Депутаттардың басты назарында — денсаулық, білім саласы
Халық депутатқа жүгінеді. Ал, депутат өкілеттігі шеңберінде көтерілген мәселенің шешілуіне атсалысуға тікелей міндетті.
Демек, өзекті мәселелер мен қордаланған проблемаларды реттеуде халық пен билік арасында алтын көпір болған депутаттардың зерделеуінен тұрғындар үлкен үміт күтетіні сөзсіз.
Ия, сайлау науқанында саяси күрес алаңына шығып, көпшілік сеніміне ие болып жеңіске жеткен халық қалаулылары қазір қызу жұмыс үстінде.
Халыққа адал қызмет қана оларға құрмет пен бедел әкелетіні белгілі.
Сондықтан әрбір депутат өзін тұрғындардың мұң-мұқтажын түгендейтін, олардың тұрмысын жақсартуға тікелей ықпал ететін, жалпы алғанда қоғам дамуының қозғаушы күші екенін сезіне білуі керек.
Осы мақсатта қолға алынған Жамбыл облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері, облыстық мәслихаттың депутаттары » облыстың емдеу мекемелерінің тұрғындарға қызмет көрсетуде сапасы, олардың материалдық-техникалық жарақтандырылу жағдайы және індет кезіндегі медицина саласына бағытталған қаражаттардың тиімді жұмсалуы мәселелері туралы»зерделеу жұмыстары жалғасын тапты.
Зерделеу барысында қаладағы денсаулық сақтау орындарында болып, емхана мен білім ошақтарын аралап, жұмыс барысын көзбен көріп қайттық.
Сондай-ақ, денсаулық сақтау басқармасына қарасты бесінші қалалық емханаға және ана мен бала » Аяла» оңалту орталығында, тоғызыншы емханада, 53,32, 8-ші мектептерде болдық.
Мектептерде биылғы оқу жылынан бастап, бастауыш сыныптар мен қоса әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасының балалары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде.
Десек те айта кетер мәселе де жоқ емес. Біз барған білім ошақтарында ыстық тамақпен қамтылған оқушы саны көп, асханалардың сыйымдылығы аз болып тұр.
Мысал келтірер болсақ: 8-мектеп гимназиясы екі ғимаратта оқиды. Соның бастауыш сыныптар оқитын ғимаратында алпыс, жоғары сыныптар оқитын ғимаратында тоқсан орындықты асхана бар.
Жалпы мың екі жүзге тарта бала ыстық тамақпен қамтамасыз етілген болса, бастауышқа арналған мектеп ғимаратындағы асхана алпыс балаға ғана арналған екен.
Одан көбірек сексен әрі кетсе жүз жиырма оқушыға ғана арналған асханалар жайсыздық тудырып жатқанын айтып, мектеп басшылығы өзекті мәселені ортаға салды.
Ал, «Аяла» оңалту орталығының ғимараты сын көтермейтіндей жағдайдағы орталық күрделі жөндеуді талап етеді.
Қалалық емханаларға келсек жартысы мемлекеттік жартысы сенімгерлік басқаруда болғандықтан жағдайлары бірқалыпты.
Бұлай деуімнің өзіндік себебі тоғызыншы емханада болғанда сенімгерлік басқаруға өткеннен соң ахуалы жақсара түскені көзге бірден көрініп тұрды.
Жамбыл облыстық мәслихаттың депутаты Бексұлтанова Анар Сағынтайқызы, облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері біргелікте осы жәйттердің куәсі болдық.
Депутаттар халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп отырушы десек. Жоғарыда айтылған, көзбен көріп көңілге түйген, дәптерге түртіп алынған басқа да мәселелер бойынша алдағы уақытта жүйелі жұмыстар атқарылатын болады.
Эльмира Койлыбаева, Жамбыл облыстық мәслихат депутаты