Дін дегеніміз не?

«Дін» сөзінің шығу тарихына тоқталар болсақ, ең әуелі сөздік мәні — жаза, сый, жол деген мағыналарды білдіреді.

Ал исламдағы термин ретінде дін — әрбір ақыл иесін өзінің қалауымен, өзінің еркімен жақсылыққа, екі дүниелік бақытқа қарай жетелейтін илаһи, яғни, Алла Тағаладан келген ережелер жиынтығы.

Бұл тұрғыдан келген кезде дін деп негізінен Исламды айтамыз. Қасиетті Құранда айтылғандай, Алланың құзырында қабыл болатын дін — тек Ислам. Алла Тағала тарапынан оған дейін жіберілген кітаптар уақыт өте келе адамдардың өзгеріс енгізуімен бүлініп, жойылып отырған. Сондықтан исламға дейінгі діндер үкім ретінде жүрмейді. Алланың жіберген тура діні деген анықтамадан шығып кеткен. Сол үшін мұндай діндер адамды бақытты, қуанышты ете алмайтындығы анық.

 Діннің тараулары

jkkh

 

Дін негізінен үлкен үш бөлімнен тұрады.
— Біріншісі, сенім.
— Екіншісі, амал немесе құлшылық.
— Үшіншісі,  мінез-құлық яғни, көркем мінез.
Сенімді кейде ақида деп те атайды. Алдымен Алла Тағала, содан соң Алла Тағаланың иман келтіріңдер деп бұйырған құбылыстарға сенуді, шын жүректен илануды қамтитын бөлім. Алла Тағалаға, пайғамбарларына, періштелеріне, қасиетті кітаптарына, ақырет күніне, жақсылық пен жамандық құдайдан екендігіне яғни, тағдырға, өлгеннен соң қайта өмір бар екендігіне шын жүректен иман келтірулер жатады.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) он үш жыл бойы Мекке қаласында тоқтаусыз иман шарттарына шақыруы тегін емес. Өйткені Аллаға иман келтірген адам басқа құлшылықтарды да толық орындайды деген сөз. Іс-әрекет немес құлшылық деп, адам баласының Алла Тағала алдында атқаруы тиіс, мойнына  жүктелген  құлшылықтарын және адамдардың бір-біріне байланысты қарым-қатынас ережелерін қамтиды.

Үшінші — көркем мінез, оны араб тілінде ахлақ дейді. Өзіміздің жеке басымызға және өзге де жаратылыстарға байланысты біздің ұстанатын ұстанымдарымыз, мінез-құлықтарымыздың жиынтығын атаймыз. Міне ислам діні өзінің алып келген үш үкімдер жиынтығымен адам баласын бұл дүниеде және ақыретте бақытты етеді. Ақылды адамның өзінің қалауымен осы әмірлер мен тиымдарға бойсұнуы өзі үшін қайырлы. Дін тұрғысынан айтыла кететін бір жәйт, ақыл есі дұрыс емес адамға діннің ешбір үкімі  парыз емес.

Дайындаған: Амантай Тойшыбайұлы