Деркөл – дербес елді мекен
Кенттік округ болып құрылған Деркөл – Орал қаласының іргесінде орналасқан елді мекен. Қала қамқорлығындағы кент әкімдігі өз алдына дербестігін алған ауылдың әлеуетін арттыруға күш салуда.
Ағымдағы жылдың сәуір айында «кент» мәртебесін алып, жергілікті әкім аппараты құрылып, жаңа тынысы ашылған Деркөл кентінің шілде айында тағайындалған жаңа әкімі Жұбан Жұмағалиевке Орал қаласының әкімі А.Шыныбеков бұл қызметті сеніп тапсырған болатын.
Сондай-ақ «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес аппаратты қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп, жергілікті әкімдік аппараты толық құраммен жұмысқа кірісті.
Деркөл кенттік әкімдігі мәлім еткендей, елді мекенде жыл соңына дейін үш балалар ойын алаңын орнату, үш аялдама салу, 15 орынға қоқыс контейнерлерін жасақтау жоспарлануда.
– Биыл өзімізде бюджет болмағандықтан, осындай кішігірім жұмыстар атқаруды көздеп отырмыз. Дербес қазынамызды келер жылдан бастап толықтырып, ауқымды іске кірісеміз, – деді кент әкімінің орынбасары Роман Жумиев.
Жуырда Деркөлде болған Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков абаттандырылу жұмыстары жүріп жатқан Екінші Молодежный көшесіндегі 1/1, 1/2, 1/3, 1/4-үйлердің тұрғындарымен кездесті. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысына сәйкес «Айдана» ЖШС қолға алған жұмыстардың тоқсан пайызы бүгінде аяқталыпты. Аулаға асфальт-бетонды жабын төселіп, орындықтар қойылып, кіреберіс жолдар салынып, балалар ойын алаңқайы жасақталған. Шаһар басшысы үй иелерінің ұсыныстарына құлақ түріп, жаңа кейіпке енген ауланы таза ұстау олардың өз жауапкершілігінде екенін ескертті.
Отыз мыңдай тұрғын қоныстанған Деркөл кентінің құрамына Ливкино, Кардон, Маштаков, Ветелки, Кумыска, Өскен ауыл, Новостройка-Кумыска, Үміт елді мекендері, Сарыарқа және Көкжиек шағын аудандары кіреді.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы