық пойыз қызметкерлеріне алғысын жаудыруда. Пойыз Атырау аумағында 17 күн болып, Доссор, Томан, Аққыстау, Нарын, Исатай, Афанасьева, Ганюшкино, Жамансор, Мұқыр, Сағыз станцияларын аралайды.
Қосұйым Мұқашев, Атырау облысы,
Мақат ауданы.
Суреттер автордікі