Депутаттарды сынап, міндеттерін есіне салды
Қаңтар айының 19-шы жұлдызында Атырау облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев депутаттардың жұмысына көңілі толмайтынын айтып, халық қалаулыларының қызметтік міндеттерін толық орындамай отырғандарын сынады .
— Сіздерді облыс халқы сайлады. Сайлаушылар аудандарының әл-ауқатын жақсарту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп, ұсыныс айтуларыңызды күтеді. Президенттің тапсырмаларын, халықты толғандырған мәселелердің шешімін табу үшін жұмыстану керек. Өкінішке қарай, Жылыой, Мақат аудандары әкімдерінің жылдық есеп беру жиындарында болғанымда облыстық, аудандық мәслихат депутаттарының жұмыстарын көрмедім, — деді облыс әкімі. 27 облыстық депутаттардың 15-і аудандардан сайланған, соның біреуі ғана ауданда тұрады, қалғандары қалада тұрып жатыр. Сайлаушыларын жылына бір-екі рет қана көреді. Халықпен сөйлеспесеңіздер, ортасында болмасаңыздар жағдайды қайдан білесіздер? Депутаттар сайланған округтерінде тұруы керек. Олай болмаған жағдайда елдің жағдайын біліп, проблемаларды шешу бойынша нақты шараларды қалай ұсынасыздар? – деген сын айтты.
Аймақ басшысы жергілікті атқарушы органдар азаматтардың өмірлерін жақсартуға бағытталған саясатты жүргізіп отырғанын, осы ретте депутаттық корпус көмек көрсетуі керектігін нықтап атап өтті.
— Мәслихаттардың қызметіне күн сайын араласа алмаймыз, тыс қалуға да құқымыз жоқ. 27 депутаттың 25-і «Нұр Отан» партиясынан ұсынылған. Партияның облыстық филиалының төрағасы ретінде депутаттардың жұмыстарына, міндеттеріне деген қарым-қатынастарына менің көңілім толмайды. Сайлаушылар да қанағаттанбайтынына сенімдімін, — деді Нұрлан Ноғаев.
Облыс әкімі алдағы кезеңде депутаттарды сол округтерде тұратын адамдардан таңдауды ұсынды.
— Елді мекеннің мұң-мұқтажын білетін, сайлаушылармен күн сайын сөйлесетін, болып жатқан өзгерістерді саралап, мәселелердің шешілуіне нақты идея бере алатын адам депутат болуы керек. Партия алаңында депутаттардың жұмыстарын тыңдауды ұсынамын. Алда бізді үлкен жұмыстар күтіп тұр. Мемлекет басшысының тапсырмаларын бірге орындауымыз керек. Бұл жұмыстар немқұрайлы болмауы тиіс,- деді облыс әкімі.
Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттар Ерсайын Дүйсемәлиев пен Бөріхан Беркімбаев өкілеттіліктерінен өз еріктерімен босатуға өтініш жасады. Атырау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асау Ибрашев депутаттар басқа облыстарға көшулеріне байланысты осындай шешімге келгендерін айтты.
Алдағы уақытта облыстық депутатттардың сайлаушылар аманаттарына адал болып, нәтиже берер іске кірісетіндеріне көңілімізге үміт ұялады.
Светлана Муньянова,
Атырау қаласы