Дін – дәстүрдің таразысы
Қазақ халқында қалыптасқан ұлттық дәстүрлердің, ділдегі ұғымдардың басым көпшілігі Ислам дінімен бірге өрілген. Кейбірі хақ діннің негізінде пайда болған. Сондықтан ұлттық салт-дәстүрлер төл мәдениеттің аясында қарастырылады. Ал әрбір халықтың мәдениетін, танымдық тұғырын айқындап беретін таразы – сол халық ұстанған идеологиялық рухани жол, яғни діні. Осы себепті дін дегеніміз діл мен дәстүрдің негізі болып табылады. Ал халық дінін ұмыта бастағанда сол діннен қалған сарқыншақтар әдет-ғұрыптарда ғана көрініс береді.
Кеңес өкіметінің жетпіс жылдық шырмауында болған қазақ халқы осы отаршылықта болған басқа да түркі мұсылман халықтары сияқты асыл дінінен алыстай бастады. Отаршылардың басты мақсаты отарланған елдің байлығы мен халықтық ресурстарын өз қажетіне асыру екендігі бесенеден белгілі жайт. Ал сол мақсатқа жету үшін отарланған халықты төл дінінен, әдет-ғұрып, салт-санасынан, тілінен, мәдениетін жұрдай ету қажет. Әйтпесе, өздерінің кім екендігін жадынан шығармайтын жұрт түптің түбінде тәуелсіздік жолында аянбай күресері хақ. Сол сияқты қазақ халқы да отарланған ел ретінде талай зобалаңды бастан өткерді. Алдымен дінін насихаттауына қатаң түрде тыйым салды. Сосын бірте-бірте тілі де шеттетіле берді. Сөйтіп, өзінің діні мен тілінен бейхабар, өзгенің сойылын соғуға әрдайым дайын тұратын мәңгүрттер тобы пайда бола бастады. Сондай алмағайып заманда діннен «ата-бабамыз мұсылман болған» деген ұғым мен кейбір кәлима-сөздер ғана қалды. Кеңес билігі діни ұғымдар мен терминдердің барлығын адыра қалған архаизмдерге айналдыруға тырысып, олардың ескішілдік белгісі деп түсіндірді. Сөйтіп, Құдайды мойындамайтын атеизм ілімін идеологиялық арқау еткен коммунизм мұраттарына бейімделе бастаған жұртта ендігі жерде діннен тек салт-дәстүр мен адамгершілік принциптері, ұлттық ерекшеліктер ғана қалды.
Әлхамдулилла, Құдай Тағаланың қалауымен дербестікке қол жеткізген соң сол сақталып қалған салт-дәстүр, әдет-ғұрып, салт-сананы қайта жаңғырту негізінде ғана қайтадан толыққанды ұлт болып қалыптасып келе жатырмыз. Кеуіп кеткен арналарға су келіп, қайтадан дарияға айналып жатқан заманды бастан кешірудеміз. Қазақ ұлтының қайта түлеу кезеңіне куә болудамыз.
Адамның санасында діни және ұлттық сезімдер әрдайым тығыз астасып жатады. Расында да, санада сақталған салт-дәстүрдің орны ерекше. Тағы бір түсінгеніміз, дәстүр мен мәдениет діннің ықпалымен дамып, өзіндік өң қалыптастырады. Тілдің дамуына да діннің тигізер әсері мол. Қазірде біз діни нанымы әлсіз болған халықтардың дәстүрімен бірге тілінің де жойылып, ақырында ұлт ретінде жер бетінен мүлде жоғалып жатқанына куә болып отырмыз.
Дін – дәстүрдің таразысы. Ал иләһи уахидың негізінде бекітілген діни рәсімдерді әдет-ғұрып деп есептеуге болмайды. Өйткені олар Алла Тағаланың тікелей ғұмыр кешкен тайпалардың салт-дәстүрлері бөлек болғаны анық. Ал сол халықтардың жалғасы болып саналатын қазақ халқының нанымы мен танымы, салт-санасы Ислам дінімен бірге қабыса дамыды
Дайындаған: Амантай Тойшыбайұлы