Депутаттар студенттердің пәтер ақысын субсидиялауды ұсынды

Мәжіліс депутаттары студенттердің жалға алатын пәтерінің ақысын субсидиялауды ұсынды. Депутат Ислам Сұңқар осы мәселеге қатысты депутаттық сауалын Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдады.
Қазақстан Халық партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында студенттерге арналған жатақхана мәселесін көтерді. Біздің болжам бойынша, 2030 жылға қарай студенттік жатақханаға деген қажеттілік 364 мың орыннан асады. Біз халықаралық тәжірибені де зерделедік, — деді депутат.

Оның айтуына қарағанда, Ұлыбритания, Германия, Австрия, Финляндия сынды бірқатар Еуропа елінде студенттерге жалға берілетін жылжымайтын мүліктің барлық санаты бар. Арнайы жабдықталған пәтерлер 3-7 студенттің бірге тұруына лайықталып, жатақханаға айналған.

Біз осындай пәтерлерге инвестиция салуға жеке инвесторларды қызықтыру қажет деп санаймыз. Сондықтан министрлікке студенттердің пәтерде бірге тұруын субсидиялау тетігін қайта қарауды ұсынамыз. Біріншіден, пәтерді қайта жабдықтау шығынын субсидиялау мәселесін қарастыру. Екіншіден, жатақханаға мұқтаж барлық студенттің пәтерде бірге тұруы үшін жалдау шығынын субсидиялау қажет, — деді Ислам Сұңқар.

Сонымен қатар ол жоғары оқу орындарынан түскен ұсыныс бойынша, студенттерді бір адамға арналған 6 шаршы метрден 4 шаршы метрге орналастырудың санитарлық нормаларын қайта қарау қажеттігін айтты. Бұл тұрғын үй кеңістігін неғұрлым ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.

Елімізде 2022-2023 оқу жылында жоғары оқу орындарындағы жатақханаларда тапшылық 61 435 орын. Тапшылық Алматы, Астана қалаларында байқалады.

BAQ.KZ