ДЕПУТАТТЫҚ КОМИССИЯ МҮШЕЛЕРІ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫҢ ЖАЙ-КҮЙІН БАҚЫЛАДЫ

✔️Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішовтың өкімімен құрылған уақытша депутаттық комиссия өңірдегі әлеуметтік нысандарды аралап, жайлы мектептердің жай-күйімен танысты.
✔️Нысандарды аралауға облыстық мәслихаттың кәсіпкерлікті, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту, жер қатынастары және табиғат пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Сұлтан Көшенов, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әшіров, Түркістан облыстық бақылау жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Тарту Байтұрсынов және депутаттар қатысты.
✔️Алдымен, жұмысшы топ Түркістан қаласы, «Жаңа қала» ықшам ауданында орналасқан 2 мың орындық №32, №33 жалпы білім беретін жайлы мектептерге барып, тыныс-тіршілігімен танысты.
✔️Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынған жайлы мектептерде оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Кіші және жоғары сыныптар үшін жеке блоктар қарастырылған. Ғимарат ішінде хореография және спорт залдары, демалыс орындары, воркаут және нетворкинг аймақтары, пәндік кабинеттер, робототехника және STEM зертханалары бар. Одан бөлек, сыныптар интерактивті тақтамен және заманауи техникалармен жабдықталған.
✔️Аралау барысында облыс мәслихатының төрағасы өңірімізде бой көтерген жайлы мектептер білім жүйесіндегі ауқымды бастама екенін атап өтіп, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен жұмыс істейтін мектептердің мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік бергенін жеткізді.
✔️Комиссия мүшелері білім сапасын арттыру, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша ұсыныстарын айтып, ғимараттардың сапасы басты назарда екенін жеткізді.
✔️Осы күні депутаттық комиссия облыс орталығындағы «Мұз сарайы» кешенінде болып, жұмысын бақылады.
✔️Заманауи үлгіде жабдықталған кешенде шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей сияқты қысқы спорт түрлерімен жыл бойы айналысуға қажетті барлық жағдай жасалған. Нысанда Италия, Канада, Германия, Финляндия елдерінде шығарылған қондырғылар орнатылған. Соңғы үлгідегі технологиялардың арқасында мұз айдынында бір мезгілде бірнеше спорт түрімен шұғылдануға мүмкіндік бар.
✔️Аймақта бой көтеріп жатқан ғимараттардың сапасы мен орындалу мерзімі Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қатаң бақылауында тұр. Осы ретте, Облыстық бақылау жөніндегі басқармасы тарапынан нысандардың құрылыс сапасын қадағалау бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
✔️Айта кетейік, уақытша депутаттық комиссия әлеуметтік нысандарды аралау барысында айтылған ұсыныстарды тұрақты комиссия отырысында талқылап, сессия қарауына ұсынатын болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі