Депутат И.Смирнованы ашындырған не?

Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа депутаттық сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова: «Елімізде 1523 ауылда мектеп жоқ, сондықтан оқушылар басқа ауылдардағы мектепке жаяу баруға мәжбүр. Бүгінде олардың саны 30 мыңнан асады. Оқушылардың мектепке жетуін ауыл әкімдігі қамтамасыз етуі керек қой. Бірінші кезекте оларды жеткізетін көлік қажет. Ол ақаусыз болуы тиіс, автобустың ішіндегі балалардың саны орын санынан артық болмауы керек. Қала сыртындағы жолдарда балаларды тасымалдайтын бірнеше автобус болса, олардың жанында міндетті түрде ішкі істер органдарының арнайы көліктері жүруі тиіс. Балаларды жинайтын арнайы алаңқайлар болуы шарт. Қазір көбінесе балалар жолсыз жермен мектепке бірнеше шақырым жаяу жүріп барады. Жаңбыр жауған кезде балалар балшыққа батып қиналады. Тіпті оқушылардың балшықтан етігін алып шыға алмай, мектепке жалаңаяқ жететін кездері болады. Алматы облысындағы Іргелі ауылының балалары Кемертоғандағы жаңа мектепке бара алмай жүр. Өйткені, ата-аналардың айтуынша, жол жоқ, автобус ол жаққа жүрмейді, ал мектеп автобусы ұйымдастырылмаған. Сондықтан балалар алыстағы Қаскелең ауылына барады. Ақмола облысындағы Қосшы ауылында да осындай қиын жағдай қалыптасқан. Оқушылар алты шақырымдай жаяу жүреді. Жаңбырлы күндер болады, қыс жақындап қалды. Балалар мектепке қалай жетеді?», — деп қынжылды. Сондай-ақ, депутат: «Целиноград ауданындағы Қоянды ауылы тұрғындары жолдың жоқтығын және мектеп автобустарының жетіспейтінін көптен бері айтып жүр. Бұл ауылда халық саны тез өсіп келеді, қазірдің өзінде онда 500-ден астам оқушы бар, бірақ проблема шешіліп жатқан жоқ. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шұңқырсай ауылында 300-ге жуық отбасы тұрып жатыр. Он жылдан астам уақыттан бері тұрғындар биліктен мектеп салуды сұраумен келеді. Қазіргі уақытта 500-ге жуық бала көрші ауылда оқуға мәжбүр. Білім министрлігінің 2011 – 2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарында оқушыларды мектепке жеткізудің ұйымдастырылмағаны айтылған еді. Сол мәселе әлі күнге дейін шешілмей отыр. Биліктен осы мәселелерді жедел түрде шешуді сұраймын»,— деп, ауывлдықтардың шағымын да жеткзді.

Ермек Сахариев