Депутат болсам ба екен, болмасам ба?
Еркімнен тыс желкемнен басқан тарамыс қолдар тұқырта түсті. Бұрылып қарауға, осынау қиын сәтт кімнің-кім екенін айыруға да мұрша бермеді. Әлеуетті күштер мойнымнан иығымнан басқан қалпы тырп еткізер емес.
Енді менде бір ғана амал қалды. Бұлар мені тұншықтырып жанымды қинамай тұрған кезде не де болса айтарымды айтып қалайын деп дауыстай жөнелдім.
— Депутат бол-май-мын!
— Боласыз!
Айналайындар-ау, қалай болмақпын? Кеше ғана ғой бірінші мерзімім бітті. Енді екінші мерзімге қайта сайламақсыңдар ма, Ұят қайда? Менде өзімше кісінің қысылтаяң жерде айтатын сөздерін айтудай-ақ айтып жатырмын.
Қорқыныштың әсерінен әлгілердің адам не құбыжық екенін айыра алмадым. Мұндайда қарсыласыңның ырқына көнуден басқа амал жоқ екенін біліп былай дедім:
— Ал, болдым делік. Сонан бірдеңе өзгере қала ма?
— Біздің аманаттарымызды жеткізесің!
Аманатшылын бұлардың. Осы аманат деген пәледен-ақ шаршадым.
Біз көз майымызды тауысып отырып заң шығарамыз, сендер болсаңдар орындамайсыңдар.
Қайта-қайта қабылдай беріп заңнан да ұят болды. Айттым ғой, кім талапкер, сол бола берсін мен өкпелемеймін деп.
— Боласыз!
— Болмаймын!
— Қалауымыз сізге түсіп тұр.
— Не, дүниеде менен басқа адам құрып қап па?
— Сіздің тәжірибеңіз бар.
Бірнеше дауыс қатар шықты.
— Болмасаңыз заңға береміз.
Ойбай-ай!-дедім. Ойбай-ай! Бұлардан бәрін күтуге болады. Мынау бізді қорлады. Арымызға тіл тигізді деп жабыла қол қойып жазса, жазыпта жіберуі мүмкін. Қазір заңға да сеніп болмайды!
Ішімнен бір шайтан: Мұсағали деген атың болмаса осылар сенің қай жеріңе қызыға қалды деп те түрткілейді.
Әдетім, сезіктене қалсам болды айналаны бақылай бастаймын. Адамдар не істеп жүр? Оларды қызықтыратын нәрсе не? Ол өте ұсақ, көзге әзер көрінетін затта болуы мүмкін. Алайда өзім күдіктенген нәрсені басқаның бойынан көрсем ол маған сенім ұялатып ары қарай жұмыс жасауым үшін керек болатын.
Қазір де сондай күй кешіп отырмын.
Сәл ойланып тұрдым да, болайын, бірақ қабылдаған заңдарымызды орындайсыңдар ғой дедім.
— Орындаймыз!
Мен құрғақ уәделерге сенбейтін адаммын. Сондықтан өз қолдарыңмен тіл хат жазып беріңдер.
— Жаздық!
— Мөрі қайда?
— Міне.
— Айы-күні?
— Көрсеттік.
— Мен оқып болған соң көшірмесін хатшы қызға қалдырасыңдар.
Мұны сұрап отырғаным, мерзімі өтіп кетіпті қайта қарауға жатпайды деп біздің шалқаятын әдетіміз бар. Солай болып жүрмей ме?
— Жоқ!
Арқамдағы сірескен қолдар бір мезет босаңсыды да ол менің еркін тыныстап сөйлеуіме мұрсат берді:
— Орындағанда кім нені орындайды?
— Мен! Асқар Жұмашұлы. Тіл туралы заңның орындалуына кепілдік беремін. Сонымен қатар бір мезетте қалалық тіл басқарамасының басшысымын.
Біздегі лауазымдылар алдымен уәдесін беріп соңынан қызмет дәрежесін тіркеп қоятыны бар. Сол жағынан алып қарағанда бұл мырзаға сенуге болады.
— Дұрыс. Ары қарай.
— Мен! Жәкен Андасұлы. Азаматтардың оқуға, еңбек етуге, демалуға құқы бар деген заңның орындалуына сөз беремін.
— Ұлт мүддесі, «Жеке тұлғалардың өтініштері» туралы бапқа біз жауап береміз.
— Біздің кім?
— Тәкен, Мәкен, Сәлімбай…
— Онда қолдарыңды қойыңдар.
Өзім де таңырқап қалдым.
Арқамдағы тылсымды дию, пері дейін десем адамша тіл қатысады. Адам дейін десем мәжбүрлеп желкелеп отырғаны мынау.
О, құдай! — дедім. Қазір ХХІ ғасыр. Бізде өтіріктер ғасыры. ХХІІ-ғасыр болғанда ғой қолдаушыларымды қинамай-ақ бол десе бола салар едім. Мұның себебі жалған сөйлеп өзіңді жұбатқаныңмен әлгінің санаңнан өшпей осы ісім дұрыс па, бұрыс па? Бұлай жасамай, қалай жасағаным жөн еді деп адамдардың өз жанын өзі жейтінін біліп былай дедім:
— Айналайындар-ау, араларыңда титтейде болса шығарған заңымызды орындап мұсылманмын деп жүрген адал адам бар ма?
— Бар ойбай!
— Бар болса сонымен сөйлесуім керек.
Ақылым жетпегені қалықтап ақ сағымдардың арасында жүргендеймін. Мәжбүрлеушілерімнің сөзі бірде анық, бірде алыстап күңгірт естіледі. Не талап етсем сәтінде орындалып, өзім ертегілер елінің патшасындаймын. Соның әсері болса керек. Алдымда офицер шеніндегі бір азамат пайда бола кетті.
— Аты-жөнің?
— Серкебаев!
— Шенің?
— Аға-лейтенант.
— Қызметің.
— Қалалық қозғалыс қауіпсіздігін бақылау бөлімінің Н, ауданы бойынша жол полицайы.
— Көптеген аға лейтенанттардың ысылған, жытқыр, қу боп келетінін білемін ғой.
Бұл лейтенант толық, төртбақ денелі, шындап талап етсе кез-келген пендеңізді сандалтып-сансыратып жіберетіндей көрінді маған.
— Осы азаматты адал деп ойлайсыздар ғой?
— Адал деп ойлаймыз.
Онда анықтап алайын.
Бір апта бұрын қызмет бабымен қайда болдыңыз?
— Базар маңында!
— Қай мезгілде?
— Түс қайта.
— Сағат қаншада?
— Төртте.
О, Жаратқан! Қандай сәйкестік десеңізші. Менің есте сақтау қабылетім алдамаса болмашыға бес мың сұрап үш мың теңгеге әзер көнгенде осы лейтенант болатын. Мен мұны тапқырлықпен әдейі айтып тұрған жоқпын. Кездейсоқтықтың өзі осылай болып шықса мен қайтейін? Сосын былай деп ренжи жөнелдім.
Біз болсақ жемқорлықты жоямыз деп заң шығарамыз. Сендердің отан алдындағы жасап жүргендерің мынау. Сонда мен қалай депутат болмақпын? Болмаймын! — дедім.
— Боласыз!
Әлеуетті қолдар және тұншықтыра бастады. Бізде бет перде кию үрдіс қой. Байқап қалғаным. Құбыжыққа балап тылсымға теңеп жүргенім басқа емес перде киген кәдімгі адамдар боп шықты.
Ойбай-ай адам екен!
Олармен енді адамша сөйлесіп тіл қатыса бастадым.
— Әй, менен сендерге керегі не?
— Депутат болғаныңыз.
— Менен жөнді депутат шығады деп ойлайсыздар ма?
— Ойлаймыз!
— Өкініп қалмайсыздар ма?
— Өкінбейміз.
Мен айтарымды айттым. Обал-сауабым сендерге дедім де сұрай қойдым.
— Өздерің қай партиядансыңдар?
— «Бақыт» партиясынанбыз.
Бұлай болар деп кім ойлапты. Бір партиялық сезімінен толқып кеттім де менде сол партиядан екенімді айта қойдым. Сөйтсем, «Келешек», «Сұңқар» партияларынан депутаттар бар да біздің партиямыздан жоқ, бауырларымның мені мәжбүрлеп депутаттыққа итермелегені сол боп шықты.
Бізде зерттелмеген құпиялар көп қой!
Ол болмаймын десең болдырып, боламын десең болдырмайтын әдетіміз. Психологтардың аша алмай жүрген жаңалығы да сол.
Осы жағдайларды ескеріп қолдаушыларымның қандай жолмен болса да мақсатына жетпей тынбайтынын біліп «Болайын» — дедім.
Адамдар өзгеріс жасамаса төзімділікке еті өліп өзіне ұнамаса да қарабайырлықтан шыға алмай бір соқпақпен жүріп алатыны бар.
Мұны тағдыр дейді екенбіз.
Осыны қауқарсыз өз ісіне қарсы тұра алмайтын рухани әлсіздер жасайды.
Онан құтылудың жолы серпіліс жасау.
Ал, менің серпіліс жасап тағдырымды өзгерткенімді сол деп біліңіздер, бірінші сайланған депутат кезімдегі орындалмаған заңдар, шешілмеген әлеуметтік мәселелер, тілеуіңді бергір жол полицайының ерігіп көрінген машинаға тиісетіні есіме түсіп, тарамыс қолдар қанша жанымды қинап сілкілесе де «болмаймын!» деп айғайлап жібердім.
Өз дауысымнан өзім шошып ояндым. Сөйтсем түсім екен! Тілеуім түсім емес, өңім болса деп армандағанмын. Болсам болайын деп көзімді жұмғанымен ол түстерді қайта көре алмаймын ғой. Сосын өкініштің әттеген-айы бойымды билеп дауысым Ұлы даланың өлшеусіз кең дүниесіне сіңіп кетіп жатты. Депутат болсам ба екен? Болмасам ба?
Ералхан Жылқыайдарұлының
Фейсбуктегі парақшасынан