Дін және қоғам немесе діни сауаттылықты арттыру

 

 

Алматы  облысы  аумағындағы діни ахуалды танытуға, Елбасының   «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы Ұлы даланың құндылығын ұрпақ санасына сіңіру, елімізде қалыптасқан мемлекеттік конфессияаралық келісімнің заңдылығын сақтап, халықтың діни сауаттылығын нығайтуға бағытталған  жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді.

Дін – адамдар дүниетанымы мен эстетикалық талғамын қалыптастыруға, қоғам мүшелерін құрметтеп, айналаға мейіріммен қарауға, бейбіт өмірді қамтамасыз етуге, татулық пен тыныштыққа қызмет етеді. Қоғамның ең басты байлығы – адам болғандықтан, адамға тура жол көрсетіп, ақ пен қараны ажыратуда діннің алар орны ерекше.

ҚР  Үкіметінің 2018 жылғы 15 наурыздағы  қаулысымен бекітілген «ҚР діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған»  мемлекеттік бағдарламаны орындау  мақсатында  нәтижелі іс шаралар жүзеге асырылуда. Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған Тұжырымдама да  аталған іргелі істің негізі болып табылады. Осы бағытта атқарылып жатқан   жұмыстар  жөнінде Алматы облысының дін  істері басқармасының басшысы  Рахмет Разбекұлы  Есдәулетовтың  әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.

          Ақпараттық-түсіндіру жұмысының  маңызы зор

Алматы облысы Республикадағы 18 конфессиясының 12-сі қоныстанған көп конфессиялы аймақ. Республика деңгейіндегі заңды қызмет атқаратын 3738 діни бірлестіктердің бүгінгі күнге 623-і облыс аумағында тіркелген. Оның: 457-сі ислам мешіті, 52-сі орыс православ, 11-і рим-католик шіркеулері, 101-і протестанттық, 2-і дәстүрлі емес діни бірлестіктер. Бұнда 563 имам ұстаз, 305 христиан діни қызметкерлері жетекшілік етеді. Өңірдегі халық санының ұлғаюына байланысты  діни бірлестіктердің де өсу үрдісі байқалады.

Осы тұрғыда әртүрлі діни жағдайларға дереу әрекет ету, талдау, түсіндіру және оңалту жұмыстарын толығымен қамту мақсатында облыстық дін істері басқармасы мен оған қарасты «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу» және «Діни экстремизм құрбандарымен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту» орталықтары қызмет атқарады. Ағымдағы жылдың сәуір, мамыр айлары аралығында зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Жастар жылы» аясында облыстың  Ақсу, Алакөл, Көксу, Кеген, Қаратал, Панфилов, Райымбек, Сарқан, Ұйғыр, Балқаш, Іле аудандары мен Талдықорған, Қапшағай, Текелі қалаларының жоғарғы оқу орындары мен кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттері арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, өңірдің  10 402 жастары қамтылды.

Сонымен қатар  «Алматы облысының дін істері басқармасы» ММ «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен, облыс аймағындағы орта білім беру оқу орындарының 9-11 сынып оқушылары арасында алғаш рет «Біз – болашақ жастары» атты эссе байқауы өткізілді. Байқауға  келіп түскен 160 жұмыс   әділқазылар  мүшелерінің сараптамасынан өтіп, жеңімпаздар анықталды.

Елбасының  халық мүддесіне бағытталған «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары ұлттық рухани құндылықтарымызды жаңғыртып, деструктивті діни ағымдарға қарсы күресу, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімдерді арттыру мақсатында түрлі жобаларды іске асыруға мүмкіндік берді. Өңірдің  ақпараттық кеңестігінде 365 белсенді мамандардан құралған 21 өңірлік ақпараттық-түсіндіру топтары облыс, қала, аудан әкімдері бекіткен жұмыс жоспарларын жүзеге асыруда.

Ағымдағы жылдың шілде айынан бастап  облыс аумағындағы діни ахуалды, қалыптасқан мемлекеттік конфессияаралық келісімнің заңдылығын сақтап, халықтың діни сауаттылығын нығайтуға бағытталған «Дін және мәдениет – руханият әлемі» қоғамдық-саяси айлық  газет жарық көре бастады.

