Депутат сауалы. Ауылдар неге азайып барады?
Қазақ халқы үшін ауыл – ұлттық болмысымыздың бастауы, мәдениетіміздің мәйегі. Алайда бүгінгі таңда көптеген ауылдар бос қалып, тіпті картадан жойылып барады. Осы өзекті мәселе туралы Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Үкімет басшысы Олжас Бектеновке қарата депутаттық сауал жолдады. Ринат Зайытов:
– Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғалы түрлі саланың даму бағыттарын, өңірлердің өркендеуін көздейтін бағдарламалар аз болған жоқ. Бірақ сол салалардың ішінде қайырымсыз баласы қанғыртып жіберген қарияның күйін кешкен – ол біздің ауылдар. Оны өзіңіз де жақсы білесіз. Қажет инфрақұрылымның, сапалы медицина мен білімнің, тұрақты жұмыс пен табыстың, тіпті қарапайым интернеттің жоқтығынан 34 жылдың ішінде өз туған ауылын амалсыздықтан аз адам тастаған жоқ. Соның салдарынан қаншама ауылымыз мүжілген сүйектей мүшкіл хәлге жетіп жабылып қалды.
Нақты сандармен айтсақ, соңғы 5 жылда ШҚО-да 350 ауыл, СҚО-да 635, Павлодар облысы бойынша 352 ауыл бос қалған. 2024 жылдың өзінде-ақ СҚО-да 141 ауыл мәртебесінен айырылған. Көзіңе еріксіз жас, көңілге мұң ұялататын статистика. Бұл – жай ғана ауылдардың сандары емес, мыңдаған отбасының туған жері, ұшқан ұясы, өмірінің тарихы ғой. Ауыл деген жай жаба салатын есік емес, қазақтың алтын бесігі екенін неге ұмыттық?
Иә, Үкіметтің «Ауыл – ел бесігі» және «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» деген ауыл тамырына қан жүргізетін, сәтті бағдарламалары ұсынылып жатыр, оларды тіпті енгізді де. Нәтижесі де жаман емес. Бірақ бір-екі бағдарлама Қазақстанның барлық ауылын гүлдендіріп жібере алмайды. Бүгінде ауыл тұрғындары өз күшімен қандай да бір іс бастайын десе кедергілер өте көп, мал бағып, егін өсірейін десе, жері, кәсіп бастайын десе, қаржысы, қажетті инфрақұрылымы да жоқ. Тұрғындарын былай қойып, ауылдың әкімінде де қарапайым қажеттіліктерді өтейтін бюджетте техника да, пәрмен де жоқ. Ауылдарды осындай күйге жеткізген соң, ауыл халқына неге көштің деп қай бетімізбен айтамыз? «Арқада жыл жақсы болса, арқар ауып несі бар» дегенді бәріміз білетін шығармыз. Алдағы уақытта Абай облысы Аягөз ауданында да 10-нан астам ауылды жапқалы жатыр екен. Оның алдын алуға талпынып жатқан бір лауазымды тұлға жоқ. Қазақ өз тамырын өзі балталаса, қалай гүлдемек?!
Жоқ, әлде бұл әрекеттердің арғы жағында халықтың бәрін мәжбүрлі түрде қалаға көшіру керек деген жымысқы саясат бар ма? Ауылдарды сақтау әрекетін қашан жасаймыз? Ауыл болмаса қазақ, қазақ болмаса мемлекеттің де болмайтыны анық қой».
Осының бәрін ашына отырып баяндаған Ринат Зайытов Премьер-министрден мынадай шаралар қабылдауын сұрады:
— Ауыл әкімдерінің пәрменін күшейтуді;
— Бір ауылға бір техника, яғни ауылдарды техникамен қамтуды;
— Бұл мәселені ұлттық деңгейге көтеріп, Үкімет басшылығы және облыс әкімдері деңгейінде қоныс аудару жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды;
— Ауылдық жерлерге жастарды тұрақтандыру және қоныстандыруға бағытталған жұмыс жоспарын құру, оны ауылдық жастарға жеткізуді ұсынамыз, – деді халық қалаулысы.
Саяжан ҚАЙДАР