ДІНГЕ ҚАЙШЫ, ДӘСТҮРГЕ ЖАТ ЗАҢ ЖОБАСЫ ҚАЗАҚҚА НЕ БЕРЕДІ?

Әй, қазағым — ай, еліктеуден алдыңа қара салмайсың — ау. «Өсер мал түстес келеді» демекші, үкіметің де өзің секілді – тыраш, әлем-жәлем дүниеге көз тігуге құмар. Болмыс — бітімін, дәстүр — салтын кейде тілі мен дінін де «Батыс десе» ұмытып кетуге бар. Ұлттық менталитетімізге жат дүниелерге өлердей құштарлық түптің – түбінде жарға соқпаса деймін. Талай менмін деген мемлекеттің іргетасының шетінеуіне көрсеқызарлық пен даңғойлық жеткенін кәрі тарих «айтып» жатыр. Оған құлақ асар кімің бар?

 

Жаһанға жіті көз тігіп отырғандықтан біреудің қаңсығын таңсық көретініне қарным ашады биліктің. Неге олай болды екен, ә? Ата-бабадан қан арқылы жалғасып келе жатқан ізгілік пен мейірімділіктің ауласына, азғындықтың ұрығын себудегі мақсат не? Ұлты жою ма, сөйтіп өздері беті ауған жаққа таю ма? 2020 жылдың аяғында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жынысын ауыстыратын заңды елге таныстырып, оны күткен жандарға «табыстырып» халықтың пікіріне құлақ аспай, шулаған жұртқа жаны ашымай, депутаттар да араша тұра алмай заң қабылданып кеткені бар. «Бақсақ бақа екен» демекші, бұл заңның сұлбасы баяғыдан бар болып шықты. Тұрмыс тауқыметін арқалаған жұрт Парламентте қандай заңның қабылданып, қандай заңның «сағымданып» бара жатқанын аңғармай да қалған секілді. Қазір тфә – тфә дейік, әлеуметтік желі халықтың көзін ашты. Қаламасаң да, анталаған жаңалықтар «қасыңа келіп» тұра қалады. Әйтеуір, ештеңе тындырмаса да аттанға ұран қосуға жақсы мүмкіндік туып тұр қазақтарға. Жоғарыда айттым ғой, біздің үкімет жылт еткен «жаңалықты» жібермейді деп. Аттыға еремін деп, жаяудың таңы айырылыпты дегенді олар оқымаған болар, оқыса да оған құрметі аз — ау. Әйтпесе дамыған мемлекеттерге еліктеуден арылар едік қой. Олар қайда, біз қайдамыз? Олардың даму қарқынына ілеспек түгілі, ілдебайлап әрең келеміз. Жердің асты мен үстінің байлығын айтқанда «тамағымыз ісіп», атын ешкім білмейтін аралдардан қарыз алып, әлі қайтара алмай жүргенімізді ұмытып кететініміз — ай осы. Жемқорлықтан Орта Азияда алғашқылардың сапында жүрсек те, кеудеміз асқақ, көңіліміз – дария. Тырышпыз, қатардан қалғымыз келмейді. Дініңе қайшы, дәстүріңе жат, діліңе бөтен, менталитетіңе ерсі – кәпірдің кәсібін, дінсіздің нәсібін Өзбек пен Қырғыздан бұрын қазақ қабылдауға үйренген. Себебі: Қазақ өркениетке ұмтылып жатыр. Сөйтіп жаһандануға жұтылуға жақын. Оған жүздеген мысал келтіруге болар. Бірақ одан не пайда! Кім халықтың зары мен жанын түсініп жатыр. «Ит үреді, керуен көшеді» дегенді билік те жақсы пайдаланып жүр емес пе. Бірнеше күн болды қазақ қоғамы у да шу. Кешегі ант берудегі депутаттардың іс-әрекетінен кейін, сол Парламент бекіткен «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс- қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заңына қатысты наразылық өршіп тұр. Халық арасында не шықса да Парламенттен шығады деген кекесін сөз пайда болды. Осының өзі – ақ заң шығарушы органның беделінің қаншалықты түскеніне жарқын дәлел. Ол беделді көтеру – ұлтшыл жаңа депутаттарға сын болмақ. Тілін «шайнап» жүргендерден қазаққа пайда жоқ. Сонымен қазақ халқын шошытқан, ертеңің не болады деп қорқытқан «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс- қимыл туралы» заңға оралайық. Бұл заң неге қоғамда резонанс туғызып жатыр? Бұл заң қазаққа несімен ұнамай тұр? Дамудың шыңына шыққан, біз баруға құмартатын, тұрмысына қызығатын Батыс пен АҚШ — та бұл заңның салтанат құрғанына қаншама жыл. Онда неге қазақ жатырқап отыр. Бірдеңені білмесе, бірдеңені сезбесе қойдан қоңыр, қозыдай моп-момақан қазақ бекерге шулай ма? Бірден айтайын, «Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы» заң жобасы талқылану үстінде. Әуелгі оқылымы мақұлданып та үлгерген сыңайлы. Кәсіби заңгерлердің жіті түсіндіруінің арқасында, заң жобасының өн бойындағы қаншама жасырынған жаулық пиғылдарды байқап жатырмыз. Ия, қоғамда зорлыққа ұшыраған әйел, қорлыққа ұшыраған бала жоқ емес. Оны біз де айыптаймыз. Айыптамақ түгілі, себебімен күресіп, қоғамды мейірімге шақырудан шаршаған емеспіз. Бірақ, ондай жағдай қай елде жоқ. Қазір қазақ қана емес, адамзат азғындықтың құрбанына айналуда. Мені қатты толғандыратыны: қазақ халқының менталитіне жат, түсінігіне ауыр, пайымына кереғар заңдарды «ана тілінен алыс» адамдар қазақ халқының атынан «шешіп жататындай» көрінеді. «Болар іс болып, бояуы сіңгеннен» кейін өкінгеннен, күрсінгеннен не пайда?

 

«ЗАҢ ДЕГЕНІМІЗ – ӨРМЕКШІНІҢ ТОРЫ: ӘЛСІЗДЕР ТҰТЫЛЫП, ӘЛДІЛЕР ҚҰТЫЛЫП КЕТЕ БЕРЕДІ»

Думан Бықай айтпақшы, бүгінгі қоғамда тым-тым орыстанып кеткен қазақтар «меншіктеп» алған мәселелер бар. Бұлар тумысынан қазақтілді аудиторияның позициясын құптамайды. Өздері ғана ойласатын дүниеге қазақтілді қауымның араласқанын қаламайды. Көріп жүрміз. Куә болғанбыз. Көзіміз жеткен. Мұндай деңгейдегі мәселелерді азғантай адамның талқысына тастай салу сауатсыздық. Заң жобасын талқылаған топта өңкей орыстілділер толып отыр. Әлгіндей заң жобасына қатысты мемтілді білмейтін, қазақ аудиториясының ой-пікірімен санаспайтын Немолчи ұйымының төрағасы Дина Таңсәрі мен Динара Сәтжанның төрелік айтатын құқы жоқ. Қазақтілді аудиторияның саны өсіп, сауаты артқан сайын мұндай конфликтілер көбейе түседі. Мұндай тақырыпты талқылауда қазақтілді ортаның дүниетанымын, пікірі мен принципін есепке алу керек. Маған қызығы осы заң жобасын талқылауға қазақтілді сарапшылар атсалысты ма, жоқ па?.. Біз айыртілді мемлекетте өмір сүреміз. Алдымыздан әркезде тілдік фактор шығып отырады. Біздің ала-құла қоғамда ала-құла заңдар қабылданады. Соның кесірінен түрлі конфликтілер туындайды. Мәселен мемтілді білмейтін Дина Таңсәрі қазақтілді ортаның осы тараптағы проблемасына құлақ аса алмайды. Ал бұл өте нәзік дүние. Түптеп келгенде мұндай заңды қабылдатуға мүдделі адамдар бұған Батыстың көзімен де қарап тұрған жоқ. Мұны орыстілді тәрбиемен байланыстыру керек. Ұлттық құндылықтан қол үзген, дәстүрден ажыраған аудиторияға қазақылықпен байланысты кез-келген дүние жат. Айтпақшы елді дүрліктірген «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс- қимыл туралы» заңды («О противодействии семейно-бытовому насилию») 2020 жылы 23 қыркүйекте бірінші оқылымда парламент қабылдап жіберген көрінеді. Әттең – ай дегізетіні қазақ танымына қарсы заңды дайындаған депутаттар арысында: Г. Әбдіхалықова, М. Бахтиярұлы, Д. Нукетаева, С.Сейдуманов, Б. Смағұл секілді ұлтына қорған болады қайраткерлердің жүруін –ай. Сенаттан жеткен заң жобасына атүсті қараған Мәжілістің (Бұрынғы) 26 депутаты да жауапкершіліктен қаша алмайды ешқашан. Тым болмаса солардың біреуі «Ей, ағайын, мына заң мемлекет құраушы елдің ата-бабадан келе жатқан сара жолына бөтен, түсінігіне ауыр. Егер біз бұл заңды қабылдап жіберсек, халықтың алғысын емес, қарғысын арқалаймыз. Сүйегімізге таңба, ұрпағымызға соққы. Сосын өзімізде бала өсіріп отырмыз, күні ертең біз қабылдаған заңның ауыр зардабы бумеранг секілді өзімізге тимесіне кім кепіл. Сол үшін де ойланайық, құрметті депутаттар» демегені көңілге күпті ой салып отыр.

Ең өкініштісі, ұлттың сөзін сөйлейді деген мәжілісімендердің тарағаны бар, орнын қайта «сақтап қалып» жарағаны бар, солардың тым құрыса біреуі елден кешірім сұрауға жарамады. Тек Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан ғана 31 арнаға берген сұхбатында бұл заңды атүсті қолдап жібергенін мойындады. — Ауырып тұрған соң бұл нәрсеге үңіле алмай қалып бірінші оқылымда біздің өзіміз қолдап жібердік. Ал негізі бұған қарсымын, — деп жауап берді Бекболат Тілеухан. Ал керек болса саған! Енді ағайынға түсінікті болу үшін қалың қазақ шошып отырған «Отбасылық-тұрмыстық зорлық — зомбылыққа қарсы іс — қимыл туралы» заңды саралап көрейікші? Заңды оқыған — тоқығаны мол юрист, болмаса тәжірибелі мамандар ғана талқылай алады. Жәй адамға ол судағы балықтай ұстатпайды. Балық демекші, менің есіме Жазушы Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» кітабындағы «Заң дегеніміз — өрмекшінің торы: Әлсіздер тұтылып, әлділер құтылып кете береді» дегені түсті заң жобасын қолыма алғанымда. «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасында Қазақстан жерінде ежелден келе жатқан отбасылық байланыстардың қасиеттілігі, үлкендерге құрмет, балаларға деген сүйіспеншілік пен қастерлі қарым-қатынас сияқты құндылықтарға «шабуыл» жасалыпты. Бұл дегеніңіз – ұлттық болмысты жоқ етуге бағытталған ұзақмерзімді жоспар болып жүрмесін! Бұл заң жобасының қауіптілігі мынада: Оны іске асыру заңмен тыйым салынбаған әрекеттерді зорлық-зомбылыққа жатқызу арқылы құқықтың қатарлас репрессиялық жүйесін құруды көздейді. Ата-аналардың балаларды өз сенімдеріне сәйкес тәрбиелеуге құқығы бар. Егер ата-ана заңды бұзса, онда оның әрекеттері әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастырылуы керек. Осы заң жобасында «зорлық-зомбылық» ұғымы әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық құрамына кірмейтін іс-әрекеттер ретінде енгізіледі. Бұл шынында қауіпті тенденция. Егер бұл заңның тағы басқа да «қыр-сырын» білгісі келгендер мына сайтқа кіріп оқыса болады. https://citizengo.org/ru/184760-zholdau-otbasylyk-turmystyk-zorlyk-zombylykka-karsy-kimyl-turaly-zan-zhobasy-ulken-kogamdyk?utm_source=fb&fbclid=IwAR3uDhAa5x2XJQEzjdaY5vrJA6JDbhEr8-wf39qUwm-_XnnwiZOAJHle6N4

 

БҰЛ ЗАҢ – ҮЙСІЗ — КҮЙСІЗ ҚАЗАҚТЫ МАЗАҚ ЕТУ!

Жұрт заң жобасы деп айтып жүрген, алайда Мәжіліс 2020 жылы 23 қыркүйекте 1-ші оқылымда мақұлдап тастаған «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын Парламенттен жедел қайтарып алуға ұлт болашағына алаңдаса Президент Қ. Тоқаевтың ғана шамасы жетеді. Өйткені қазіргі жайттың ушықпауы үшін қасындағы көмекшілері халықтың талап – тілегін оған жеткізді деген сенімдемін. Жасырып – жапса ұрпақ алдында қарабет болар күн жақын. Бұл заң — бізді оқ шығармай жаулауға, салт-дәстүрлеріміз бен әдеп-ғұрыптарымызға жасалған шабуыл! Журналист Төлен Тілеубай заң жобасына қатысты өз күдігін ашық айтыпты: 1.Заң жобасында «кәмелет жасқа толмаған адамның жыныстық әрекеті» деген сөз тіркестері бар. Бұл баласын сүндеттеген әкесінің әрекеті зорлық деген сөз. 3 немесе 4-5 жасқа толған баланы сүндеттеу — әр ата-ананың борышы. Мұның денсаулыққа, тазалыққа пайдасы зор. Сонда әкенің өз баласына жанашырлығынан, ұлттық ғұрыпқа адалдығынан қандай зорлық көріп тұрсыз? 2. Заң жобасында «психологиялық зорлық — адамның психикасына әдейі әсер ету» деген сөздер бар. Ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайтын кез-келген отбасындағы ұрыс, жанжал балаға психологиялық зорлық болып санала ма? Сонда ұятсыз жарнама, төсек қатынасын насихаттайтын бейнеклиптер, теріс қылықты көрсететін кинолар баланың психикасына әдейі әсер етуге жатпай ма? 3. Заң жобасында «баланы тамақтандырудан, киімнен, баспанадан шектеу — экономикалық зорлықтың бір түрі» деп жазыпты. Сонда ішерге асы, киерге киімі жоқ, басында баспанасы жоқ ата-аналардың бәрі зорлықшыл болып, балаларынан айрыла ма? Ол балалардың тағдыры не болмақ? Отбасыларды ойрандап, тірі жетімдер үйіндегі балалар санын көбейткеннен мемлекет не ұтады? 4. Заң жобасында баласын нұқып қалу былай тұрсын, жекіп сөйлегені үшін ата-аналық құқынан айрып, баланы үйден алып кетуге мүмкіндік берген. Сонда Ата Заңымыздағы: «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-анасының етене құқығы әрі міндеті» деп тайға таңба басқандай етіп жазылған 27-ші баптың 2-ші тармағы қайда қалады? Мемлекет әр отбасындағы жағдайды қатаң бақылайтын болса, отбасылық институтты өзі бұзбай ма? Бұл жерде Ата Заңымыздың 18-ші бабындағы «Әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абройының қорғалуына құқығы  бар» деген норма қайда қалады? Жасырып қайтейін, тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасы Қазақстанда әбден ушығып тұрған мәселе. Оны тек заң жобасымен ғана реттей аламыз. Әйтпесе «Бас –басына түйе айдаған» жұрттың бір мәмілеге келуі қиын. Әлеуметтік желілерде бұл мәселе үлкен резонанс тудырып жатыр. Елдің бір бөлігі заң жобасын мақұлдаймыз десе, бір бөлігі оған қарсы. Меніңше бөлініп, араздасып жатқанша, ортақ бір келісімге келгенге не жетер. Анықтап алатын бір нәрсе бар, ол бұл аталмыш заңның қолданыста жүргені. Жерден жеті қоян тапқандай шуылдап жүргендердің көпшілігі бұдан бейхабар. Өйткені халқымыздың көп бөлігі заңға шорқақ, сосын аттанға айқай қосып әлек. Ендігі біздің мақсат осы заңға, дәстүрге қайшы келетін тұстарына өзгерістер мен толықтырулар енгіздіруге күш салу ғана. Әйтпесе поезд баяғыда жүріп кеткен. Егер поезды тоқтатпасақ ұлттық құндылықты жайпап кететін түрі бар. Қазақ Еліне батыстан «көшіріліп» әкелінген, ата-ананы баласынан айыру туралы аты шулы да улы заң жобаның, біздің ата-бабадан жалғасып қалыптасқан салт-дәстүріміздің тамырына зиян келтіретін кейбір тармақтарын зерттеп, зерделеп жүрген белсенділерге менің де айтар алғысым шексіз! Сөздің турасын айтсам, заң тармағындағы әр баланың өз бөлмесі болу керек деген бапқа күлкім келді. Әй, депутаттар мен билік мүшелері!!! Қазақтың әр баласына бір бөлме тұрмақ, 10 баласы бар отбасында, ата-анасымен бірге санағанда, 12 адам бір бөлмеге тығылып отырғанын білмегендерің бе? Шуылдаған көп балалы аналардың пәтер сұрап Парламент пен Ақорданың алдына жиналғаны қалай естеріңнен шығып кетті? Егер шынымен – ақ батысқа еліктесеңдер, қазақты үйсіз — күйсіз қылмаңдар, содан кейін ғана мына заңды талқылауға рұқсат. Әйтпесе тауық қора жалдап, Алматы мен Астанада көшіп жүрген қазақтың ашуына тиесіңдер, қарақтарым! Бұл не заң?! Үйсіз-күйсіз жүрген қазақтан әр балаңа жеке бөлме бермесең, балаңды тартып аламын деу қандай сауатсыздық! Білімсіздік! Тексіздік! Қайтейін, үйі жоқтың күйі жоқ екенін шалқып өмір сүріп жатқан депутаттар мен шенеуніктер қайдан білсін, бірақ! Әлеуметтік желіге көз салсам, ашынған халық, тасынған халық. «Халықтың қанын қайната беретін кім ол? Қандай заңгер осы заңды қабылдамақшы? Биікте отырған министерлер, заңгерлер, депутаттар айға қарап отыр ма? Халықтың тыныштығын ойласа бұл заңды қабылдамасын. Мен 100% бұл заңға қарсымын» дейді біреуі.