Діни саланы жүйелі түрде талдау, болжау, туындаған мәселелерге жедел әрекет ету және стратегиялық жоспарлау мақсатында зерттеудің жаңа әдістері жолға қойылды. Қолданыстағы «Фокус-топ», «тереңдетілген сұхбат», «Kazdream Media» жүйелі-мониторингтік бағдарламасы интернет-кеңістігінде жалған діни идеяларды таратушылар мен ұстанушыларды және қатерлі аймақтарды анықтауға қарсы шара қолдануға мүмкіндік берді.

Аталған мониторингтік бағдарлама арқылы зерттеу жүргізу нәтижесінде облыс аумағында дәстүрден тыс діни идеологияға қызығушылық танытып жүрген 39 763 ғаламтор қолданушылары  Панфилов, Еңбекшіқазақ, Алакөл, Талғар, Қарасай, Іле, аудандары мен Қапшағай, Талдықорған қалаларынан екені анықталды. Жалпы, тұжырымдама қабылданғалы бері діни материалды тарату ісіне тұрақты мониторинг жүргізілуде.

Бүгінгі таңда әсіресе жастардың дінді тануға деген, діни ақпаратқа сұранысы жоғары болғандықтан шетелде білім алып жатқан 52 студенттің 20-ы түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде елге  қайтарылды. Қалған 32 студенттің 21-і лайықты деп танылған оқу орындарында дәріс алса, 11-і рұқсат етілмеген оқу орындарында білім алуда. Оларды  елге қайтару мақсатында жүйелі түрде жұмыс атқарылуда.

«Рухани керуен» жобасы  іргелі  іс

Бұдан екі жыл бұрын бастау алған  құрамында елге танымал, белгілі қоғам қайраткерлері, білікті  мамандар    бар «Рухани керуен» жобасы   діни саладағы өзекті мәселелердің күрмеулі шешімін таратып, әрі Республикалық реестрге енген 40 жобаның бірі болды. Керуен бірінші кезеңде аудан, қала орталықтары, екінші кезеңде 60 елді — мекендер, 12 бағытта қаралған шаралармен қамтып, «Жер жәннаты – Жетісу жерінен киелі Тараз өңіріне» рухани жол сапарымен аяқтады.  Жоба аясында барлығы 499 іс-шара өткізіліп, 52 мыңнан астам адам қамтылды. Бұл жобаның ақпараттандыру жұмыстарындағы тиімділігін ескере отырып ағымдағы жылы үшінші кезеңі бастау алып, облыстың  шекара аймақтарында жалғасын тапты.

Бабаларымыздың әрбір түйінді сөзін, ұшан-теңіз әуенін,  теңдесі жоқ фольклорын, ой ұшқырлығын, адамгершілік асыл мұраттарға негізделген дәстүр-салтын, қасиет тұтқан жүректегі иманын қайта түлету мақсатында киелі Тараз өңіріне дейін жоба  рухани көпір орната алды.

Екіншіден, өткен жылы «Ғибратты қазына» телевизиялық рухани кештер жобасы бастау алды. Аталған жобаның бетпердесі қазақтың біртуар ұлдарының бірі, бүгінде  өшпес бейнесімен жалынды жырымен қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы, қазақ халқының ұлттық санасының оянуымен рухани қайта жаңғыруының, қоғамның озық  күштерінің өркениеттілікке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы «Хакім Абайдың шығармашылығындағы діннің рөлі» тақырыбымен ашылып, «Жыр дастандарындағы діннің рөлі және тәрбиелік мәні», «Махаббатсыз дүние бос» сияқты басқа да тақырыптармен жалғасты.

Үшіншіден, «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы бойынша «Дін және мәдениет-руханият әлемі» атты жоба да ерекше сипатқа иеленіп өмірге келді. Жобаның бір бағыты осы айдармен шыққан газет  болса, екінші бағыты халық зиярат ететін сакральды ғибадат орындарды жүйелеу және терең зерттеу, түрлі діни әдет-ғұрыптар мен халық аңыздарымен байланысты бірегей діни ғибадатханалар, өңіріміздегі қасиетті жерлерді, әсіресе ежелгі тұрғындардың діни рәсімдерін өтеуге арналған нысандарды анықтап, оның құндылығын саралау арқылы бүгінгі ұрпақтың өткенді тануы мен ұлттық сананың қалыптасуына ықпал етуге мүмкіндік берді.

Жұмыстың ең бір ауқымды сәті,  өңірде атқарылған іс-тәжірибені көрсету мақсатында  «Діни-дәлелді экстремизмнің алдын алу өзекті мәселелері: пәнаралық анализ» (Алматы облысының контекстінде) ақпараттық-әдістемелік нұсқаулық тұңғыш рет шығарылып, тұсаукесері Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде, Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясында атқарылды.

Аталмыш кітапта Алматы облысындағы діни ахуалдың негізгі бағыттары мен құқықтық, дінтанулық, психологиялық, әлеуметтік-саяси аспектілерімен дін істері басқармасының жұмысы елімізге танымал РАНТ мүшелері, заңгер, теолог, психолог, дінтанушы, исламтанушы ғалымдардың зерттеулерімен ұсынылды.

                        Теріс  ағымға  ілескендерді  оңалту  жұмыстары

Соңғы уақытта жұртшылықты қоғамдағы діннің атқаратын рөлі, мемлекетіміздің зайырлы құрылымы, діни қарым-қатынастары, деструктивті діни ағымдардың таралуы секілді өзекті мәселелер толғандырып жүргені баршамызға аян. Мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында 2 басымдық бағыт айқындалды. Бірінші: облыстағы діни ахуалға сапалы талдау, зерделеу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тиімді ұйымдастыру; Екінші: деструктивті идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар кешенін жүргізу мен теріс ағымдарды ұстанушы азаматтармен нүктелі оңалту жұмыстарын атқару.

2017 жылдан бері облыстағы діни бірлестіктердің саны 28-ге артты. Бұның сыртында 27 діни ғибадатхана құрылысы жүргізілуде. Өңірдегі халық санының артуымен қатар діни бірлестіктердің де өсу үрдісі Панфилов, Алакөл, Көксу, Қаратал, Ақсу аудандары мен Текелі қаласында байқалады. Сондықтан, діни бірлестіктердің заң талаптарымен қызмет етуі мен ғибадатханалардың талапқа сәйкес салынуы, заңды тіркелуі мен білікті мамандармен қамтылуы да өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.

Облыста Италия, Испания, Литва, Польша, Оңтүстік Корея, Мысыр, Ресей, АҚШ, Түркия мемлекеттерінен  29 миссионер тіркеуден өткен. Олардың 3 ислам, 10 рим-католик, 3 кришна, 4 протестанттық діни миссионерлер. Бұлардың қызметі белгіленген тәртіп негізінде атқарылады.

Шалғайда орналасқан елді мекендерге дейін барып нүктелі түрде оңалту және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында мультимедиялық техникалық базамен жабдықталған «РеРеамобиль» мен «РеИнформобиль» автокөліктерінің мүмкіндіктері нәтижелі жұмысқа қол жеткізді.

Бүгінгі күні Алматы облысында бастау алған осы жұмыстың жаңа форматы бүкіл Республикаға озат тәжірибе есебінде таратылуда. 2017 жылдан бері ақпараттық түсіндіру тобы мүшелерінің қатысуымен түрлі форматтағы 10904 іс-шара өтіп, облыс тұрғындарының 35 пайызы қамтылып отыр. Шара барысында орталықтың баспаханасынан 63000-ға жуық ақпараттық материалдар жарыққа шығып, таратылды. Әрине, түрлі дәстүрлі емес ағымдармен ақпараттық-түсіндіру, оңалту жұмыстарын жүргізудің бірыңғай әдісі әлі де қалыптасу керек.

Тағы бір мәселе, облыс шеңберінде еліміздің ең ірі мегаполисі – Алматы қаласының орналасуы – ішкі және сыртқы миграцияның белең алуына, сондай-ақ түрлі бағыттағы діни ағымдардың белсенділігіне жол ашып отырғандығы жасырын емес. Осыған орай, Оңалту орталығының Алматы өңірі бойынша секторы ашылды. Сектор бүгінге Алматы қаласына жақын  Қарасай, Жамбыл, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандары мен Қапшағай қаласында жедел әрі кешенді оңалту жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді.

Деструктивті және радикалды діни ұстанымдағы азаматтар көбіне маргиналды ортадан қалыптасып жатыр. Сондықтан теологиялық және психологиялық оңалту жұмыстарымен қатар, әлеуметтік бейімдеу жұмыстарына да ерекше мән беріледі. Әрбір ағым ұстанушысына әлеуметтік-психологиялық төлқұжат толтырылып, әлеуметтік-экономикалық, тұрмыстық мәселелері мен проблемалары нақтылануда. Қазіргі таңда әлеуметтік-психологиялық паспорттар базасын электронды форматқа көшіру жұмыстары қарастырылып  жатыр.

 

«Есігімді қаққан кім?»

Ағымдағы  жыл басынан Елбасы Н.Назарбаевтың және ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен ұйымдастырылған «Жусан-1, Жусан-2, Жусан-3» әлеуметтік операциясы негізінде елге қайтарылған өңір азаматтарымен Маңғыстау облысындағы карантиндік лагерьде Алматы облысының азаматтарымен алғашқы психологиялық коррекциялық жұмыстарын бір жарым ай көлемінде оңалту орталығының теолог-психологі  атқарып келді. Ендігі тұста жан-жақты қолдау, сонымен бірге психологиялық, медициналық, әлеуметтік, тұрмыстық, құқықтық және білім беру мәселелері бойынша жұмыстарды Ескелді, Қарасай, Панфилов, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарының әкімдіктерімен, білім, жұмыспен қамту, денсаулық, жастар саясаты және дін істері  басқармасымен бірлесіп атқару қажеттілігі тұр.

Орталық пен құзырлы құқық қорғау органдары, ішкі саясат, жастар, білім мен денсаулық сақтау басқармалары, Антитеррорлық комиссиялары мен әкімдіктер жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестермен өзара әрекеттесу алгоритмі жүйеленді. Аталған әрекеттесу алгоритмі енгізілуімен есепке алынған деструктивке шалдыққандар санының бір ретке келтіруіне, өзара қайшылықтардың алдын алуына қол жеткіздік.

Орталықта халыққа дін саласында психологиялық және құқықтық көмек көрсету бойынша сенім телефоны өз қызметін жалғастыруда. Сенім телефонына 32 хабарлама түсіп, мамандар тарапынан дұрыс және толық жауаптар берілді. Сенім телефонының қызметі мен жұмыс тәртібін бұқаралық ақпарат құралдары, яғни облыстық, аудандық газеттерге, «Жетісу» телеарнасының телемаркеті мен жүгіртпе жолына үздіксіз хабарламалар беру арқылы халықтың назарына жеткізілуде.

Бүгінгі күннің түйткілді мәселесінің бірі-дәстүрлі емес басқа діни ағымдарының алдын алу мақсатында Панфилов ауданының, Жаркент қаласындағы Д.Рақышев атындағы халық театры ұжымының екі бөлімді «Есігімді қаққан кім?» атты драмалық қойылымы кезекті гастрольдік сапарының кестесіне сәйкес ауданның елді-мекендеріндегі мәдениет үйлерін аралап, сахна төрінде өнерлерін көрсетті. Нәтижесінде, ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатқан діни ұстанымымыз –Әбу Ханифа мазхабы екенін, жат ағымның жетегіне түсіп кетсе, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасының қалай өзгеретіндігі көрсетіліп,  қойылымды 2900 көрермен тамашалады.

2018-ші жылдан бастап «Электронды Діни әдебиет» кітапханасы іске қосылып, тұтынушыларға ұсынылды. Жаңа және тез өзгеріп отыратын мобильді технологиямен қатар жүруге және барлық жастағы оқырмандардың Дін істері басқармасының кітапхана қызметін қолдануға түрткі болатын, оқырмандарға қосымша ақпарат ұсынудың тиімді әдісі, инновациялық технологиялар ретінде кітаптарды, авторларды насихаттауда көмек ретінде белсенді түрде QR кодтар пайдаланылады. Алматы облысы Дін істері басқармасы мобильді QR-код технологиясын қолдана отырып,  оқырмандарға діни әдебиеттердің электронды нұсқасын ұсынуда.

Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап http://pubhtml5.com/bookcase/umfe сілтемесінде Алматы облысы Дін істері басқармасының электронды кітапханасы құрылды. Аталмыш сілтемеге 150 діни әдебиеттер енгізіліп, статистика бойынша интернет пайдаланушылармен 422 рет қаралды.  Кітапхана қорында тәрбиелік мазмұн бағытында 1425 дана кітап жинақталған. Оның ішінде мәдени, тарихи танымдық бағыттағы әдебиеттер  32 дана, діни мазмұндағы әдебиеттер 1182 дана, 132 терминдік және тілдік сөздіктер, 79 құқықтық актілер жинағы бар.

                                                           Нұрила Бектемірова

«Qazaqstan dauiri» газетінен