«Не заң шығарарларын білмеген соң, шығара салған түрлері ғой. Әке мен Баланы бір — біріне айдап салған түрлері ме. Бала ғой қой деп айтпасаң, ұрса алмасаң несіне бала туамыз? Көк бет қыз, қайырымсыз ұл шықпай ма тәрбие жоқ жерден. «Баланы жастан, Қатынды бастан» деп бекер айтпаған шығар бабалар. Еріккенің ермегі ғой бұл заң. Келіспеймін мүлдем. Ештеме жоқ, таяқты жеп, ұрысты естіп өстік жаман болған жоқпыз, қайта Адам болдық» деп жазыпты екіншісі.

 

ҚАЗАҚТЫҢ ОТБАСЫЛЫҚ ӘБЕБІ – ӘЛЕМНІҢ ОЗЫҚ УНИВЕРСИТЕТТЕРІНЕН ЖОҒАРЫ!

«Басқаның бәрін түзеп, осы ғана қалып па? Ата-ана баласына дұрыс тәрбие бере алмаса, зардабын өзі тартады. Ертең-ақ өмір алдына келтіреді. Жетім-жесір онсыз да аз емес. Бұларға жетім балаларды көбейту не үшін қажет боп тұр? Шаш ал десе бас алатын роботтар дайындау үшін бе? Жоқ, әлде басқа ойлары бар ма? Біздің балаларымызды түзетпей-ақ, алдымен өз балаларын жөнге салып алсын. Көріп жүрміз…» деп жазыпты үшінші адам. Жәй ғана логикаға салайықшы, болмысы бөлек, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы басқа батыс жұртының дүние танымына негізделген заң нормаларын біздің елдің ұстанымына айландыру ұлтымыздың болашағына балта шапқанмен бірдей емес пе. Осыны ойлау үшін көп ақыл керек пе? Біздің депутаттар мен шенеуніктерге жетпей жатқаны ұлтжандылық қана болып тұр – ау шамасы. Мысалы қазақ халқының ата-бабалары ұстанған салт-дәстүрі мен шешендік сөздері, отбасылық тәрбие-тәлімі, ырым-тиымдарының барлығы үлкен әлемдік университеттердің беретін оқу білімінен жоғары! Асқақтатып айтсам: саналы білім мен парасаттылықтың озық мектебі. Мемлекет құрып отырған халықтың менталитетін зерттемей, мемлекет құраушылардың шылауында кету деген сүйекке таңба нәрсе ғой. Ұлттық болмысынан айырылып қалған батыс жұрты – қазір өткенін қайтара алмай аңырап жүр. Ал біздің билік пен парламент қолда бар алтынның қадіріне жетпей, ұлттық құндылығын жоқ етпекші. Сөздің реті келіп тұрғанда айта салайын, заңға қарсы шығушы бауырларым, ұлтты сақтайтын сені мен біз, (Биліктегілер бүгін бар, ертең жоқ) сондықтан әрқайсымыз отбасымызда қазақы тәрбиені, имани тәрбиені күшейтуіміз керек. Әкелер мен аналарға әр ауылда тренингтер жүргізіп, оларға мотивация беруіміз керек. Балалармен ғана емес, ата-аналармен де жұмысты түзеуіміз керек. Сонда ғана өзгеге сіңбейміз, күн сөнгенше сөнбейміз!

Билікті сынауға бәріміз құмармыз, бәлкім ол байғұстарды да «Түзу жолдан тайдыратын» сыртқы күштердің ықпалы бар шығар. Жалпы саясат деген – сайқалдың тірлігін жасау деп жатады ғой білетіндер. Осы жағынан да бір келіп, аянышпен қарағың келеді – ақ, бірақ, ұлттық мүдде деген ар-ождан ғой, оны сатып ешкім ұшпаққа шықпақ емес. Басқа – басқа, ұлттық тұтастық пен ұлттық құндылық саудаға түспеуі керектігін әлем кемеңгерлерінің бәрі өсиет етіп жазып қалдырды. Өзіміздің Асан қайғы мен Бұқар жырау да ұрпаққа үлгі етіп кетті. Елге үлгілі ісімен танымал Сараш Қоңырбаева ханым да біз қауіп еткен жайды былай толғапты. «Қашаннан айтып келемін: шетелдік ұйымдар қолдайтын қорларды елімізге кіргізуге болмайды. Мына заң — солардың ұсынысы. Кезінде менің «Қазақ аруы» пәніме де тиіскен солар еді. «Қазақ қыздары болашақ ана бола ма, болмай ма, өздері біледі, неге оларға отбасылық өмірге даярлықты оқытасыз?» деген сұрақ қойып, қарсы шыққан. Осындай аргумент бола ма? Елімізде бірнеше жыныстық ауытқушылығы бар адамдар бар, қызығы, сол қорлар соларды қолдайды. Себебі, олардың балалары болмайды. Тек шетелдік қордың тиын-тебенін ақтап арпылдап жүр». Бұл біздің білетінміз ғана, білмейтініміз қаншама. Олай болса бала құқығын қорғаған болып, ата-ананың құқын шектеуге тырысудың астарында үлкен мән бар. Елдік мүдде сөз болған жерде үнсіз қалуды ар көретін Мұхамеджан Тазабековте өз ойын ашық айтқаны ұнады маған. «Сондықтан ағайын, ел болып естияр сөз айтып, сайлаушылар атынан заңды түрде талап етпесек, тағы да бір үлкен опық жеуіміз мүмкін. Ант берген кезде екі ауыз сөздің өзін парықтай алмай тұрған депутаттар, бұл заңның ақ-қарасын ажыратпай өткізіп жіберуі де әбден мүмкін… Кәрі құрлық Еуропа да ертеде отбасылық құндылықтарды ардақтап, бес-алтыдан бала тауып, өзара мейірім-махаббатта ғұмыр кешкен. Кейіннен нәпсі қалауын алға шығарғандар мен эгоисттік мақсаты басым түскендер әр түрлі сылтауға сынық іздеп, адамзат жаратылысына қарсы заңдарды ойлап шығарды. Соның арқасында демография күрт түсіп, ата-ана мен бала-шаға бір шаңырақтың астында шүйіркелесіп өмір сүре алмайтын жағдайға жетті. Содан бастау алған құбылыстар құбыжықтанып, еркекпен еркек, қыз бен әйел көңіл қосатын хәлге жетті… Онсыз да ұлдарымыздан намыс кетіп, қыздарымыздан ұят жоғалып бара жатқанда, мына заң қабылданса, қатал қатігезге, туыс тас жүрекке, көрші арыз жазғыш ала ниетке айналуы мүмкін… Алладан ағайынға ынтымақ-береке, депутаттарға дегдар шешімдер, атқарушы билікке ынсап пен әділдік тілеймін. «Мәсінің қонышындай тар заманда, кебежедей көңілін кең сақтаған» ҚАЗАҚ боп қалайықшы, ағайын!» деді ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

 

ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ ЖОЛЫНДА ҰЙЫСАЙЫҚ АҒАЙЫН!

ТҮЙІН: Пандемия жағдайы біздегі отбасы институтының күйреп, шатқаяқтап тұрғанын айқындап берді. Дәстүрімізге — диверсия, санамызға — экспансия жасалуда. Біреудің қаңсығы бізге таңсық емес. Қазаққа қажетті заңды жат жұрттан көшірмей, қазақтың өзі жазуы тиіс. Дамыған елдердің заңы дейміз. Сол Еуропаң қызтеке мен әйелдің жұптасуын өлердей қорғайды. Бәлкім олардан қалмау үшін бізде жаңа заңды өндіріске енгізерміз. Арман Бердалин ақын айтпақшы, еркегі еркегіне үйленіп жатқан елдер «бала тәрбиесі» жөнінде біздерге үлгі болуға жарамайды. «Жеті жарғысын» жазып, ежелден тәртіппен жүрген біз заңға келгенде кімнен ақыл сұрағандаймыз. Зорлықты сылтау етіп, қорлықты көрсеткелі отырғандар осыны біле ме екен?! Өз балаң өзіңді сотқа сүйреп жүрсе, қорлық емей немене? «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасында қазақ халқының дәстүрлі бала тәрбиесі, отбасы, әулетке қатысты таным-түсініктері мүлдем ескерілмеген. Яғни ұлттық психологиясы, өмір сүру принціптері мен ұлттық менталитеті қалыс қалған. Осы ретте Азамат Битан баламның мына жазбасын қолдайтынымды білдіргім келеді: Құрметті Мәжілістің жаңарған құрамы! Құрметті халық қалаулылары!

1. Заң жобасын жасақтауға қатысқан әріптестеріңізді тоқтатыңыздар. Қазақ халқының салт-дәстүріне, ұлттық салт-санасына теріс келетін тараулар қайта қаралсын;

2. Сөзсіз, мен зорлық-зомбылықтың қандай да түріне болса да қарсымын, оған жол берілмеуі керек! Бірақ заң жобасына қатысты елдің ұсыныс-тілектері ескерілсін. Қажет болса, жұмыс тобының құрамы да қайта қаралсын;

3. Жұмыс тобының барлық әрекеттері БАҚ-та жариялансын. Елден ештеңені жасырмауды талап етемін;

4. Құжатты дайындаған Мәжіліс депутаттарының аты-жөндері

БАҚ-та жария етілсін. Заң жобасына қатысты брифинг жоспарланып, түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырсын; Сайлауға түскен партиялар! Халыққа берген уәделеріңізді іс жүзінде дәлелдейтін уақыт келді! Ең бірінші кезекте қазақ халқының мүддесін қорғаңыздар! Бұдан екі-үш жыл бұрын «Әлеуметтік желінің әлегі» деген мақала жазған болатынмын. Ол интернетте жүр. Оған қосымша мынана айтқым келеді: «Бүгінгі қарыштаған заманды ұялы телефонсыз, байланыс құралдарынсыз елестету әрине мүмкін емес. Жұмыста, көлік тізгінінде, тамақтану барысында, оқуда, мектепте, тіпті жылап жатқан баланы жұбату үшінде ұялы телефонды қолданатынымыз өтірік емес. Қолымыз босаса жалт етіп желіге кіріп, виртуалды әлемге толықтай бой алдырғанымыз өкінішті. Ал осы қайғы мен қуанышты бөлісетін әлеуметтік желінің бізге берер зардабы қанша? пайдасы қанша? Өз басым пайдасынан зияны көбірек екенін күнделікті өмірде кездестіретінім өтірік емес. Ал осы әлеуметтік желінің кесірінен тағдыры талқандалған адамдар қаншама?! Естіген бір бөлек, ал көзбен көрген бір бөлек. Сондықтан сіздерге сақтық мақсатында көріп-білген бірнеше оқиғаларды айтып, бір пайдамды тигізсем деймін. Ол үшін арнайы бір мақала жазбақ ойдамын. Айтпақшы, осы мақала жарыққа шығардың алдында жағымды бір жаңалықты құлағым шалды. Әлеуметтік желінің «құдіреті» болар халықтың жан — айқайы жоғарыға дүмпу болып жетіп жатқаны байқалады. Оған мына ақпараттағы мәлімет жарқын дәлел. «Отбасылық зорлық-зомбылық туралы» Заңдағы ұлт мүддесіне, ұлт құндылықтарына, менталитетімізге қайшы келетін 7 бап бар. Сол 7 бапты Заңға енгізуді ұсынып отырғандар ұлт мүддесінен алшақтаған, санасы батыстанған әйелдер тобы. Ұлттың мүддесін, ұлт құндылықтарын тәрк ететін сол 7 бапты Парламентте қолдамайтын депутаттар көппіз. Ол баптар өтпейді, өткізбейміз» депті бір сенатор. Бұл әрине «Жау кеткесін қылышыңды тезекке шаптың» кері ғой. Жалын күдірейтсе баяғыда қайда қалыпты. Қайтсін, сенатор «сырын айтамын деп шынын айтып» қалыпты рас болса. Халық қай кезде қате байлам жасапты: Биліктің кейбір тармақтарында да батыстың «ауруын» жұқтырған, соны ыммен ғана «ұқтырған» қаншама шенеунік жүр. Ал «санасы батыстанған әйелдер тобы» жайлы шырамытып отырмын. Олар осы заңның талқылауына қатысқан, қазақшылықтан жұрдай, батысшыл, ресейшіл кей адамдардың өліміне себепкер болуы ықтимал топ өкілдері. Қолымды нақты айғақтар болмағандықтан май отырмын. Бірақ шындық бүгін болмаса да ертең, бүрсүгіні бәрібір айтылады. Сонда ар сотына халық тартатын болады оларды. Осындай қысылтаяң шақтарда ел тағдырына алаңдап, Тоныкөк бабамыз айтқандай түнде ұйықтамай, күндіз қалғымай заңды зертеп – зерделеп жүрген Қазақстан ата-аналар одағының өкілі Бағила Балтабаева қызыма айтар алғысым зор.

 

 

Алла Тағала елім деп еңіреген қызымызды өзі қорғап, қолдасын! Ол аталған заң жобасының қазақ қоғамына келтірер зияны орасан деп шырылдап отыр. «Біздің үш айдан бері қазақ аудиториясына жеткізе алмай жүргеніміз осы. Құдайға шүкір, соңғы бір-екі күнде қазақтілді қоғам мәселемен танысты. Біз, Қазақстан ата-аналар одағы «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл» атты заң жобасынан түсініксіз баптардың көп екенін байқадық. Жалпы заң жобасы шикі. Мысалы, 5-бап, 11-тармағы; 36-бап, 6-тармағы; 41-баптың тармақтары күмән туғызады. Тізе берсем, көп», — дейді ол. Атап айтқанда 5-баптың 11 тармағында: «Адамның құқықтары мен бостандығына қысым жасайтын және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ықпал ететін әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерге жол бермеу», — делінген дейді белсенді.

Сондай –ақ Бағила Балтабаева баптың көздегені қандай әдет-ғұрып екені нақтыланбағанын алға тартады. «Сонда әдет-ғұрып дегеннің ішіне нақты қай салт-дәстүр кіреді? Ол тізімді кім жасайды? Депутаттар ма? Полиция ма? Бұл норманың қалай жұмыс істейтіні түсініксіз. Бұл заңның түп көздегені не? Себебі басқа заң бұзушылық әрекеттер Қылмыстық кодексте көрсетілген. Бұл отбасының ішкі ісіне қол сұғу ғана емес, қазақтың дәстүріне, болмысына, ежелден келе жатқан мәдениетіне қол сұғу деп білемін. Отбасындағы әйелдің құқығын қорғағымыз келсе, онда Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізейік, жетілдірейік. Сол үшін жаңа заң шығарудың қажеті жоқ», — дейді ол. Бұл түйінді сөз: айтқанымызға құлақ асып жатса, халықтың талабын ескеріп жатса Парламенттегі депутаттарға аманат! Аманатқа қиянат жоғын олар біледі деген ойдамын. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау: Мен жаңа сайланған депутаттардан үш мәселені шешуді сұраймын

: 1. Мемлекеттік тіл тек қана қазақ тілі болуын, сол үшін тынымсыз еңбек етулерін;

2. «Жыныс өзгерту туралы Заңның» күшін жоюды;

3. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы Заңды» әбден пісіріп алмай қабылдамауды;

4. Жерді шетелдіктерге сатпақ түгілі, жалға беруге;

Мұның бәрін ел болып талап етуіміз керек. Өйткені бұл айтылып отырған мәселелер ұлттық мүддеге қарсы келеді. Әрбір қазақ баласы үшін ұлттық мүддеден жоғары ештеңе жоқ. Аталған мәселелер шешілгенге дейін әрқайсымыз күнде қозғап, қоздатып, маздатып отыруымыз қажет. Бұл біздің бүгініміз, болашағымыз үшін қажет әрекет. Мақала сайтқа шығар алдында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы қоғамда қызу талқыға түсуде.

 

 

Бұл – орынды. Өзекті мәселелер кеңінен талқылануға тиіс. Оның нормаларын мұқият қарап барлық пікірлерді ескерген жөн. Басты міндетіміз – әйелдер мен балалар құқығын қорғау» деп жазды твиттер парақшасына. Демек, ел Президенті бәрінен хабардар. Олай болса елді дүрліктірген заң жобасы халықтың ыңғайына жығылып, салт-дәстүрлі қастерлейтініне сенейік! Ескерте кетейін, «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға «ерекше құштар» болған топтың, ондағы тіл мен ділден «алыс қонған» жандардың кесірінен және оған әлеуметтік желінің «дүмпуі» қосылып екі отбасы қасірет шеккенін айтқаным жөн. Өте аянышты жағдай бұл. Бір емес, екі отбасыны шарпыған қасіреттің зардабын екі періште, анасынан айрылып отыр..

Қазір журналистік зерттеу жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта «Ел Ана» сайты мен «Қазақстан дәуірі» газетінің кезекті шығарылымдарынан оқитын боласыздар, құрметті оқырман!

 

Сәуле Мешітбайқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері